Ауылдың алты ауызын шырқады

Әжелер ансамблі 2012 жылы құрылған. Көбіне ел жадында сақталған халық әндерін орындайтын асыл жандар өз өнерлерімен кейінгі толқынға рухани құндылық сыйлай отырып, туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті дәріптейді. Әндері арқылы туған жердің қадір-қасиетін ұғынуға шақырады.
Халықаралық қарттар күні қарсаңында «Ару Ана» әжелер ансамблі тұрғындарға «Ауылым – алтын бесігім» тақырыбымен концерттік бағдарламасын ұсынды. Іс-шара басында әжелер ансамблінің құрылу тарихы мен құрамы жайлы бейнеролик көрсетілді. Одан соң ансамбль мүшелері халық әндерін орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Сондай-ақ, ардақты әжелер өздерінің жеке орындауындағы әндерін шырқады. Атап айтқанда, Нағила Мұқанова «Шынарым», Роза Байтөреева «Әдемі ау», Роза Ағатаева «Анашым», Жұмакүл Көшербаева мен Алтын Нұртаева «Ақмаңдайлым» әндерін шырқаса, Зияш Үсенова «Замандас», Құндыз Айманова «Талғардың таза ауасы» атты халық әндерін әуелетті. Сонымен қатар, Ғалия Сансызбаева, Гаухар Аяпова және Роза Шахметовалар да әндер шырқады.
«Жылылық күннің көзінде, тәрбие әже сөзінде» дегендей, өмірлері өнегеге толы ардақты жандар ауданның руханиятын өркендетуге үлестерін қосып, ауылдың алты ауызын шырқай жүріп, кейінгі қыз-келіншектерге үлгі көрсетіп келеді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ