Ізгіліктің шарапаты
Сырдария ауданында өмір жолы өнегеге толы ардақты ардагерлерге құрмет көрсетуге әркез ерекше мән беріліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстың бір бөлігі – «AMANAT» партиясының да негізгі құндылығы және басым бағытының бірі саналады. Осы ретте аудан орталығынан шалғайда орналасқан Іңкәрдария ауылының қалыптасуы мен дамуына айрықша еңбек сіңірген еңбек ардагері, ауыл шаруашылығы саласының майталманы, ел ағасы Егізбай Исабаев пен ақ жаулықты ана Тұрсынай Абдуғалиеваға құрмет көрсетілді.Айта кетейік, Іңкәрдария ауылдық мәдениет үйінде ұйымдастырылған іс-шараға «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі Ақтөре Ибрагимұлы, Іңкәрдария ауылының әкімі Сәулет Есдәулетов, еңбек ардагерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Тағылымды кеште сөз алған Ақтөре Ибрагимұлы еңбек ардагерлерін құттықтап, аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың және «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартайдың құттықтауын табыстады.
– Біз – ардагерін ардақтап, қариясын құрметтей білетін, отбасын Отанның тірегіне санайтын текті елдің ұрпағымыз. Үлкен әулеттің берекесі, ырыс-несібесі болып отырған Сіздерге құрметіміз шексіз. Аудан басшысы Берік Әбдіғаппарұлы мен «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Нұртайұлы сәлемін жолдап, ізгі ниетін жеткізуде. Өмір жолдарыңыз бен еңбек жолдарыңыздан хабардармыз. Тоқсаныншы жылғы тоқырау кезеңінде күш-жігер танытып, елге тірек, ағайынға қамқор болған нағыз ерен еңбектің иесісіздер. Біріңізді ел ағасы деп құрмет тұтсақ, біріңізді берекелі шаңырақтың ырыс-құтын арттырған абзал ана деп сыйлаймыз. Сондықтан Сіздерге құрмет көрсетуге, басшылардың ыстық ықыласын жеткізуге, құттықтауын табыстауға арнайы келдік. Халқының аты да, даңқы да адал еңбекпен, береке-бірлікпен шыққан ауданымыздың ардақтысы болып, ғасыр ғұмыр жасауларыңызға тілектеспін! Мерейтойларыңыз құтты болсын! – деді Ақтөре Ибрагимұлы.
Өз кезегінде атқарушы хатшы ауыл әкімімен бірге қазақы үрдіспен ардақты азаматқа шапан, аяулы анаға қамзол мен ақ орамал жапты. Іс-шарада ауыл ардагерлері, мерейтой иесінің ағайын-туыстары сөз сөйлеп, ізгі тілектерін айтты. Іңкәрдария ауылдық клубының өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Еңбек ардагері Егізбай Исабаев пен Тұрсынай Абдуғалиева шынайы ризашылығын білдіріп, өткен күндерді ой елегінен өткізіп, естеліктерімен бөлісті. Олар адал ниетімен ақ батасын беріп, ел сенімін арқалаған аудан әкіміне және «AMANAT» партиясының жұмысына сәттілік тіледі.
– Біз жас күнімізден бастап ауыл өмірінен бір сәтке тысқары қалған емеспіз. Үздіксіз еңбектің арқасында нәтижелі жұмыс жасап, іргелі елді мекеннің жұмысын атқардық. Қашанда біздің замандастарымыз ізгіліктің, сыйластықтың, туған жерге адалдықтың туын жыққан емес. Әрине, бірлік бар жерде, көпшілік арасында тіл табысу болатыны жасырын емес. Тұрсынай екеумізге бар құрметін арнаған баршаңызға алғыстан басқа айтарым жоқ, – деді еңбек ардагері Егізбай Исабаев.
Кездесу соңында жиналған көпшілік қос ардагерге ақжарма тілегін жеткізді.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ










