Тірлігі көркем, жұмысы шираған шаруашылық
Жақында тілшілік жорықтың кезекті сапары Шаған ауылында жалғасын тапты. Тереңөзектен кейінгі үлкен елді мекен санатына жататын ауылда жерден ризық-несібесін терген диқан ағайын бар. Әрбір іске жұдырықтай жұмыла кететін шағандықтар ерте көктемнен бастап егін егу ісіне кірісіп кеткені белгілі. Тәжірибелі басшы Жеңісбек Сыздықов жетекшілік ететін «Шаған-жер» ЖШС-інде тыңдырымды істің куәгері атандық.Талай мәрте жолымыз түсіп жүрген шаруашылықтың егіс алқабын көзімізбен көру – басты мақсатымыз. Биыл 2200 гектарға күріш дақылын егетін шаруашылықта ауыз толтырып айтатын жаңалық көп. Мәселен, осы жылы 30 миллион тұратын диірменді іске қосқан шаруалар ауыл халқына 50 тонна күріш үлестірген. Заманауи технологиямен жабдықталған күріш ақтайтын диірмен қырмандағы қызу тірліктің қарқынын бәсеңдеткен емес.
– Қазіргі уақытта ел экономикасының дамуы мен ауыл шаруашылығы саласының өркендеуі – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан нақты қолдаудың нәтижесі деп білемін. Әсіресе, Сыр өңірінде күріш шаруашылығын дамытуға, диқандардың еңбегін қолдауға, су мәселесін реттеуге және ауыл инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстардың арқасында шаруалардың жұмысына серпін берілді. Біздің шаруашылық бүгінде белгіленген жерге күріш егіп, ауыл халқын тұрақты жұмыспен қамтып отырғаны мәлім. Бұл – тек шаруашылықтың ғана емес, тұтас ауылдың тыныс-тіршілігіне оң әсерін тигізіп отырған маңызды еңбек. Әрбір жұмысшының артында бір отбасы тұрғанын ескерсек, ауылдағы тұрақтылық пен берекенің негізі – еңбек екені анық. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, заманауи технологияларды енгізу, су үнемдеу тәсілдерін қолдану бағытында «Шаған» ЖШС-інде көптеген жұмыс атқарылып келеді. Мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі мен өңірдегі қолдау шаралары шаруалардың алға нық қадам жасауына мүмкіндік берді. Күріш – Сыр елінің басты бренді ғана емес, шағандықтардың қаншама жыл бойы айналысып келе жатқан кәсібінің жемісі. Диқаншылық – маңдай тер мен табандылықты талап ететін ауыр еңбек. Көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терім кезінде еңбек адамдарының бірлігі мен жауапкершілігі ерекше байқалады. Осындай сәттерде ауыл азаматтарының ынтымағы мен еңбекке деген адалдығына әрдайым ризашылығымды білдіремін. Біздің басты мақсатымыз – мол өнім алып қана қоймай, халықты жұмыспен қамтып, ауылдың әлеуметтік жағдайының жақсаруына үлес қосу, – деді Жеңісбек Шәкімбайұлы.

Әрине, күріш егудің машақаты шаш етектен. Бүгінде шаруашылыққа тиесілі жердің 1400 гектары тегістелген. 1000 гектар жер малаланған, 900 гектар жер тырмаланған. «Лидер» мен «Каурис» сұрыпын егетін шаруашылық 5 бригадаға бөлінген. Осы күні диқандар 800 гектарға күріш дақылын сепкен. Лазерлік тегістеудің арқасында жердің ұңғыл-шұңғылы қалыпқа келтірілген. Егістік басында келе жатып, егін егудің қыр-сырын жақсы білетін шаруашылық төрағасының орынбасары Жамбыл Тәуекелов біз біле бермейтін егін егудің ауыртпалығына тоқталды. Жалпы алғанда, Сыр өңірінде желдің көп болуы шаруаларға тиімді екен.
– Бүгінде күріш алқабына су жіберілуде. Сыр салысы суды көп қажет етеді. Судың деңгейі біркелкі болғанымен, күн райының ыстығы сақталса, судың тұзы қалқып шығады. Тұздың көбеюі күріштің шығымын азайтады. Мұндайда салқын ауа райы қалыптасып, жел тұрса, судың бетіндегі қаймақты ыдырата бастайды. Бүгінде сан түрлі дақылға зиянкес көп. Мәселен, 800 гектар жерге жоңышқа егіп отырмыз. Жоңышқада соңғы уақытта бір ауру пайда болды. Мұндайда біз зиянкестерден арылу үшін у сеуіп, емдеуге тырысамыз. Осы күні 110 гектар жерге ақ егіс егілді. 30 гектар жерде мақсарыны күтіп-баптаудамыз. Басшының орынбасары ретінде барлық жұмысты үйлестіру міндетіме кіреді. Тыңайтқышты, тұқымды дер кезінде жеткізуге жұмыс жасаймыз. Таң азанымен басталған жұмыс кешке дейін бәсеңдемейді, – дейді Жамбыл Тәуекелов.
Жыл сайын жаңа техника қоры жасақталып, тозығы жеткендерінен шаруашылық арылуда. Жаңа диірменде Нұрлан Жұмабеков, Қанымкүл Нұралиева секілді қарапайым еңбек адамдары жұмысты барынша жандандыруда. Егін алқабында су жаңа тракторлардың бірнешеуі жүйткіп, тұқым себуде. Аграрлық саланың өркендеуіне зор үлес қосып келе жатқан диқан қауымның су тапшылығына қарамастан жүйелі қызмет үлгісін көрсетіп келе жатқаны қуантады.
– Биылғы егіс науқанында да үлкен жауапкершілікпен жұмыс атқарып жатырмыз. Ауа райының құбылмалы жағдайына қарамастан, диқан қауымы мол өнім алу үшін аянбай еңбек етуде. Бұл – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосылған нақты үлес деп білемін. Алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы саласын дамыту, еңбек өнімділігін арттыру, жастарды еңбекке баулу және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстарымыз жалғаса береді. Себебі ауылдың дамуы – елдің дамуы. Ал еңбек адамы әрқашан құрметке лайық. Бүгінде шаруашылық тек өнім өндірумен ғана емес, ауылдың әлеуметтік дамуына да серпін беріп отыр. Жұмысшыларға тұрақты еңбек көзін қалыптастырып, елдің берекелі тіршілігінің сақталуына ықпал етуде. Бұл – ауылдағы ынтымақ пен тұрақтылықтың нақты көрінісі. Ертеректен келе жатқан ізгілікті істі, аға буын өкілдері салып кеткен сара жолды жалғастырудан жалыққан емеспіз. Күрішші, механизатор, бригадир, агроном, қырман қызметкерлері шаруашылықтың дамуына айрықша қолтаңбасын қалдыруда. Қырманда орналасқан жаңа диірмен тәулігіне 25 тонна күріш ақтауға қауқарлы, – деді шаруашылық төрағасы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ










