Қалжан ахун клубы – ауыл мәдениетінің ажары
Аудан орталығымен іргелес жатқан Қалжан ахун ауылындағы мәдени ошақ ауылдық клубтың іргесі 1993 жылы қаланып, типтік жобада салынды. Алыстан менмұндалап тұратын, ауыл көркін ашатын еңселі ғимарат тұрғындарға мәдени қызмет көрсетіп келеді. Клубта 200 орындықты көрермендер залы, сахна, фойе, кітапхана және бірнеше қызметтік бөлме бар. Клуб жанынан құрылған 5 үйірме ән, би, көркемсөз, сурет, «Ақ әжелер» ансамбілі жұмыс істейді. Үйірмелерге 56 өнерпаз тартылған. Мәдени орын ауылдағы 1130 адамға мәдени қызмет көрсетеді. Бүгінде ауылдық клубты өнер иесі Дархан Разақов басқарады.
– Қалжан ахун ауылдық клубында биылғы жоспарға сәйкес «Үйірмеден үйрендім өнер түрін» атты аудандық семинар өтті. Кең көлемде өткен семинарда клубтың тыныс тіршілігі, «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының бұрыштамалары таныстырылды. Сұхбат-ТІМЕ жобасына ауыл түлегі, өнер иесі «Әзіл әлемі» театрының әртісі Қ.Әлжаппаров шақырылып, көңілді сұхбат өрбіді. Тәжірибе алмасу семинарында әдіскер Г.Сырғабаева үйірме жұмыстарына тоқталды. Жаңадан ашылған қуыршақ үйірмесі мүшелерінің өнері тамашаланып, соңы үйірме мүшелерінің концерттік бағдарламасына ұласты, – дейді клуб меңгерушісі биылғы атқарылған жұмысқа тоқталып.
Ауданның мәдениет саласында биылғы жылы жүзеге асқан «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының тұжырымдамасы аясында «Мәдениет – өркениет мәйегі» атты аудандық өнер фестивалі де табысты өтті. Бұл жолы «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығының бұрыштамасымен мәдени ұйымдастырушысы Г.Иманқұл таныстырып, 7 бағытының мақсатына тоқталды. Көпшіліктің көңілінен шыққан «Сұхбат-ТІМЕ» жобасы да сәтті ұйымдастырылды. Жобаға ауыл мақтанышы, есімі аудан, облыс, тіпті республикаға белгілі, ҚР Президенттік көпсайыс чемпионы Мұрат Бөдеев шақырылды. Фестиваль аясында «Жанұя шуағы» жобасының жұмысы, «АРТ уақыт» жобасында жаңадан ашылған қуыршақ үйірме мүшелерінің өнері тамашаланды. Еріктілер тобы жыл бойына жасаған жұмыстарымен таныстырды. Соңы «Ән жырым саған, туған ел!» атты көркемөнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Клуб жұмысын жандыратын ауыл көркемөнерпаздары десек, үйірме мүшелері биылғы жылы жетістіктерге жетті. Атап айтқанда халықаралық би күніне орай V республикалық «DANCE ALL STYLES» өнер байқауында «Назкерім» би тобы бас жүлде иеленді. VI халықаралық балалар мен жасөспірімдер мен жастарға арналған «KINGS OF DANSE» би байқауында назкерімдіктер бірінші орын иеленді.
«Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Әшімхан Оспановтың 70 жылдығына арналған «Өмірі – өнер, ғұмыры – ғибрат» атты облыстық үздік клуб қызметкерлері байқауына клуб әдіскері Гүлжанат Сырғабаева қатысып, жүлдегер атанды. М.Мақатаев атындағы «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты республикалық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына қатысқан қалжанахундық өнерпаз Аруна Серікбол бірінші орын иеленді. «Алау групп» балалар мен жасөспірімдер орталығы ұйымдастырған республикалық «Бояулар құпиясы» суретшілер байқауында Айзере Мұзарапова бас жүлде иеленіп, ауыл мәдениетінің мерейін өсірді. Мұнан басқа қалжанахундық өнерпаздар аудан көлемінде ұйымдастырылатын мүшайра, көркемсөз оқу, әншілер байқауынан олжалы оралуда.
Ұлттық салт дәстүрді дәріптеуде клуб жанындағы «Ақ әжелер» ансамблінің орны ерекше. Он саусағынан өнер тамған әжелер Қызылорда қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткізілген Шетелден келген қонақтарға, білім алушыларға салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған «Ұрпақтар сабақтастығы» атты жобаға арнайы үш мәрте шақырту алған.
Ауыл орталығындағы мәдениеттің ордасы бүгінде айналасы желекке оранған көрікті жерге айналды. Ерте көктемнен бастап клуб маңын көркейтіп, көгалдануына жұмысшы Жалғасбек Көшербаевтың еңбегі ерен. Ала жаздай әсем гүл егіп, жасыл желекке орануына үлес қосып жүрген азамат нағыз еңбек адамы.
– Ауыл мәдениеті мен өнерін дәріптеуде клуб қызметкерлерінен бөлек жұмысшылар да үлес қосып келеді. Жұмысшылардың күшімен клуб маңы жасыл желекке айналды. Қарапайым еңбек адамының тынбай еткен еңбегіне ризамыз. Сонымен қатар клуб қызметкерлері түрлі жоба аясында жетістіктерге жетіп келеді. Ауылда өткізілетін әрбір мәдени іс-шарадан бөлек, ақылы қызмет бойынша жоспарлы жұмыс атқарылуда. Аудан, облыс деңгейінен бөлек республикалық байқауда бақ сынап, жүлдегер атанып жүрген өнерпаздарымыз ауыл мақтанышы. Ауылдан шыққан таланттардың алғашқы баспалдағы ауыл клубы екенін мақтаныш етеміз, үлкен сахнаға жолдама алып, қанаттанғанына қуанамыз. Киелі мекеннен әлі талай өнерпаздар шығатынына сенеміз, – дейді Дархан Жұбанышұлы.
Бибісара ЖАНӘЛІ