Өнері үлгі, білімі құнды қобызшы
 Өнер – мәдени ізденісті талап ететін мұралар жиынтығы. Қазақ халқы ежелден өнерлі адамды сыйлап, құрмет көрсеткен. Өнерді қастерлеген. Бүгінде ғасырлар бойы үнімен елді сүйсіндірген қобыз аспабы – елдің мұң-мұқтажын, тарихты, қуанышты жеткізген киелі өнер мұрасы. Осы мұраны жас ұрпаққа үйретіп, білім нәрімен сусындатып жүрген Аманкелді ауылындағы өнер мектебінің қобызшысы Қалдыгүл Сейілханқызы өз оқушыларымен мақтанады.
Өнер – мәдени ізденісті талап ететін мұралар жиынтығы. Қазақ халқы ежелден өнерлі адамды сыйлап, құрмет көрсеткен. Өнерді қастерлеген. Бүгінде ғасырлар бойы үнімен елді сүйсіндірген қобыз аспабы – елдің мұң-мұқтажын, тарихты, қуанышты жеткізген киелі өнер мұрасы. Осы мұраны жас ұрпаққа үйретіп, білім нәрімен сусындатып жүрген Аманкелді ауылындағы өнер мектебінің қобызшысы Қалдыгүл Сейілханқызы өз оқушыларымен мақтанады.Өнерін ұстаздықпен ұштастырған Қалдыгүл Жұмаділдаева бала кезінен музыкалық аспаптарға жаны құмар болған. 11 жасында домбыра сыныбына барып, алғаш рет нота үйреніп бастаған. Одан кейін студент шағында қобыз аспабын үйреніп, қызығушылығы артқан. Музыкалық училищені аяқтаған кейін туған жеріне қызмет етуге Аманкелді ауылына келеді. Осы жақта 2-3 жыл өнер мектебінде қызмет атқарып, мектеп жұмысын тоқтатқаннан кейін қаладағы музыкалық колледждің оркестр қатарына қосылады. Көп ұзамай Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде қобызшы білімін жалғастырады. Жоғары оқу орнын үздік аяқтағаннан кейін қайта Аманкелді ауылына еңбек етуге бет бұрады.
– Оқуымды тәмамдағаннан кейін қайта туған жеріме оралдым. Өнер мектебі қайта жанданған шағы. Қобыз аспабын үйрету бойынша сабақ беремін. Ауылдың әр баласы талантты. Үйреткен оқушыларым бірте-бірте жетістіктерге жетіп, шыңдалуда. Алғашқылардың қатары болып, 2019 жылы оқушым Шідебай Қалима Алматы қаласында өткен жас музыканттар республикалық конкурсына қатысып, жүлделі І орынды жеңіп алды. Бұл оқушым қазір музыкалық колледждің 4-курсында прима қобыз аспабын оқып, жалғастырып жатыр, – дейді қобызшы Қалдыгүл.
Өз өнерін оқушыларымен бірге шыңдап жүрген аспап шеберінің қазіргі таңда талантты оқушылары аз емес. Осы жақында екі қобызшы шәкірті жетістікке жетіп аудан абыройын асқақтатты. Жас музыканттар конкурсының аудандық кезеңінде Айару Сейілхан бас жүлдені, Динара Нұрланқызы І орынды жеңіп алған. Екеуі де республикалық кезеңге тікелей жолдама алып, конкурс онлайн форматта өткен. Жұмыстарын бейнероликке түсіріп жолдаған. Нәтижесінде Айару Сейілхан республикалық кезеңнен жүлделі ІІІ орынды иеленіп, тәлімгерінің үмітін ақтады. Бұл Қалдыгүл Жұмаділдаеваның оқушыларымен жеткен жетістіктерінің бір бөлігі ғана. Осындай талантты жас өнерпаздарды дайындау үшін ең алдымен мықты күш-жігер керек. Баланың өнерге деген сүйіспеншілігін аша білген ұстаз әрдайым құрметке лайық. Осы тұста бірнеше жылдар бойы ұстаздық етіп келе жатқан Қалдыгүл Сейілханқызының өз алдына жеке дара жеткен жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Аудандық «Құрақтың Досжаны» оркестрімен бірге өнер көрсетеді. Сондай-ақ облыстық филармонияда «Тұрмағамбет» оркестрінде қобызшы. Осы жақында өткен облыстық «Алтын күз» мерекесінде облыс әкімі Н.Нәлібаевтың «Алғыс хатымен» марапатталған. Аудан әкімі, аудандық білім бөлімінен де марапаттары аз емес.
– Осы қобыздың арқасында Қазақстанның көп қаласын араладым. Тіпті шекара асып, Оңтүстік Кореяға екі рет, Өзбекстан астанасы Ташкентте болдым. Екі ұлым бар. Бірі әскери салада қызмет етсе, екіншісінің таңдаған мамандығы – медицина. Екі ұлымда өнерге жақын, – деді қобызшы.
Өнерімен елді сүйсінткен, білгенін оқушыларымен бөліскен Қалдыгүл Жұмаділдаева талантымен де, білім беру жолындағы өшпес ізімен де мықты тәлімгер. Өйткені қазақтың қобызын жұртшылыққа танытып, біршама өнерлі жас ұрпақты тәрбиелеуде. Оның бұл салаға сіңірген еңбегі орасан зор.











Пікір 1