Бір қыз көшеде егіліп жылап отыр. Оны аяп ешкім де маңына жуымайды. Кеш қарая оны бір адам байқап қалып, жанына таяп келеді.
- Қызым, сен неге жылап отырсың? Сені біреу ренжітті ме?-деп сұрайды.
- Менің үйім жоқ,-деп одан сайын өксиді қыз.
- Қалайша жоқ? Жақсы киініпсің... Кешір сөзімді. Сонда ата-анаң бар ма?
-Бар.
-Олар қайда тұрады? Кім олар?
- Олар бай адамдар. Өте бай. Ақшалары көп. Бірнеше қалада тұрады... Қазір олар шетелде демалып жатыр. Ал мен жалғыз қалдым...
- Түсінбей тұрмын қызым. Олар аса бай болса, сені далаға қалдырмаған болар?..
-Бізде үй жоқ. Болған емес. Ылғи коттедж, вилла... Мен оларда тұрғым келмейді. Маған жай үй қымбат. Құрбымдікіндей. Әке-шешесі, бауырлары бәрі қасында. Жылы үй. Небәрі екі бөлмелі үй... бірақ сондай кең!.. Маған сондай қарапайым үй керек...-деп қыз екі иығы солқылдап жылайды келіп.
-Қалқам-ай, ақылыңнан сол. Сенің ата-анаң қашан келеді. Мен солармен сөйлескім келеді. Қазір жүре ғой деп өзі тұратын бір бөлмелі пәтерге алып барды.
Онда алты адам тұрып жатыр екен. Бәрі тату-тәтті. Қызды өз бауырларындай қарсы алды. Қыз жұбанды. Өзіне кететін болды.
-Аға, сізге көп рахмет. Сіздің үй құрбымның үйінен де кең, жылы екен! Жақсы, мен өзіме барайын. Енді қалай өмір сүру керектігін білемін, осы аз уақыттың өзі менің болашағыма сәуле түсірді. Рахмет сіздерге. Ата-анама не деу керектігін өзім де білетін сияқтымын... Мен оларға:"Бақыт алыс елдерде емес, жүрегімізде, коттедж, вилла, қымбат көліктерде де емес, жанымызда, жан сарайымызда, бір-бірімізден алыстамайықшы"деймін. Және жай үйге шығуға кеңес берем. Жай ғана үй - мың коттеджден артық ішінде адамы болса! Тарлық етпейді.
- Қызым, бақытты бол. Сен келіп біздің де көзімізді аштың. Сол коттеджге сырттай көз сататындар осы үйден де табылады. Алайда сенің сөзің оларды да ойлантып тастады. Алдыңнан жарылқасын. Бара ғой,-деп қызды шығарып салды.
Қыз тысқа шыққанда жылы жаңбыр сіркіреп, ауа жұпарланып тұр екен! Ол бақытты сезді. Ата-анасына телефон шалды. Сағынғанын, жақсы көретінін айтты.
Мұнайдар Балмолда