Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АЛДЫМЕН СҮЙ, АРДАҚТА АТА-АНАҢДЫ

АЛДЫМЕН СҮЙ, АРДАҚТА АТА-АНАҢДЫ

...Алматы шаһарының алып көшелерінің бірі. Қарбаласқан тіршілік ортасында келе жатып, жолда бір əжені кездестірдім. Қолында үш бірдей дорбасы жəне балдағы бар. Аяғын сылтып басатын, жасы да біразға келген, дорба арқаламақ тұрмақ, аз жүрсе шаршап қалатын Алланың бір пендесі екен. Екеуміз бір аялдамадан түсетін болдық. Автобустан түсіріп, көмектесіп жібердім. «Əрі қарай осынша дорбасымен үйіне қалай жетеді» деп ойлап қоямын. Үлкенге көмек қылып, батасын алғаннан артық сауап жоқ. Дорбаларын көтерісіп, қолғабыс етуді ұйғардым. Сонымен жөн сұрасып, жер асты жолымен (подземка) арғы бетке өткізіп жіберетін болдым. Əдетте өзіміз жүгіріп өтетін жолды əжемен жиырма минуттай жүрдік. Сол сəтте бір-бірімізден біраз нəрсе сұрап үлгердік. «Қайда тұрасың? Ата-анаң қайда? Бауырларың бар ма?» деп бəрін сұрап алды. Өз өмірін де бір сəт көз алдыма келтіріп үлгерді. Сөз арасында «Бақытты бол, айналайын» деп ақ тілегін жаудырып қояды. Ата-əже көріп өспеген соң болар, үлкен қарияларды көрсем жылы ұшырап, өзім де сөйлескім келіп тұрады.
– Қайда тұрасыз? Қайдан келесіз, мынша жүкті арқалап? Балаларыңыз бар ма? – деп сұрадым «үлкен кісіні түн жарымда неге жалғыз жіберіп қойған» деген оймен. Кейуананың жүзі бозарып сала берді.
– Қызым жол апатынан қайтыс болды, – деді аз үнсіздіктен соң. Жүрегім зырқ ете қалды. Кейуана əрі қарай əңгімесін жалғады.
– Ұлым бар, алғаны жөнді болмай (əйелі), бізді тастап кетті. Арасында келіп ұрысып, ақшамызды алып кетеді. Екінші ұлым бар. Ол да солай. Мүгедек шалым оларды үйге кіргізбей қуып жібереді. Қыз деген жақсы еді. Ал ұлдардан қайран болмады, қайтейін! Өзім ауру бір кісіге дəрі апарып, көңілін сұрай барып едім, қараңғы түскенін аңдамай қалыппын, – деп əжей ақтарыла салды.
«Жүрегіндегі жарасын тырнап бекер сұраппын-ау» деп өкініп қалдым. Бірақ өмір­де ештеңе себепсіз болмайды. Əжені көлікке отырғызып жіберіп, қайтар жолда ойланумен болдым. Өмірде неше түрлі тағдыр бар. Бірі былай, бірі басқаша. Кейбірі ата-ана алдындағы парызын ұмыт қылып жатады.
Десе де əркім өз өміріне шүкіршілік еткені абзал. Себебі нендей болса да бәрі Алланың сынағы. Пендеміз ғой, кей кездері өзіміз байқамаймыз, төрт құбыла түгел болса да аз шүкіршілік етеміз. «Өзі ойлансын, басқаларға жеткізіп, бірді-екіліге болсын ой салсын» деп жолықтырған шығар дедім іштей...
Адам баласы – Алла Тағала жаратқан жаратылыстың ішіндегі ең ұлысы. Осы адамзат ұрпағын Хақ Тағала ата-ана дәнекерлігімен көбейткен. Кез келген адам үшін дүниеде ең қымбат жандар – туған ата-анасы. Бұл қымбатты жандарды Алла Тағаланың Өзі аяттарда дәріптеген. Демек оларға құрметпен, жауапкершілікпен қарау міндеті балаға жүктелген. Сондықтан да Ұлы Жаратушы ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет пен жақсылық жасауды Өзінен кейiнгі кезекке қойған. Бұл туралы Құран Кәрімде: «Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып оларға былай деп дұға жаса «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр» делінген («Исра» сүресі, 23-24 аяттар). Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Алла Тағаланың разылығы – ата-ананың ризашылығында, Алла Тағаланың разы болмауы да – ата-ананың наразылығында», – деген хадисінде өмірдегі ең қымбат жандарды құрметтеуді атап көрсеткен (Тирмизи. Бирр.3).
Ізгілік атаулының ең биігі – ата-ананың разылығын алу. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» дейді халық даналығы. Сондықтан ата-ананы құрметтеп, оларға жақсылық жасау – барғаның парызы.

Аружан Мұханбетқали,
штаттан тыс тілші
27 шілде 2019 ж. 1 669 0