Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№93 газет

06 желтоқсан 2025 ж.

№92 газет

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 газет

29 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Заң мен тәртіп – бейбіт өмір кепілі

Заң мен тәртіп – бейбіт өмір кепілі

Заңдылық пен құқық қорғау – прокуратура қызметінің басты бағыттарының бірі. Прокуратура органдары заңдылықтың сақталуын қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қағиданы қатаң ұстанатын сала мамандарының қоғамдағы рөлі мен маңызы орасан. 6 желтоқсан – Прокуратура органдарының күні. Осы орайда аудан прокуроры Абай Әлімбаевпен әңгімелестік.

– Абай Мұхтарұлы, кәсіби ме­ре­келеріңізбен құттықтаймын. Про­­куратура органдарының қыз­ме­ті несімен ерекшеленеді?

– Қоғамда тәртіп пен тұрақ­ты­лықтың сақталуы – ел дамуының негізгі алғышарты. Прокуратура құ­қық қорғау жүйесінің алдыңғы қа­тарлы институттарының біріне айналды. Бұл сала адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен заң­ды мүдделерінің тиімді қорғалуын қам­тамасыз ету жөніндегі маңызды құ­қықтық институт ретінде мемлекеттік билік жүйесінде ерекше орын алады. Жалпы айтқанда әділетті мемлекет құру – ең маңызды бастама. Осы орайда Мемлекет басшысы әркез халыққа арнаған Жолдауларында әділетті мемлекет, таза қоғам құрудың маңызын айтып келеді. «Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді. Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Сая­си және қоғамдық болмысымыз, мен­талитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр» деді Президент өз сөзінде. Ал әділетті қоғам құруда прокуратура қызметі заңдылық пен құқықты қамтамасыз етеді. Орган қызметкерлерінің жоғары кәсіп­қойлығы, өз ісіне адалдығы мен жауапкершілігі азаматтардың сенімін сақтауға ықпал етеді. Аудан прокуратурасы қадағалауды жүзеге асыру барысында басты назарды азаматтардың конституциялық құқықтары мен бос­тандықтарын, мемлекеттің мүддесі және кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарының сақталуына, сондай-ақ облыс прокуратурасымен бекітілген жоба­ларды жүзеге асыруға бағыттады.

– Бұл қандай жобалар?

– Әр саланың өзіндік бағыт-бағ­дары болады. Сол сияқты прокуратура органы да бірнеше жоба негізінде жұмыс жүргізеді. Атап айтқанда, «Қылмыссыз ауыл – кемел келешек кепілі», «Смарт білезік», «IT-TERGEU», «Нашақорлыққа жол жоқ» секілді жобалар бар. Одан бөлек қоғамдағы ахуалға орай түрлі акция, түсіндірме жұмыстары атқарылады.

– Ащы болса да, шындық, қыл­мыстың көбі ащы судың әсері­нен орын алып жатады ғой. Алкогольді өнім саудасын түбе­гейлі тоқтату мүмкін бе?

– Дұрыс айтасыз, адамның ми қыртысын жазып, есінен адастыратын зиянды әдетке әуес жандар баршылық. Көп ретте қылмыстың басты себебі де осы екені жасырын емес. Бұл орайда аудан көлемінде бірқатар жұмыс атқарылып, нәтижеге қол жетіп отыр. Аудан аумағында 13 ауылдық округ пен кент орталығында барлығы 137 дүкен бар. Оның 55-інде алкогольдік өнім сатылса, 82-сі алкоголь өнімдерін сатудан бас тарқан. Қарап отырсақ, басым көпшілігі зиян әдеттен бас тартып отыр. Ал ащы суды сатуға лицензия алған дүкендерге кешкі, түнгі уақыттарда сатуға тыйым салынғанын айта кету орынды. Арнайы жоба аясында барлық ауылдық округ және кент тұрғындарымен ардагерлер, қоғамдық кеңес, кәсіпкер және елді мекеннің беделді тұлғаларының қатысуымен кездесулер жүргізіліп, алкоголь өнімін сатудан бас тарту, құқық бұзушылықтың алдын-алу мәселелері бойынша түсіндірме жұ­мыс­­тары жүргізіліп, кездесулер ұйым­дастырылды. Прокуратураның бас­та­ма­сымен аудандық ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңес, әйелдер кеңесі, ауыл әкімдері, полиция және мемлекеттік кірістер органдарымен жобаны жү­зеге асыруда ауқымды түсіндірме жұмыстары әлі де жалғасын табуда. Сондай-ақ нашақорлық және есірткі саудасымен күрес тұрақты және нә­тижелі түрде жүргізіліп келеді.

– Ал «Смарт білезік», «IT-TERGEU» қандай жоба?

– Смарт білезік – кәдімгі браслет. Яғни аудан әкімінің қолдауымен пробация есебіндегілерге ақылды білезік құрылғыларын сатып алу үшін көлемді қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта осындай құрылғының 16-сы сотпен үйқамақта отырған күдіктілерге қолданылады. Олар смарт-білезікті тағып жүруге міндеттеледі, ол арқылы күдіктіні ұдайы бақылап отыруға болады. Жоба өз нәтижесін берді деуге болады. Себебі үйқамақ есебіндегі күдіктілердің қайта қылмыс жасауы тіркелмеді. Ал «IT-TERGEU» аты айтып тұрғандай интернет алаяқтықтың алдын алуға бағытталған. Иә, қазір ғаламтор арқы­лы алдап соғушылар да, алданып қалғандар да көп. Аталған жоба бойын­ша 6 интернет алаяқ­тық­тың төртеуі ашылып, екі күдікті сот­талды, екеуі аяқталмайтын негізбен тоқтатылды.

– Аудан көлемін­де қандай қыл­мыстар жиі орын алады?

– Аудан аумағында өсім алған қыл­мыстардың алдын алу мақсатында ведомствоаралық жедел мәжіліс өткі­зіліп, халық арасында БАҚ құрал­дары арқылы тоқтаусыз фото-бейне­ро­ликтер жариялау жұмыстары ұйым­­дастырылып отырады. Есірткі қыл­­мысы мен дропперлік қылмыстар жиі кездеседі. Айта кетерлігі, аудан көле­мінде аса ауыр қылмыстар, кісі өлтіру, қарақшылық, зорлау қыл­мыстары мүлдем орын алмаған. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін қылмыс түрінің жолын кесу бағытында атқары­латын профилактикалық жұ­мыс­тар бел­гіленіп, олар шынайы түрде орындалды. Сала мамандары үшін елдің тыныштығы, халықтың амандығы өте маңызды.
                                     

– Ауқымды жобалармен қатар кең көлемді акциялардың да ха­лыққа берері мол. Жақында бір еңбек ардагері «Халық заңгері» акциясы аясында құқықтық көмек алғанын, мәселесі оң шешім тапқанын қуанышпен жет­кізген еді. Акция туралы толы­ғырақ айтсаңыз...

– «Халық заңгері» – республикалық акция. Барлық аймақ мен ауданда бір мезетте халық түрлі сала басшыларынан құқықтық кеңес ала алады. Бұл акция жылына бірнеше мәрте өткізіліп тұрады. Жақында ғана ауданда Руханият орталығында өткен акцияда тұрғындарға құқықтық кеңес берілді. Бұл іс-шараның тиімділігі сол, көпшілік бір уақытта, тегін, алдын ала тіркелусіз құқық қорғау және атқарушы орган өкілдерінен жеке мәселелері бойынша кеңес ала алады. Жақында өткен акция аясында 100-ге жуық азаматқа заң тұрғысынан көмек көрсетілді. Сондай-ақ «киберволонтер» акциясы аясында арнайы топ жасақталып, ауқымды жұмыстар атқарылды. Өзде­ріңіз білетіндей, топ құрамында БАҚ өкілдері, жастар, сала мамандары, ерік­тілер болды. Мәдениет үйінде аудан әкімінің жанында жұмысшы топпен семинар өткізіліп, интернет қауіпсіздігі мен кибер қылмыстан қорғану ере­желері түсіндірілді. Аталған жиынға 150-ге жуық адам қатысты.

– Заң мен тәртіп – бейбіт өмірдің кепілі, кез келген елдің дамуы мен өркендеуінің басты шарты. Заң мен тәртіп аясында бейбіт өмірдің сақталуына про­­куратура органдарының қыз­­меті өлшеусіз. Кәсіби мереке қар­са­ңында әріптестеріңізді құт­тықтап өтсеңіз...

– Иә, заң мен тәртіп – қоғамдық тұ­рақтылықты қамтамасыз етудің не­гізі. Түптеп келгенде, оны сақтау – тек құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес, әрбір азаматтың қоғам алдындағы жауапкершілігі. Заң мен тәртіп қоғамның негізі болса, оны сақтау мемлекеттің дамуы үшін өте маңызды. Прокуратура органдарының міндеті де – қоғам тыныштығын қам­тамасыз ету, қылмыстың алдын алу, әділдік орнату. Осы орайда қызығынан қиын­шылығы мол салада антына адал, қызметтік жолда өз басын қатерге тігетін әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Әрбір азаматтың заңды сақтау арқылы өз қоғамының, мемлекетінің болашағына зор үлес қосатынын айтып өту орынды. Атқа­рыл­ған жұмыстан бұрын қауіптің алдын алу­да ақпараттандырудың маңызы зор. Бұл ретте, сала жұмысына ақпараттық қолдау көрсетіп келе жатқан төл басылым, аудандық газет редакциясына да алғысымды білдіремін.

– Қауырт қызмет сапында жүріп, сұхбат беруге арнайы уақыт бөлгеніңіз үшін алғысымды біл­діремін. Жұмыстарыңызға сәт­ті­лік тілеймін!


Сұхбаттасқан
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ

06 желтоқсан 2025 ж. 22 0