Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Заңғар ақын ізін жалғады

Заңғар ақын ізін жалғады

Халқымыз бағасын анық беріп, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелетін өнегелі өнері­міздің бірі – айтыс. Кезіндегі Шөже, Балта, Орынбай, Кемпірбай, Тезекбай, Сүйінбай, Жамбыл, Түбек, Омарқұл, Тәбия, Мұрат, Сүгір, Жаскілең, Бала Омар, Біржан, Сара сияқты орақ тілді, от ауызды айтыс ақындарының салған жолы бүгінге дейін жетіп, ұлттық өнер ғана емес, қызыққа толы дода ретінде өз жалғасын тауып келеді. Сан ғасырдан бері жасап келе жатқан ұлттық өнеріміз замана көшімен жаңарып, жаңғыруда. Төл өнердің бірнеше жанры мен түрі бар. Оның ішінде өтірік өлеңге негізделген айтыстың да мәні зор.

Ауданда Сыр елінің бас ақыны, айтыскер ақын, өтірік өлеңнің хас шебері Замаддин Ибадуллаевты еске алуға арналған облыстық өтірік өлең айтысы өтті. Жыр додасы Сырдария ауданы әкімдігінің қолдауымен Қызылор­да облыстық халық шығармашылығы мәдени-продюсерлік орталығының және Ақжарма ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтті. Сүбелі сөз аламанын белгілі айтыскер ақын, «Құрмет» орденінің ие­гері, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы» Мамыр Байдәулетов жүргізді. Ал ақындар шабытына мәдениет саласының ардагері, ауылдық қоғамдық кеңестің төрағасы Құдай­берген Шыманов, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, халықаралық дәрежедегі айтыс­кер ақын Мұхтар Ниязов пен айтыскер ақын, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Ха­­лық­­аралық Одағының Қызылорда филиа­­лы бойынша төрағасы, қазылар алқасының мүшесі Нұрмат Мансұров әділ төрелік жасады.

Айтыстың ашылуында аудан әкімі Берік Сәрменбаев сөз сөйлеп, халықты жырмен су­сындатуға келген ақындарға сәттілік тіледі. Сонымен қатар зерделі сөз зергері Замаддин Ибадуллаев туралы еске алып, осындай айтыс додасының алдағы уақытта да жалғас табатынын айтты.

– Айтыс – қазақ халқы үшін ұлттық құн­дылыққа айналып үлгерген өнер түрі. Оны қазақтың төл өнері деп мақтанамыз. Хал­қымыз «айтыс» десе ішкен асын жерге қоятыны содан. Сыр өңірінің сөз өнерін айт­қанда ойымызға бірден айтыстың ақтаңгері болып өткен Замаддин Ибадуллаев түседі. Айтыс өнерінде өзіндік із қалдырған Замаддин Ибадуллаев осы Ақжарма ауылында туып, Сыр сүлейлерінің жыр-термелерін жаттап өс­кен. Ақынның көзі тірісінде «Ақжарма жырлар», «Жылдар мен жырлар», «Бағдары ауған пенделер» деп аталатын кітаптары жарыққа шықты. Көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Бү­гінде еліміздің, Сыр өңірінің намысын қорғап жүрген ақындар Замаддин Ибадуллаевтан бата алған. Заңғар ақын 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысын­да жеңімпаз болды. 1986 жылы Алматы қа­ла­сында ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысында топ жарды. Өтірік өлең айтысының үлгісін көрсетіп, елімізге белгілі болды. Бүгін міне, қасиетті Ақжарма ауылында, заңғар ақын туған топырақта Сыр елінің бас ақынын еске алуға арналған облыстық жас ақындар айтысы өткізіліп отыр. Бұл – айтыс өнерінің хас шебері бола білген заңғар ақынға деген құрметіміз. Оның шабытты жырлары, артында қалдырған мол мұрасы еш ұмы­тылмайтыны анық, – деген аудан басшысы арқалы ақындарға шырқау шабыт тіледі.

Содан кейін кестелі сөз өрнегімен халық­тың айтысқа деген шөлін қандыру үшін кезек ақындарға берілді. Айтысқа Қызылорда қаласы мен бес ауданнан сегіз ақын қатысып, өтірік өлеңге үлкен астар сыйғызып, көрер­меннің ыстық ықыласына бөленді. «Тазшаның аманатын арқаладым» деген тақырыпты ар­қау еткен айтыста ақындар Замаддин Иба­дуллаев салған соқпақ жолмен өтірік өлең­нің өрнегін көрсете білді. Айшықты сөз өр­­нектерін орынды қолданып тыңдарманның де­­лебесін қоздырған ақындар аудандағы же­тістіктер мен келелі мәселелерді де жырға қосты. Облыстық ақындар айтысында сегіз қатысушы төрт жұп құрды. Сырдариялық ақын Мұхамеджан Мансұров пен Шиелі ау­данының ақыны Бекжан Ержігіт алғашқы жұп болды. Одан кейін қармақшылық Сырым Әділбеков пен қызылордалық Мөлдір Айтбай кестелі сөз өрнегін құрды. Үшінші жұп қар­мақшылық Тұрар Бекмырза мен қазалылық Бекзат Серіков болса, айтысты қорытындылау аралдық Бексұлтан Орынбасаров пен Сырдария ауданының намысын қорғаған Ерасыл Байментай жұбына бұйырды. Ал ақтық бәсекеге үздіктерден іріктелген екі жұп қатысты. Олар Бексұлтан мен Бекзат жұбы және Мөлдір мен Ерасыл жұбы.

Сүбелі сөз сайысын қорытындылау қазылар алқасына оңай болмағаны анық. Себебі бірінен бірі оза шауып, жалындап тұрған жастардың таланты мен дарыны көпшілікті тәнті етті. Өтірік өлеңдер айтысының қорытындысы бо­йынша бас бәйгені сырдариялық ақын Ерасыл Байментай жеңіп алды. Айта кетейік, Ерасыл – Ақжарма ауылының тумасы, заңғар ақынның шәкірті. Ал жүлделі бірінші орынды Арал ауданының намысын қорғаған Бек­сұлтан Орынбасаров, екінші орынды Қы­зыл­орда қаласынан келген Мөлдір Айтбай, ал үшінші орынды қазалылық Бекзат Серіков ие­ленді. Сонымен қатар, айтысқа қатысушы ақындар Шиелі ауданынан келген Бекжан Ер­жігіт, Қармақшы ауданынан Тұрар Бекмырзаев пен Сырым Әділбеков, Сырдария ауданынан Мұхамеджан Мансұровқа ынталандыру сыйлықақы берілді.

Аламанның Ақжарма ауылында өтуі де тегіннен тегін емес. Заңғар ақын Замаддин Ибадуллаев – осы ауылдың тумасы. Айтыс өнерінің ақтаңгері атанған Замаддин Иба­­дул­лаев 1939 жылы Сырдария ауданына қарасты Ақжарма ауылында дүниеге келген. Сыр сүлейлерінің жыр термелерін жас­тайынан зердесіне тоқып өскен талантты ақын Замаддин Ибадуллаевтың жалынды жастық шағы еңбек даласында өткен. Ша­­руа­шылықта еңбек ете жүріп, өлеңге деген құштарлығының арқасында ауылдағы той-то­малақтың көрігін қыздырған дарынды ақын 1980 жылдан бастап айтыс сахнасынан көрінген. Жырсүйер қауымға кестелі өлең арнап, айтыс өнерінің дамуына, оның ішінде өтірік айтыс жанрының жаңа белес­ке көтерілуіне айрықша үлес қосқан. Замаддин Ибадуллаевтың өңірдің әдебиеті мен мә­дениетіне қосқан қажырлы еңбегі ескеріліп, «Ерен еңбегі үшін», «Ел ардақтысы», «Сырдария ауданының 90 жылдығы» медальдарымен марапатталған. 2019 жылы «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы беріліп, 80 жасқа толған мерейтойына орай облыстық деңгейде айтыс ұйымдастырылғанын да айта кету орынды. Бір сөзбен айтқанда, ақын артына баға жетпес мұра қалдырды. Ардақты ақынның шәкірттерінің өзі бір төбе. Олардың қатарында Мамыр Байдәулетов, Айдос Рахметов, Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұровтардың есімін ерекше атауға болады. Бұл ақынның айтыс өнерінің ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіліп, кеңінен таралуына қосқан үлесінің жарқын көрінісі. Артына өшпес үлгі-өнеге қалдырған ақын 2020 жылы дүниеден озды.

– Бұл айтыс өтірік өлең айтысы болған­дықтан кәдімгі айтыстардан өзгеше болды. Замаддин атамыз айтыста сол кездегі қоғам­дағы ысырапшылдық пен экологияны, Арал теңізінің тартылып бара жатқанын, теңіз суы азайған соң балықтарының жойылып бара жатқанын, бәрін керісінше өтірік өлеңмен жет­кізген.
Мысалы:
Аралға Сырдың суы сыймаған соң
Амалын таппай елім сасып жатыр.
Балықтар Аралдағы үріккеннен
Лек-лек боп Қапшағайға қашып жатыр деп күрмеуі қиын мәселені қалай жет­кіз­ген десеңізші?! Өтірік өлең айтысы болған­дық­тан ақындар жаңа бір серпінмен жырлады. Қоғамдағы өзекті мәселелерді негіздеп өтіріктен өлең өріп көрермендер көңілінен шы­ғып отырды. Жалпы айтқанда, керемет айтыс өтті. Ақындардың шабытын шыңдап, көрер­менді бір желпіндірген айтысты ұйым­дастыруға мұрындық болған жандарға және демеушілік қолдау көрсеткен ақынның ұр­пақтары мен «Ақжарма 2» шаруашылығының төрағасы Марат Бисенов аға мен осы айтыс­ты ұйымдастырып, жүлде қорын ұйымдас­ты­руға зор үлес қосқан Сырдария ауданы әкі­мінің салалық орын­басары Димаш Серік­бай­­ұлына алғысымды білдіремін, – дейді Ақ­жар­ма ауылдық мәдениет үйінің директоры Айт­мағанбет Темірханов.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
16 шілде 2023 ж. 150 0