Мәшһүр Жүсіп және оның рухани мұрасы
1858-1931 жылдар аралығында өмір сүрген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өз шығармаларында ислам дінінің имани негіздерін ғана емес, сонымен қатар қазақтың дәстүрлі мәдениетімен сабақтастығын жан-жақты ашып көрсетті. Ол дінді адам өмірінің барлық саласымен байланыстыра отырып, оны жеке тұлғаның рухани жетілуінің басты тетігі ретінде қарастырды.
Мәшһүр Жүсіп балалық шағында, нақты айтар болсақ, бес жасында Баянауылға барып, Байжан Смағұлұлының медресесіне келеді. Сол жерде оның жүзіндегі жарықты таныған алғашқы ұстазы Нәжімуддин хазірет – даналардың данасы, көреген ғұлама оған демеу көрсетеді.
Бес жаста «бісмілла» деп жаздым хатты,
Бұл тағдыр жастай маған тиді қатты… – дейді бала Жүсіп. Нәжімуддин хазірет баланың ойына лайықтап, күрделілігімен атақты «Шар» деп аталатын, парсы тілінде жазылған төрт ғылыми еңбекті («Намаз туралы кіріспе», иман негіздері қамтылған «Біл», «Мұсылмандардың аса қажеттіліктері», «Насихатнама» кітаптары) ұстатады. Қиындығы көп бұл кітапты талапты жас меңгеріп, ілімге деген ынтасы алаулай түседі.
Сегіз жасқа толғанда тағы бір ұлы ұстаз – Қамаруддин хазіретке жолығады. Бұхарада оқып, он екі пәнге жетік болған, елге «ахун» атанған бұл ғұламаның өнегесі жас Мәшһүрдің рухани дүниесіне терең із қалдырды.
Сол кезден бастап-ақ бала Жүсіп халық мұрасындағы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ер Тарғын» сынды жауһарларды жатқа айтып, қағазға түсіре бастайды.
Мәшһүр Жүсіп 8 бен 15 жас аралығында Қамар хазіреттен дәріс алып, дін, ғылым, араб, парсы, түркі тілдерін жетік меңгереді. Ал 16 жасында Әкімбек есімді азаматтың үйінде екі жыл тұрып, жалғыз баласы Қабылбекті оқытып, өзі әлі жас бола тұра ұстаздық жолға қадам басады.
Ғұлама 1875 жылдан бастап, біршама уақыт ұстаз болып, шәкірт оқытып дәріс береді. Яғни, 1875 жылдан бастап, ол оқытушы бола жүріп, шығармашылық жұмыспен айналысады. Мәшһүр Жүсіп 1875 жылдан бастап біраз уақыт ауылда бала оқытып, қаражат жинайды. Білімін толықтыру мақсатымен 1886 жылы Бұхараға келіп, діни жоғары оқу орнында оқиды. Бұхарада атақты Көкілташ діни ордасында дәріс алып, ислам ілімдерін терең меңгереді. Бұл медреседе «Көмекей Әулие» аталып кеткен Бұқар Жырау бабамыз да білім алған.
Жалпы білім алу жолында ғұлама көп ізденеді. Жол ұзақтығына қарамай ілімнің көзі қай жерде болса, сонда барып алуды мақсат еткен. Сондықтан көп сапарлатып ғұлама-ғалымдардың білім нәрінен сусындайды. Ғұлама бас-аяғы Бұхара, Ташкент, Самарқандқа үш рет сапар шегеді. Араб һәм парсы тілдеріндегі кітаптарды зерттейді.
Ұлы ойшыл «Шайтанның саудасы», «Соқыр, саңырау және жалаңаш», «Жарты нан хикаясы», «Мәшһүрдің 46 жасында сөйлегені», «Нәпсi аждаһа», «Ғалымның ниеті», «Пайғамбардың соңғы тілегі», «Пайғамбардың өсиеті», «Нәпсіңді атқа мінгізбе», «Бес парыз», «Ібіліс шайтан хикаясы», «Миғраж дастаны» сынды философиялық, діни өлең-жырлар жазып қалдыраған.
Ғұламаның өміріне зер салсақ, бір ақиқатқа көз жеткіземіз: «Алла Тағала адамды іліммен биік етеді, ал ілімнің қадірін білген жанды өз пенделерінің ішінен ерекше етіп таңдайды».
Мәшһүр атамыздың балалық шағынан бастап, өмірінің соңына дейін іздегені – Алланың разылығы, ар-намыстың тазалығы, халықтың амандығы еді.
Қорытындылай келе айтарым, Мәшһүр Жүсіп атамыздың өмірі бізге үш үлкен өнеге қалдырады:
Бірінші: жүрекке иман қонса – сөз де, іс те түзеледі.
Екінші: ілім – мұсылманның шамшырағы. Ғұламаның бүкіл ғұмыры ізденіс, оқу, ғылым жолын қадірлеу екенін көруге болады.
Үшінші: шын мұсылман – сөзі хикмет, ісі өнеге адам. Мәшһүр атамыздың әрбір жыры елге тәрбие болды, әр сөзі ұрпаққа аманат болды.
Нұрсұлтан Серікұлы,
Сырдария ауданының
бас имамы
Фото: Ашық дереккөзден











