Қауіпсіз жол – ел тыныштығы
Құқық қорғау саласында түрлі оқиғалар орын алатыны анық. Бейбіт күнде ел тыныштығын күзетіп, келеңсіз әрі апатты жағдайдың алдын алатын полиция сақшыларының күн-түн демей қызмет етуі нағыз ерлік. Осы тұста аудандық полиция бөлімінің қадағалауымен жыл бойы көптеген жедел-профилактикалық іс-шаралар өтуде. Әр іс-шара өзіндік жеке бағыты бойынша жүзеге асуда.Республикалық және облыстық көлемде өтетін жедел-профилактикалық іс-шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жоспарға сәйкес өтіледі. Соның ішінде жыл басынан бері «Қауіпсіз жол», «Мотоцикл», «Скутер», «Автобус», «Тасымалдаушы», «Құқықтық тәртіп», «Балабақша», «Учаске», «Мигрант», «Киік» және «Борышкер» жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізіліп, тұрғындар мен жүргізушілерге түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Бұл туралы Сырдария ауданы полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Сейлхан Кеукенов айтып өтті.
– 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша аудан аумағында 34 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, жол апатынан 15 адам қаза тауып, 60 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Оқыс оқиғалар сотқа жолданып, 11 жүргізуші көлік жүргізу куәлігінен айырылды. Ал, мас күйінде көлік айдаған 23 құқық бұзушылық тіркеліп, жүргізуші куәліктері тәркіленді. Барлық құқық бұзушылық әркеттер саны 2272-ге жетсе, айыппұл көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 1,5 есе артқан. Жол қозғалысы бойынша құқық бұзғандар саны 4611 болса, оның ішінде айыппұл салынған құқық бұзушылық 1496-ны құрады. Алдыңғы жылмен салыстырғанда құқық бұзушылық бірнеше есе артып тұр. Республикалық, облыстық жедел-профилактикалық іс-шаралардың кешенді жұмыс істегенінің нәтижесінде біршама түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда 1-7 желтоқсан аралығында жүзеге асып жатқан «Қауіпті жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Бастысы, жол қозғалысына қатысушыларды жол ережелерін қатаң сақтауға және жолда өзара сыйластық танытуға, қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін әрекетке жол бермеуге шақырамыз, – деді полиция подполковнигі.
Биылғы жыл «профилактика жылы» болғандықтан бұл көрсеткіш өтіп жатқан жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижесі болып табылады. Сонымен қатар аудан аумағында 77 бейнебақылау қондырғысы орнатылған. Кіші жедел басқару орталығы арқылы да анықталған құқық бұзушылық әрекеттері артқан. Сырдария ауданы бойынша полиция бөлімінде 83 қызметкер жұмыс істеп, жол қозғалысы мен жол-көлік оқиғаларының алдын алуда.
Жаздың аптап ыстығында, қыстың бұрқасын аязында елге қызмет етіп, аудан аумағының тыныштығын күзетіп, қайғылы оқиғаны болдырмау мақсатында еңбек етіп жүрген тәртіп сақшылары әркез құрметке лайық. Жұмыс барысында түрлі келеңсіз жағдайға тап болса, оның алдын алу және күресу шешімін дер кезінде қабылдау керек. Туған жеріне қызмет ете отырып, отбасын асырау, қауіпті оқиғаларда өмірін қатерге тігу – нағыз ерлік.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
Фото: Ашық дереккөзден











