"Ақ әжелер" салған ән
Н.Ілиясов ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Ақ әжелер» ансамбілі 2008 жылы құрылды. Алғаш ансамбльге Жұлдызай Ермағанбетова жетекшілік жасаса, қазіргі уақытта мәдени ұйымдастырушы Жанат Шайзадаева ансамбльдегі ақ жаулықты аналармен жұмыс істеп келеді.
Құрамында 12 ақ жаулықты өнерпазы бар ансамбль құрылған жылы халық әні «Ой сәулем», «Шилі өзен», Ө.Бәйділдаевтың «Туған ел», Ш.Қалдаяқовтың әндерінен Попури орындап, көрермендер көзайымына айналды. Уақыт өте ансамбльдің репертуары толыға түсіп, олар орындаған әндер халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі байқауларға қатысуға жолдама алды.
Әнді жеке дауыста орындайтын К.Әлшоразова, Г.Төлегенқызы, Р.Қарақызы халық әні «Ай қарақөз», Б.Байкенжиевтың әні «Ақ баян» және жергілікті сазгер Ж.Шайзадаеваның «Гүлденген кеңшарым» атты әндері өз тыңдармандарын тауып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ансамбльдің ең жасы үлкен мүшесі Раушан Қарақызы алдағы жылы мерейлі сексен жасқа толады.
Сонымен қатар ансамбль құрамындағы Ш.Тойбаева, Б.Келісова, Ү.Тәжбенова, Ш.Ахметова, Ж.Ермағанбетова, М.Оразбекқызы, А.Жұбанышова, С.Қараева, Б.Шынымова өнерлерімен талай байқауларда жүлделі орын алды.
Ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртуда алдарына жан салмай, уақытпен санаспай өнерімен танылып жүрген әжелердің арасында қолөнер шебері де бар. Шолпан Тойбаева он саусағынан өнері тамған шебер. Талай байқау-көрмелерге қатысып, ұлттық құндылықтарды насихаттап келеді. Аудан көлемінде қандай ауқымды іс-шара болмасын, мерекенің сәнін келтіріп жүрген ансамбль мүшелері республикадан келетін меймандардың алдынан шығып, қазақы дәстүрмен шашу шашып, керемет әндерімен мәдени шараның шымылдығын ашу дәстүрге айналған.
Ансамбльдің арнайы концерттік бағдарламасы да дайындалып, жыл сайын есепті концерт беруді де қолға алған. «Ауылым алтын бесігім», «Қырманға кел, қалқатай» атты концерт кезінде «Ақ әжелер», «Сыр сұлуы», «Гүлденген кеңшарым» атты әндерін орындап, жерлестерінің қошеметіне бөленуде.
– Қай кезде де мәдени шараның сәнін келтіріп жүрген «Ақ әжелер» ансамблінің құрылғанына да 13 жыл болды. Үнемі өз репертуарымызды жаңартуға ізденіп келеміз. Халық әндерін орындауға, жергілікті композиторлардың әндерін орындауға басымдық береміз. Жанды дауыста ән салатын әжелеріміз нағыз «өнер десе ішкен асын жерге қоятын» тамаша өнерпаздар.
«Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық форумда ансамбль Е.Хасанғалиевтың «Ауылым» әнін және «Нағи батыр қаласы» әнін орындап, көптің қошеметіне бөленді. Мұнан басқа да көптеген республикалық, облыстық деңгейде өтетін мәдени шарада өнер көрсетіп келеміз. Ансамбль орындаған әндер талай рет байқаулардың жүлдегері атанды. Жеке орындаудағы «Гүлденген кеңшарым», халық әндері «Ариайдай», « Ақ тамақ», «Ахау керім» әндері де байқаудан жүлдесіз қайтқан емес.
Елбасының Сыр еліне сапары кезінде де құрметті мейманды қарсы алып, керемет ән айтып, Елбасының ықыласына да бөленді, – дейді ансамбльдің жетекшісі Жанат Шайзадаева.
13 жылдық белесте өнер атты асыл мұрамен ел-жұртын сусындатып жүрген «Ақ әжелер» ансамблінің мүшелеріне сарқылмас рухани байлық тілейміз.
Бибісара ЖАНӘЛІ