Әлемдік рекорд орнатқан Вера әже
Сәрсенбінің сәтінде Ақжарма ауылына ат басын бұрдық. Тілшілік іссапарымыздың негізгі себебі – ауылдың мәдениет үйінде өткен іс-шара еді. «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасының «Сұхбат TIME» жобасы аясында «Ақ әжелер» ансамблінің жетекшісі Вера Жұманқызымен кездесу өтті.Үлкенге құрмет, келер буынға үлгі боларлық жиынға «Қазақ Аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық және қалалық бас төрайымы Алтынай Былаева, Батыр ана Айжамал Шағанбаева, Сырдария аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Сәркеева, аудандық музей директоры Салтанат Қуандықова және «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Аружан Мұханбетқали арнайы қонақ болды. «Ана – күннің шуағы» тақырыбын арқау еткен кездесуге ауыл әкімі Ерлан Ешмұратов, ауыл ардагерлері куә болды.
Іс-шараның ең басты жаңалығы – ауыл мәдениетіне өлшеусіз үлес қосып жүрген Вера Жұманқызының әлемдік рекорд орнатып, есімі «GLOBAL BOOK OF RECORDS» кітабына енуі болды. Сүйінші жаңалықты қазақ аналарының жанашыры Алтынай Мырқықызы жеткізіп, іс-шара барысында арнайы сертификатты табыс етті. Айта кетейік, бұл әлемдік рекорд қыркүйек айында Түркістан қаласында тіркелген. 1000-нан астам әйел рекорд орнатуға атсалысып, ең үлкен дәстүрлі қазақ қалыңдығының сәукелесін жасаған. Сәукеленің биіктігі 4 метр 6 сантиметр болса, шашақ ұзындығы 560 метрді құрайды. Қазақтың ұлттық бас киімі сәукеле 31 дәстүрлі өрнекпен, қымбат тастармен, алтын және күміс теңгелермен безендірілген. Алып сәукелені жасауға атсалысқан қазақ әжелерінің ішінде ақжармалық Вера Жұманқызының есімі әлемдік рекордтар кітабына еніп, ардақты ананың мерейі үстем болды. Бұл – ауыл үшін ғана емес, аудан, облыс, тіпті еліміз үшін тың жаңалық болды деуге болады.
– Шынымды айтсам, дәл бұндай жоғары марапат күтпедім. Таңғалып отырмын. Бүгінгі сұхбатты ұйымдастырған Айтмағанбет балама, құрмет көрсеткен ауыл тұрғындарына ризашылығымды білдіремін. Кейінгі буынға үлгі-өнеге көрсете алсақ, сол қуаныш, – деді ағынан жарылған Вера әже.
Сұхбат барысында Вера Жұманқызына балалық шағы, атқарған жұмысы, ананың қоғамдағы орны туралы сұрақтар қойылды. Ардақты ана, абзал әже өз кезегінде сұрақтарға тұшымды жауап беріп, іс-шараның мәнді өтуіне ықпал етті. Сондай-ақ ауыл тұрғындары ақ жаулықты әже туралы жылы пікірлерін білдірді. Ауылдық мәдениет үйі ұйымдастырған мәдени іс-шараларда сахнадан табылатын әжелер бұл жолы да іркілместен халық әні «Сәулем-айды» нақышына келтіре орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Айта кетейік, Вера Жұманқызы – негізінен Шаған ауылының тумасы, балалық шағы сонда өткен. Тағдыры Ақжарма ауылына айдап, қанша жылдан бері осы ауылдың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді. Негізгі мамандығы денсаулық сақтау саласына арналған жан бойындағы өнерін де жасырып қала алмас. Отыз бес жыл ауыл халқының денсаулығын күзеткен кейіпкеріміз жастайынан ән айтып, мәдениет саласының дамуына да өзіндік үлесін қосқан. Әзіл-сықақ театрында өнер көрсетіп, көрерменді шынайы күлкіге қарық қылғаны – замандастарының есінде. Егін егіп, мал бағып, қара жұмыстың да көркін қыздырған Вера әженің ерекше қырлары көп. Жас күнінде палуандықты да серік етіп, күрестің қыр-сырын меңгерген ол бір кездері әжелер байқауында ауыр салмақты гір тасын көтеріп тұрып өнер көрсеткені көпшілік аузында аңыздай айтылып, таралып кеткен. Денсаулық сақтау, өнер салаларында бірдей із қалдырып, үлесін қосқан аяулы жанның бұған дейін облыс, аудан әкімдерінен алған мәртебелі марапаттары баршылық. Іс-шара барысында аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Есентұрқызы ардақты жанға құттықтауын табыс етіп, құрмет көрсетті. Вера Жұманқызының бүгінде Сүйіндіковтер әулетіне келін болып, өмірлік жары Хамзе Сүйіндіковпен отау құрғанына елу жыл толғанын да айта кету орынды. Бұл ретте отағасының өмірлік жарына деген қолдауы зор құрметке лайық. Отбасының ұйытқысы, бес баланың ата-анасы, немере-шөберелерінің сүйікті ата-әжесі атанған жандардың кейінгі буынға берер өнегесі мен тәрбиесі мол. Отбасында да, қоғамда да өзіндік орнын ала білген жандарды үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған іс-шаралардың маңызы зор.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ










