Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№79 газет

05 қазан 2024 ж.

№ 78 газет

01 қазан 2024 ж.

№ 77 газет

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » » Ауылдың өнерлі әжелері

Ауылдың өнерлі әжелері

Әр отбасының шаңырағына салт-сана, әдет-ғұрып негіздерінің нәрін сіңіретін – ақ жаулықты әжелеріміз. Ақ жаулықты әжелер өнері, мектебі, олардың өнегесі – бүгінгі қоғамда баға жетпес байлық, өскелең ұрпаққа тәрбие құралы. Жақсы мен жайсанның киелі ордасына айналған Қалжан ахун ауылдық клубының жанынан құрылған «Ақ әжелер» ансамблінің әжелері мәдениет пен руханияттың дамуына өзіндік үлесін қосып, әуезді әсем әуендерімен дәстүрлі ән өнерін жандандырып келе жатқанына биыл – 17 жыл.

Ең алғаш 2007 жылы құрылып, ха­лық­қа мәдени қызмет көрсетіп жүрген «Ақ әжелер» ансамблінің құрамында бүгінгі таңда 10 өнерпаз бар. Өнерлі әжелеріміз жыл сайын аудандық, облыс­тық, республикалық түрлі байқауға қаты­сып, ауыл мәдениетінің дамуына, кеңге қанат жайып өсіп-өркендеуіне үлес қо­сып жүр. Үнемі клуб қызметкерлерінің ұйым­дастыруымен түрлі мәдени көпшілік іс-шараларға белсене қаты­сып, өнерлерін көрсетіп жүрген әже­лерден құралған ансамбльдің сүйе­мел­деушісі әрі жетекшісі – Гүлжайна Иманқұлова. Халықтық өнер ұжымы – жылдар бойы өнері мен шығар­машылық шыңдалу мен өрлеуі арқасында ауыл халқының жүрегінен жол тапқан ша­ғын топ. Әжелерден құралған ұжым­ның әрбір мүшесі ансамбльдің қалыптасуына зор еңбегін сіңіріп келеді.

«Ақ әжелер» ансамблі сахнадағы әрбір халықпен қауышу сәтінде өнерге деген шынайы сүйіс­пеншілігін дәлелдеп, әр орын­дайтын шығар­масы­на зор жауап­кершілікпен қарап, әркез жаңарып отырады. Өнерлі әжелер же­ке орындаушылық шебер­лігімен қа­тар ансамбльмен екі дауыста ән айту шеберлігі қалыптасқан ұжым. Ақ әжелер ұлттық салт-дәстүрдің қаймағы болып саналатын нәрестені дүниеге келгеннен бастап ат қою, бесікке салу, тұсау кесу, үйлену той­ларын өткізіп, кейінгі ұрпақ бойында ұлттық рухтың бүр жаруы үшін күш-жігерін жұмсауда. Ұлттық өнер­дің ұмыт бола бастаған – киіз басу, ши тоқу, сырмақ тоқу, көрпе-көрпеше, жас­тардың жасауын жасаудан бастап, ұлттық тағам түрлерін дайындау, киіз үйді жабдықтауға дейінгі барлық жөн жоралғыларды жаңғыртуға үлес қосуда. Ұжым «Сыр сұлуы» әні­нен басталатын әндерден бастап, «Ай­қаракөз», «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Ақ­жайнақ» сияқты халық әндері мен «Туған ел» Ө.Байділдаев, «Бейбітшілік сақталады» Ә.Еспаевтің ән­де­ріне ұласқан патриоттық бағыттағы ән­­дерді орындау шеберлігін шыңдаған ұжым. Ж.Ыдырысова, Ж.Ділдебаева, К.Төлегенова, Р.Нұрманова, Ж.Са­рие­ва сынды жеке дауыстағы әжелер өнер ұжымының дамуына ерекше үлес қосқан нағыз өнерпаздар. Жетекшісі – Р.Құлмағанбетова.

Түрлі деңгейдегі байқауларға қаты­сып, белсенділік танытатын өнерлі әже­лер ансамблінің бүгінде жеткен жетіс­тіктері мен алған мара­паттары жетерлік. Атап айт­қанда, Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде салт-дәстүрді дәріптеу мақ­сатында ұйым­дастырылған «Ұр­пақтар са­бақ­тастығы» атты жобаға арнайы үш мәрте шақырту алған бола­тын. Жоба барысында ұршық иіру, жүн түту, құрақ құрау, тоқыма тоқу сын­ды қолөнер бұйымдарының жа­салу жол­дарын түсіндіре отырып, шет елден ке­ген қонақтарға халық әндерін шырқап, өз еңбегімен тіккен қоржынын Жұмакүл Ыдырысова әжеміз шетелдік қонаққа табыс етіп, білім алушыларға ақ баталарын берді. Әжелеріміз Сыр елінің нағыз өнер кеніші екенін сөзсіз дәлелдей түсті. Одан бөлек «Өнер – өшпес қа­зына» атты аудандық ардагерлер ара­сындағы ұмытылып бара жатқан ескі әндерді орындау байқауына Рыскүл Құлмағанбетова қатысып, алғыс хат ие­ленді. «Жасымыз да кәріміз, өнерліміз бәріміз» әже мен немере арасындағы аудандық сайысқа Қыдыркүл Әбілова не­ме­ресі Гүлімай Ақназармен қатысып, ІІІ орынды қанжығасына байлады. 1 қа­­­­зан – қарттар күніне орай өткі­зіл­ген «Қазыналы қартым бар» атты байқауға Күнсая Төлегенова қатысып, алғыс хатпен марапатталды. Аудандық мәдениет үйін­де өткізілген «Анасын ардақтаған ел азбайды» атты әжелер ансамбльдерінің аудандық байқауына «Ақ әжелер» ан­самблі қатысып, алғыс хатқа ие болды. «Әжем айтқан ертегі» атты әже мен не­ме­ре арасында өткен байқауға Балтөре Мамаева немересі Гүлдерай Серікбай­мен және Жұмагул Ыдырысова неме­ресі Жания Нұрланқызымен қаты­сып, алғыс хатпен марапатталды. Қазақ­стан­­ның халық әртісі, композитор Ш.Қалдаяқовтың әндерін орындаушылар арасында «Әнімен әр жүректі әлдилеген» атты аудандық жұптық ән байқауына Г.Иманқұл мен Э.Асқарова қатысып, жүлделі І орынмен марапатталды.

Шаңырақтың шежіресін шертіп, аға­йын-туыстың татулығын сақтауға сеп­ті­гін тигізетін, әулеттегі абысын-ажындардың ақыл­шысы болып, жас келін­дерді тәр­бие­лейтін, немере-шөбере­лерін алды­на алып, ауыз әдебиетінің ертегі-жырларын айтар асыл әжелер бүгінде ауда­нымыздың мәдениетін жан­дан­дырып, өздерінің өнерін халыққа паш етіп келеді.


Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
10 қыркүйек 2024 ж. 409 0