Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

Аудан мәдениетінің қалыптасу кезеңінде өнерге ден қойған әжелер ансам­блінің өзіндік алар орны ерекше. Бірнеше елді мекенде құрылған ансамбль құрамы жаңартылып, жеке репертуарға көңіл бөлініп отырады. Өткен аптада Тереңөзек кенті клубы жанынан ашылған «Ару ана» әжелер ан­самблі Сырдария ауданының 95 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген айту­лы күндерін атап өтті. Яғни ел-халықтың ішінде әуезді әнімен есте қалған «Ару ана» әжелер ансамблінің алғаш сахнаға шыққанына 10 жыл толып отыр.


«Өмірдің мәні – әжелер әні» тақырыбында өткізілген «Ару ана» әжелер ансамблінің шығармашылық кешіне мәдениет саласының майталмандары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Тағылымы терең, танымы бөлек кеш барысында Сырдария аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева мен Тереңөзек кенті әкімдігінің жетекші маманы Айнұр Тулеуова сөз сөйлеп, ансамбль мүшелерін құттықтады.

– Ең алғаш «Ару ана» әжелер ансамблі болып құрылғаны есімде. Ақ кимешек киген аналар қауымы халық әндерін шырқап, ел ықыласына бөленген еді. Біз өнерді барынша ұлықтай білген текті ұлттың жұрнағымыз. Әжелер ансамблінің жұмысын үйлестіру, олардың шығармашылығын қалыптастыру – үлкен еңбек. Міне, олар көз алдымызда дамып, өнерде өзіндік қолтаңбаларын қалдыра білді.


Талай жыл музыка саласының өркендеуіне үлес қосып келе жатқан Жұмакүл Көшербаева бастаған ансамбль мүшелеріне шығармашылық табыс тілей­міз! 10 жылдық мерейтойларымен шын жүректен құт­тықтаймын, – деді Ұлмекен Жанәлиева.

Білікті басшы Рүстем Бәйділдаев басқаратын Тереңөзек кенті клубы жанындағы «Ару ана» әжелер ансамблі жиналған көпшілікке эстрадалық және халық әндерін ұсынды. Жеке дауыста ән шырқаған ақ жаулықты аналар жиналған жұртшылықтың зор қошеметіне ие болды. Өз кезегінде «Қызылдихан» ШҚ төрағасы Алдаберген Құлбаев пен «Жарбол» ШҚ төрағасы Жарбол Ешмахановтың демеушілігімен әзиз аналарға бағалы сыйлық және Тереңөзек кенті әкімі Ержан Бақтия­ров­тың Құт­тықтау хаты табыс­талды.

– Өнерді жоғары баға­лай бі­летін аяулы аналардың шығар­ма­шылық әлеміндегі әле­уетін жоғары бағалаймын. Соңғы 10 жылда аудандық, облыс­тық, республикалық іс-шаралар­ға қатысып, үлкенді-кішілі байқау­лардан жеңімпаз атанып үлгірген аналардың шын ынтасымен ән шырқайтынына дән ризамыз. Әр жылдары әжелеріміз жаңа әндерімен тыңдарман көңілінен шыға білді. Жалпы, «Ару ана» әжелер ан­самблінің құрамында Жұмакүл Көшербаева, Алтын Нұртаева, Нағила Мұқанова, Құндыз Айманова, Айман Әбілдаева, Мейрамкүл Абдуаитова, Роза Ағатаева, Бисенкүл Мамырбаева, Зияш Үсенова, Айткүл Сағымбаева, Гаухар Аяпова, Гүлбира Бисембаева бар. Біз осындай ақ жаулықты аналарымызды мақтан тұтамыз, – деді Тереңөзек кенті клубының директоры Рүстем Бәйділдаев.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
12 желтоқсан 2023 ж. 326 0