ДӘСТҮРЛІ ӨНЕРДІҢ ЖАҢҒЫРТУШЫСЫ
Қазақ – уәжді сөзге тоқтаған халық. Оның жарқын мысалы – айтыс өнері. Сахнаға сайысқа шыққан ақындардың сөз өнерін беріле тамашаламайтындар кемде-кем. Айтыстан рухани ләззат алатынымыз айдан анық. Кеңес өкіметі тұсының өзінде айтыстың отын маздатқан Замаддин Ибадуллаевты бүкіл ел біледі. Зәкең қандай тақырыпқа болмасын тапқырлық танытып, аяқ астынан суырып салатын талант иесі. Оның ақындығының шыңы айтыс. Өйткені, айтыс ақындық өнердің ең жоғарғы мектебі. Ол өтірік айтыс өнерінің үлкен шебері. Ауданда, облыста, республикада белгілі ақындармен сөз сайысына түсіп, жүлделі орындарға ие болған. Айтыс өнерінің жүйріктері атанған шымкенттік Мұхтар Құралов, Әселхан Қалыбекова, оралдық Қатимулла Бердіғалиев, жамбылдық Шорабек Айдаровпен айтысып, жеңіске жеткен. Қай айтыста болмасын қарсыласын өткір қалжың сөзбен түйреп, ұтқыр жауаппен ойын түйіндеп отырады. Ол 1979 жылдан бастап 1996 жылға дейін өткізілген облыстық, республикалық ақындар айтысына қатысқан. 1985 жылы Алматы қаласында өткізілген ІІІ республикалық ақындар айтысында өтірік айтыс бойынша қарсылас шақ келтірмей, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Ал 1987 жылы ІІ Бүкілодақтық көркемөнерпаздар фестивалінің лауреаты атанды. Зәкең арқалы ақындығымен қатар жыршы-термешілікті де қатар алып келеді. Ақын Ұлы Жеңістің 55 жылдығына арналған «Үш мұңлық», «Түлкібай батыр» тарихи дастанын, «Хазіретәлінің бір күні», «Наурыз көже» туралы, «Әкесін арқалаған бала» дастандарының, «Ақжарма жырлар», «Жылдар мен жырлар» кітаптарының авторы. Осы дастандарды ел алдында шырқап, жұртшылыққа рухани қуат сыйлаған жыршы да. Сыр өнерінің айтыс салтанатын сәндеп жүрген республикаға танымал айтыс ақынының көп жылғы еңбегі бағаланып, Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 24 қазандағы №473 санды Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. 2007 жылы облыс әкімінің степендианты атанса, 2008 жылы Сырдария ауданының 80 жылдық және Қызылорда облысының 70 жылдық мерекелік медалімен марапатталды. Ал, 2011 жылы Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткізілген облыстық «Елім менің» шығармашылық конкурсының қорытындысы бойынша «Үздік ақын» номинациясын иеленіп, ақшалай сыйлыққа ие болды.
Ауданнан шыққан көптеген айтыскер ақындар Зәкеңді өзіне ұстаз санайды. Сонымен қатар ол облыстық, республикалық айтыстарға қазылық етіп, жас таланттардың бағының ашылуына атсалысып келеді. Қазіргідей рухани жаңғыру кезеңінде тәжірибелі айтыскер ақынның жас ақындардың жарқырап көрінуіне тигізіп отырған ықпалы да зор. З.Ибадуллаев Сырдария ауданының 90 жылдығына орай өткізілген аламан айтысқа қазылық етіп, жас ақындардың тәуелсіздігімізді, еліміздің рухани жаңғыруын жырға қосқанына жоғары баға берді. «Ел іші, өнер кеніші» дегендей З.Ибадуллаев елдің арасынан шыққан тума талант саналады. Келесі жылы сексеннің сеңгіріне келетін қарт ақын қазір де тұғырдан түспей, ауыл тұрғындарын имандылыққа баулып, дәмді жырымен елді сусындатып келеді.
Ш.БАЛТАБАЙҰЛЫ