Төл өнер төрге озды

Республикалық айтысқа Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, облыстық халық шығармашылығын дамыту орталығының басшысы Жанат Құрамысова, Сырдария аудандық мәслихатының төрағасы Ержан Әжікенов, бұрынғы ҚР Білім, мәдениет, денсаулық сақтау саласының вице-министрі, қоғам қайраткері Рахымберген Құрманғалиұлы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик Бақберген Досманбетов, Қызылорда облысының және Сырдария ауданының құрметті азаматы Жақай Бодықбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген автомобиль саласының ардагері Әнуарбек Серікбаев, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Сәпен Аңсатов, жазушы, өлкетанушы Бигелді Тәжібаев, халық қалаулылары, ардагерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, жергілікті тұрғындар қатысты.
Республикалық айтыстың ашылу салтанатында аудан басшысы Берік Сәрменбаев сөз алып, көпшілікті Рамазан айымен құттықтап, талантты ақын Ұлбике Жангелдіқызының өнеріне тоқталды.
– Жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы, айтыс өнерінің хас шебері атанған Ұлбике Жангелдіқызының 200 жылдық мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысына қош келдіңіздер! 19 ғасырдағы қазақ халқының айтыс өнерін қозғағанда оның биік шыңындағы ақынымыз Ұлбике Жангелдіқызын бөліп айтамыз. Өйткені, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында артына өшпестей мұра қалдырған әйгілі ақын қайым айтыстың нақ үлгісін көрсетіп, дара дарынымен көпті тәнті ете білген. Ұлбике Жангелдіқызы 1825 жылы бүгінгі Сырдария ауданының Тереңөзек топырағында дүниеге келген. Қазақ зиялысы Мұхтар Әуезов «Жақсы ақын өз өмірбаянын өлеңмен жазып қалдырады» деп айтқандай, небәрі 24 жылдық ғұмырын ақын қыз шығармашылығында бейнелеген. Өз өлеңінде дарын иесі он екі жасқа дейін сөйлемей, тілі өлеңмен шыққанын айтады. Бұл туралы ақын өмірі мен шығармашылығын зерттеген Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Ұлбике өмірінде қара сөз сөйлемеген, біреуге жауап берсе де, біреуге әңгіме айтса да өлеңмен толғаған. Айтыскерлер төл өнеріміздің хас шебері атанған Ұлбике Жангелдіқызының өнерін жырға қосып, өлеңмен өрнектейді деп сенеміз. Ақындарымызға шалқар шабыт, жүйрік ой, өткір сөз тілеймін, – деді аудан басшысы.
Айтыс аламанында бақ сынаған ақындар қатарында Түркістаннан Бекарыс Шойбеков, Қарағандыдан Дидар Қамиев, Алматыдан Рүстем Қайыртай, Жамбылдан Алтынкүл Қасымбекова, Шымкенттен Біржан Байтуов, Қызылордадан Мұхтар Ниязов, Аралдан Бексұлтан Орынбасар, Шиеліден Ержан Әміров, Сырдариядан Мұхамеджан Мансұров пен Ерасыл Бәйментаев бар. Бір-бірімен сөз қағыстырған айтыстағы ақындардың өнеріне «Құрмет» орденінің иегері, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, қазылар алқасының төрағасы Мамыр Байдәулет, композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің, «Шапағат» медалінің иегері, Қызылорда облысының, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Рамазан Тайманов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Бекжан Әшірбаев, ақын, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Әбілқайыр Сыздықов, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы төрелік жасады.
Айтысты ең алдымен Бексұлтан Орынбасар мен Рүстем Қайыртайдың жұбы бастады. Аға-іні айтысында қазақы қалжың мен өзекті мәселе қамтылды. Ұлбике ақынның өнері ұлықталды. Қос ақын бала тәрбиесіне, аймақтағы бірқатар ауқымды жобаға тоқталып, сөз барымтасының шырайын келтірді. Қазіргі таңда жұмыссыздық жайында толымды ой өрбітті. Ал екінші Ерасыл Бәйментаев пен Дидар Камиевтің жұбында өнер саласындағы көптеген жайттар талқыланды. Ана тіліміздің мәртебесін көтеру – басты назарға қойылды. Қос өңірдің ақыны бір-бірімен жауаптасып, айтысқа өзгеше өң берді.
– Айтыс – алуан қырлы өнер. Айтулы іс-шараның өткізілуіне жауаптылық танытып, өз міндетімізге алғаннан кейін аз-кем қобалжыдық. Осыдан 20 жыл бұрын Ұлбике ақынның туғанына 180 жыл болған сәтте Жамбыл облысына үлкен ауқымы кең тағылымды іс-шара жүзеге асқан болатын. Міне, ақынның 200 жылдығы да, өз деңгейінде жүзеге асуда. Алдағы уақытта Ұлбике ақынның құрметіне арналған ауқымды жобалар жүзеге асырылады. Айтыстың өткізілуіне ықпал еткен облыс, аудан басшылығына алғыс айтамын! Біз қашанда есімі елге белгілі болған ақынның өнерін дәріптей береміз, – деді Рахымберген Құрманғалиұлы.
Үшінші жұпқа шыққан Біржан Байтуов пен Мұхамеджан Мансұров сахна төріне көтерілді. Жас ақын мен тіс қаққан адуынды жүйріктің айтысы көпшілік көңілінен шықты. Қос ақын аудан топырағынан шыққан талантты тұлғаларды тілге тиек етіп, олардың өміріне шолу жасады. Екі әйел алу тақырыбын қозғаған жас ақынға ағасы ұрымтал тұстан соққы беріп, көзқарасын танытты. Үш дүркін алтын домбыра иегері Мұхтар Ниязов пен Алтынкүл Қасымбекова жеңге мен қайнының айтысын көрсетіп, жарасымды әзіл, түйдек-түйдек орамды ой, мән-мағынасы терең сөз тіркесі халықтың жүрегінен орын тапты. Соңғы жұпта Бекарыс Шойбеков пен Ержан Әміров бір-бірін сынай айтысты. Сырдың жас қабыланы мен айтыстың арыстаны сөз бәйгесінде бір сәтке тоқтап қалған емес.
Айтыс барысында орамды ой мен сүбелі жарыс көрініс тапты. Биыл 103 жасқа келген Яхия Тасыровтың ерлігі ақындар өлеңіне арқау болды. Сонымен қатар жергілікті кәсіпкер, марқұм Расул Есеновтің елге жасаған еңбегі тілге тиек етілді. Сансызбай Сәдуақасов жетекшілік ететін отбасылық ансамбль аудан мерейін тасытып жүргендігі ерекше суреттелді.
Ән салса, «Сәдуақасов» ансамблі
Жаңғырып ел жадында үні қалған.
Сейфуллин Сәкеніме ауыл берген,
Ерлігіңді ешқашан ұмыта алман.
Ендеше бұл балаңа құшағыңды аш,
Жырым бар жүректерді жібіте алған.
Сарыарқамның сәлемін жеткізейін,
Көрпілдеп сары қымызға күбі толған, – деп жырлаған белгілі ақын Дидар Қамиев Майлықожаның термесі «Ана қадірін» тамылжыта орындады. Аудан өнерпаздары да жырдан шашу шашты. Күй тартыс та көпшіліктің делебесін қоздырды.
Қазылар алқасының шешімімен айтыстың бас бәйгесін Мұхтар Ниязов жеңіп алса, І орынды Бекарыс Шойбеков еншіледі. Қос екінші орынға Дидар Қамиев пен Алтынкүл Қасымбекова лайық деп танылса, ІІІ орынды Рүстем Қайыртай мен Біржан Байтуов иеленді. Барлық ақынға қаржылай сыйлық пен диплом тапсырылды.
Өз кезегінде айтыс қорытындысында сөз алған Бекжан Әшірбаев пен Жақай Бодықбаев ақындар өнеріне оң бағасын беріп, ұйымдастырушыларға ризашылық білдірді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ