Достық айтыс: төл өнер төрге озды

– Рухани құндылықтың қайнар көзі саналатын айтыс өнері қашанда биік тұғырдан түскен емес. Айтулы мереке қарсаңында облыс көлемінде біздің ауданда ғана ерекше форматта достық айтыс өтті. Аудан әкімінің қолдауымен, ауыл әкімінің үйлестіруімен мәні мен маңызы зор іс-шараны Ақжарма ауылдық мәдениет үйі ұйымдастырды. Айтысқа төрт ақын қатысып, сөз қағыстырып, ұлттық өнерді ұлықтады. Достық айтысты Сырдария ауданының Құрметті азаматы, айтыскер ақын Мамыр Байдәулетов жүргізіп, көрермен көзайымына айналды. Ағамыз салмақты, салиқалы әңгімесімен бірге сиясы кеппеген «Қарашоқы» өлеңін оқып беруі үлкен құрмет болды. Аламанның өз деңгейінде өтуіне атсалысқан жандарға, оның ішінде, демеушілік көрсеткен «Ақжарма және К» шаруашылығының директоры Алмат Қайратұлына, жоспарлы жұмыстарды үйлестіруге үлес қосқан Жадыра Бағдатқызына алғысымды білдіремін, – дейді Ақжарма ауылдық мәдениет үйінің директоры Айтмағанбет Темірханов.
Ата Заңымыздың мерейтойына арналған айтыста ауылдық мәдениет үйінің кіре берісінен бастап қойылған кітап көрмесі келушілерге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ көрерменге жайылған дастарқаннан дәм ұсынған ұлттық киімдегі қыздар мен қонақтарға қымыз-қымыран мен құрт-ірімшік, бүрмеқарын, нан жаппай ұсына отырып, әуелетіп ән салған әжелер ансамблі қазақылық қалпын сақтап, ерекше әсер қалдырды. Айтыстың ерекшелігі, тәуелсіз сарапшылар көрермен арасынан сайланды. Ауылға қонақ болып ат басын бұрған шағандық Зұлқарнай ақсақал, батыр ана, еңбек ардагері Зоя Нұғманова, ардагер-ұстаз Әбсәлім Ахмедияров тыңнан түрен салған ақындарға төрелік етті.
Достық айтысқа Ерасыл Бәйментай, Мұхамеджан Мансұров, Бекқанат Смайлов, Нұрахмет Мансұровтар жұп құрып қатысып, сұлу сөзбен салтанат құрды. Олар елдің, жердің жайын сөз етіп, келелі мәселелерді де шымшып өтті. Ақындардың сөз саптауынан дүбірлі додаға жоғары дайындықпен келгені аңғарылып тұрды. Төл өнерді төрге оздырған ақындарға «Ақжарма және К» шаруашылығының қаржылай сыйлығы табысталды.
– Халыққа айтыс керек. Әсіресе біз секілді егде жастағы ауыл тұрғындары ақындарды көріп, делебеміз қозып, жақсы әсер алдық. Айтыс – халық өмірін боямасыз, бұрмасыз жеткізіп, қоғамдағы «әттеген-ай» дейтін тұстардың да сыртын сырлап жеткізетін жанр. Ақындардың үн-әуені, домбыра сазы, табан астында құраған шумақтары тыңдаушысын елітіп әкетті. Қазіргі таңда айтыс өнері жақсы жолға қойылып отыр. Жыл көлемінде ауданда республикалық деңгейде айтыстар ұйымдастырылғаны есімізде, – дейді ауыл ақсақалы Әбсәлім Ахмедияров.
Жазушы Сәбит Мұқановтың айтыс өнері туралы «Рухани құндылықтар бастауының қайнар көзі – айтыс өлеңдері. «Айтыс
– халық өмірін бейнелейтін көркем әдебиет саласының бірі. Одан халықтың қуанышы да, қайғысы да, саяси-шаруашылық тұрмысы да, мәдениет дәрежесі де, замана идеологиясы да, әдет-ғұрпы да, жалпы, әлеуметтік және жеке адамдардың қарым-қатынастары да, заманына лайық өрбіген тартыстың формалары да көрінеді. Сондықтан айтыс жанрының тақырыптары әлденеше тарау болып бұтақталып кетеді, сол бұтақтардың бәрі халық тұрмысының шындығын біршама дұрыс та, дәл бейнелей алады» деген екен. Расында, ауыл халқына ерекше көңіл-күй сыйлаған айтыс жоғары дәрежеде өтті.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ