Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Заманның заңғар тұлғасы, зерделі сөз зергері Замаддин өтті өмірден

Заманның заңғар тұлғасы, зерделі сөз зергері Замаддин өтті өмірден

Бүгін қазақ айтыс өнері орны толмас қазаға душар болды. Айтыскер-ақын, Сырдария ауданының Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Замаддин Ибадуллаев келместің кемесіне мініп, бақилық сапарға аттанды. Бұл бүтін бір облыстың мәдениеті мен әдебиеті, оның ішінде айтыс өнері мен жанашырлары үшін қайғылы хабар.
Айтыс өнерінің ақтаңгері атанған Замаддин Ибадуллаев 1939 жылы Сырдария ауданына қарасты Ақжарма ауылында дүниеге келген. Сыр сүлейлерінің жыр термелерін жастайынан зердесіне тоқып өскен талантты ақын Замаддин Ибадуллаевтың жалынды жастық шағы еңбек даласында өтті. Шаруашылықта еңбек ете жүріп, өлеңге деген құштарлығының арқасында ауылдағы той-томалақтың көрігін қыздырған дарынды ақын 1980 жылдан бастап айтыс сахнасынан көрінді. Жыр сүйер қауымға кестелі өлең арнап, айтыс өнерінің дамуына, оның ішінде өтірік айтыс жанрының жаңа белеске көтерілуіне айрықша үлес қосты. 1980-1983 жылдары ақынның есімі республикаға танылып, Талдықорған, Орал, Жезқазған, Шымкент, Павлодар қалаларында өткен айтыстарда топ жарды. 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысының жеңімпазы атанды. Мұнан бөлек 1986 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысында да абырой биігінен көрінді. 1996 жылы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығына арналған айтыста шиелілік ақын Мұхамеджан Тұрсановпен айтысынан кейін, Замаддин Ибадуллаев өтірік айтыс жанрының көрнекті өкіліне айналып, ел-халық ақынды «тазша бала» атап кетті. Бұл дарынды ақынға деген халықтың құрметі мен ықыласы және талантына берілген лайықты баға еді.
Ақын саналы ғұмырында «Ақжарма жырлар», «Жылдар мен жырлар», «Бағдары ауған пенделер» кітабын жарыққа шығарды. Облыс, аудан көлемінде атқарылатын іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты. Өнегелі өмір иесі жары Бибіхан апамызбен бірге 10 перзентті өмірге әкеліп, ұлды ұяғы, қызды қияға қондырды.
Бірнеше жыл ауылдағы «Басапа ишан» мешітінің имамы қызметін атқарып, елді имандылыққа, ізгілікке үндеді.
Ардақты ақынның шәкірттерінің өзі бір төбе. Олардың қатарында Мамыр Байдәулетов, Айдос Рахметов, Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұровтардың есімін ерекше атауға болады. Бұл ақынның айтыс өнерінің ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіліп, кеңінен таралуына қосқан үлесінің жарқын көрінісі.
Замаддин Ибадуллаевтың өңірдің әдебиеті мен мәдениетіне қосқан қажырлы еңбегі ескеріліп, «Ерен еңбегі үшін», «Ел ардақтысы», «Сырдария ауданының 90 жылдығы» медальдарымен марапатталды. 2019 жылы «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы беріліп, 80 жасқа толған мерейтойына орай облыстық деңгейде айтыс ұйымдастырылды. Бір сөзбен айтқанда, ақын артына баға жетпес мұра қалдырды.
Марқұмның ағайын-туысына, жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Иманы жолдас болсын!

Руслан РҮСТЕМОВ, 
Сырдария ауданының әкімі 

11 маусым 2020 ж. 926 0