Сатираның алдаспан ақыны
Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, сатира сардары, ақын Асқар Тоқмағамбетовтің туғанына 120 жыл толып отыр. Ақиық ақын 1905 жылы сол кездегі Тереңөзек ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. Сөзі мірдің оғындай көздеген нысанаға дөп тиетін ақын алғаш білімді ауыл молдасынан алған. Сырдың саңлақ ақыны Ташкент қаласындағы политехникумда оқып, кейіннен «Лениншіл жас, «Еңбекші қазақ» басылымында қажырлы еңбек еткен. Мәскеу полиграфия институтын бітірген жерлесіміз Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ең алғаш 1925 жылы «Еңбек жыры» өлеңдер жинағы жарық көрген ақынның өлеңдері мен поэмалары, очерктері мен фельетондары бірнеше мәрте кітап болып басылып шыққан. Ақиық ақын қазақ сатирасының дамуына сүбелі үлес қосты. 1983 жылы 78 жасында өмірден өткен Сыр сардарының есімі араға 9 жыл салып өзі туған ауылына берілді. Атаулы жыл қарсаңында басылым бетіне ақынның бірнеше мысал мен өлеңін жариялауды жөн көрдік.
Редакциядан
Майға бөккен маңғазЖүрекке бүйрек бір күн мақтаныпты,
Қалдырмай ойдағысын ақтарыпты:
– Сен мені жүрсің, достым,
жақсы ұғынбай,
Көрдің бе жамылғым май,
жастығым май.
Жазы-қыс жаным тыныш,
майға оранып,
Жатырмын бар байлықтың
бастығыңдай.
Атақты «бітеу» біткен атым бүйрек,
«Жатпаған майға оранып
күнім сирек,
Жұмсауға керегіне алса біреу,
Алады шарбы майдан әрең сүйреп! –
Дегенде жүрек тұрды шамырқанып,
Бүйректің бұл сөзіне таңырқанып:
– Құр сыртың жылтыраған,
байғұс бүйрек,
Қолы емес, пышағының ұшы түйреп
Ұсынып отыратын балаларға,
Емес пе ең, мақтанасың бүгін
бүй деп.
Мен болсам майды оранып,
жастанбай-ақ,
Аралап қан-тамырды бастан-аяқ,
Қолқадан кіріп, жұлын,
миды шолып,
Біреуін қалтарысқа тастамай-ақ,
Жүретін тіршіліктің тірегімін,
Сондықтан жұрттың
сүйер жүрегімін,
Қол үзген бар өмірден
майға оранып,
Сыртыңнан аяп сені жүр едім мен! –
Деген сөз айтылса да жайлап қана,
Бүйрекке майға оранған
арнап дара,
Жылы орын, жайлы төсек иелері,
Сендер де жүрек сөзін ойлап қара!
Түлкі мен көкқұтан
Көкқұтан көрші болып түлкіменен,
Түндерде нөсерлі бұлт күркіреген,
Достасып, балаларын бірге қорғап,
Боп жүрді болашағын бір тілеген.
Ауырлық түссе басқа ақылдасып,
Ойдағы сырын бүкпей отырды ашып,
– Есіттім қасқыр бар деп
жақын маңда,
Алысқа кету қиын батыл басып.
Қасқырдың білесің ғой қасқырлығын,
Білетін бір антұрған бас қулығын.
Қалт етсем қағып кетер,
достығы жоқ,
Боларсыз есіткенде қас сұмдығын...
Болмайды сақтанбасақ, кезектесіп –
Біріміз - бірімізге көмектесіп,
Әйтеуір асырайық балаларды,
Түлкі тұр: «Бар айтарым сол еді», –
десіп.
Көкқұтан көршісінің бұл ақылын
Тыңдап боп сөйлеп отыр бу да
ақырын:
–Түлкіжан, жақсы айтасың,
сақтанбасақ,
Істері аз ба бізге бұзақының.
Ұяда пысықтаусың, сен қала ғой,
Көрерсің, алдың ашық, кең дала ғой!
Жем іздеп, жедел ұшып мен келейін,
Жер ала, байқамасақ, бұлт шала ғой.
Дегенде түлкі иіліп, шын пейілін
Байқатып жолдасына тұр көңілін,
Көкқұтан соны айтты да ұшып кетті,
Түлкінің қарсы алды да бұл мейірін.
Құтанның құшағына ап балапанын,
Жайған боп түлкі мұңдар алақанын,
Бүрді де алқымынан жығып салып,
Қорек боп қалдың, – деді, –
балақаным.
Тойғанда уыздай жас құс етіне,
Түсті де жемге кеткен «досы» есіне,
Отырды өксіп, жылап, жасын төгіп,
Төбенің шығып аулақ бір шетіне.
Жем алып, жеделдетіп құтан келді,
Айналып алыс жолды ұша келді.
Түлкінің тұнжыраған түрін көріп,
Жер таппай қона кетті ұшарға енді.
– Білмеймін дейтініңді қара басқан,
Аяма қастық қылсам, мені басқа ұр.
Қалғып бір қапелімде кетсем керек,
Біреуін жеп кетіпті қорқау қасқыр...
– Қандайы, қандайын? – деп
құтан қақсап,
Асығыс болғаны-ақ сол сөзді бастап.
– Әлбетте, ұзын мойын балапанды! –
Дегенді айтты түлкі тоқтап-тоқтап.
Көкқұтан қайғырды өлген баласына,
Қорқау боп қасқыр қалды жаласына.
Жем іздеп тірісі құтан кетті,
Қалдырып «түлкі досын»
тағы осында.
Арада азын-аулақ күн өткенде,
Жалықты түлкі босқа күзеткенге.
Қалғанын балапанның қағып салды,
Алдынан байқаусызда бір өткенде.
Құтанды келе жатқан көзі шалып,
Еңіреп тұрды түлкі қатты налып:
«Қасқыр жеп кетті тағы...»
дегенді айтты,
Егіліп жеткізгендей өліп-талып.
Сұраған: «Кетті екен, – деп, –
қандайын жеп
Құтанға көз түрткі
боп қалмайын деп,
«Әлбетте, ұзын мойын!» – деді түлкі,
Төмпештеп қайта-қайта
маңдайын кеп.
– Ой, жауыз, оңбаған сұм,
арам ойың,
Не қылған өле берген
«Ұзын мойын?...»
Деді де құтан тартты өз жөніне,
Түлкіден аулақ салып тұла бойын.
Күле кіріп, шығатын күңіреніп,
Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам...
Алдағанның арбауы тіліне еріп,
Болып жүрме осындай аңқау құтан!
Ақпаршыларға ашық хат
Өтірік айтқыш кейбіреу
Өтірік айтар кезінде,
Үстін-үстін жөтеліп,
Жарты құшақ ақпарды,
Әкеледі көтеріп.
Өтірікке кеткендей,
Айта-айта еті өліп,
Шылп етпестен соғады,
Алғандай әбден төселіп,
Солардың кері келмесін,
Совхоздағы Бөкенов.
– Қайдан, қашан орарын,
Шабындығың қай жақта,
Білмейсің соны Бөкенов,
Бар болса осы аймақта,
Орамыз ғой дейсің де,
Жөнелесің сайрап та.
«Октябрь» де осы күй,
Жинақты жатыр ақпары.
Тасқа таңба басқандай,
Ауданға жазған хаттары.
Өткен қыстың ұмытқан,
Жанына қатты батқаны.
Ұят-ау тіпті бұлардың
Жайбарақат жатқаны.
«Ақ арықта» айқай көп,
Шабуыл бар баяғы,
Не боларын сезбейді,
Бос шабудың аяғы.
«Орындаймыз» дегенде,
Сырдың аяқ - баяғы,
Дүрлігеді даусынан,
Жөндеуі бірақ біткен жоқ.
Өткен жылда оларды
Шабатын шөп күткен жоқ.
Сонда да мынау бастықтың
Санасына жеткен жоқ.
«Қырық жылдықта» Тасымов,
Көтеріліп басылып,
Ақпарына әлі жүр,
Әупіріммен асылып.
Шөп шабатын машина,
Әр жақта жатыр шашылып.
Бөлшектері фермаға,
Болар емес тасылып.
Ауданда тұр жетеуі,
Оған ешкім асығып,
Барған емес биылға,
Ақпар тұр оны жасырып.
«Қызылсуда» бастықтар,
Байытып тұр сөзбен-ақ.
Қыс боларын әрине,
Өткен жылы сезген-ақ.
Сонда да болса: «күз туса,
Шабамыз ғой іздеп-ақ « –
Дейді кейбір жолдастар,
Ақпарына»100-ді» орап,
Процентке шағады,
Осы бастан бірден - ақ.
Бара қалсаң аудандық
Мекемелі санаққа,
Бәрі түгел дап-дайын,
Шыға сыймайсың санап та.
Машиналар жұтынған,
Тұрғандай дәл парадқа.
Волокушка дегендер,
Мініп алған қанатқа,
Ұшатындай болып тұр,
Сай болып жаңа талапқа.
Тырмалар тұр тырулап,
Пішендік жетіп танапта...
Ал, бірақ, көбі бос цифр,
Жазылған қағаз – парақта.
Кейбір цифр «мас боп тұр».
Батырғандай араққа...
Азаматтар аудандық,
Басқарушы – басқарма.
Ұят қой қарау тексермей,
Жазылған жалған жоспарға.
Айтыңдар, тіктеп онан да,
Цифршыл, жылпос достарға.
Жем-шөбін малдың ойламай,
Жаз ортасы асқанда,
Судыраған қу сөзбен
Сүйенбесін ақпарға,
Осыны еске салушы
Ашық хат арнап жазушы,
Айтарсыз алғыс ағаңыз –
Құрметті жолдас Асқарға!
«Сияқтылар» сияқты
Жиын,
Дауыс,
Уда шу.
Қарсы алды жұрт Тұяқты.
Тұяқ шықты мінбеге,
Отырғандар құлақты
Түре қалды, өйткені
Жұлып тастап тымақты
Тұяқ бөсіп кеткелі,
Дайын тұрған сияқты.
По-моему, жолдастар,
Білген жөн ғой ұятты.
Барлығы да түп-түгел,
Қамтамасыз етілген,
По-моему, сияқты.
Қозы түгіл қоңторғай
Еткен жоқпыз лақты,
Мүмкін емес сүріну,
Өтірікпен Тұяқты,
Мені біреу ауданда,
Кеше өлтіре сынапты,
Как будьто бы, шопанның
Былтыр салған үйінің
Төбесінен су ақты, –
Деп айтатын сияқты,
Ондайларды – непуха,
Айтуға да ұятты.
Әр үйдің мен төбесін,
Тұмсығыммен түрткілеп,
Білуім керек сияқты.
Қабырғаға жабысқан,
Әр үйдегі сылақты,
Жалауым керек сияқты.
Ей бөге, бұл чепуха,
По-моему сияқты.
Тағы біреу сүт жоқ деп,
Сыртымыздан сынапты.
Қаймағы бар қалың сүт,
Ала жаздай ауылдан,
Ағытылған бұлақты...
Көрмеу деген менімше,
Барып тұрған көргенсіз,
По-моему, сияқты.
«Етке өткізген малдары,
Көк бақа» деп сынапты,
По-моему, жолдастар,
Бұл да өтірік сияқты.
Өйткені өзім соғымға,
Сойып едім бір атты,
Сере шықты, жолдастар,
Сонда оларға бракты,
Беріп, Тұяқ как будто
Алдап тұрған сияқты.
Пәлі, тапқан екен ол,
Бессовестный Тұяқты.
Жоқ, жолдастар, бұл Тұяқ,
Олай емес сияқты.
Білімі бар жоғары,
Ақылы бар тұрақты,
По-моему, сияқты.
Тура отыз жыл істеген
Тарлан ағаң сияқты,
Опыт десең опыт бар,
Қоқырайтқан тымақты
Біреу екен демеңдер,
Наменклатураға ілінген
Түңлікбайұлы Тұяқты! —
Байқау керек, жолдастар,
Білу керек ұятты! —
Деп мінбеден түсті де,
Қолына алды тымақты,
«Тұяқ па, әлде тымақ па?»
Деген бізге сұрақты,
Қалдырды да жөнелді,
Бір қақты да құлақты...
«Қыл көпір» аузында
Қызыл қасқа ту сиыр,
Өкіреді алақтап,
Жан-жағынан тұр бүгін,
Жеті пышақ жалақтап.
Қолын жайып молда тұр,
Тұяқбаев Жәнетке:
«Қабыл болсын құрбаның,
Жайың болсын жәнетте»,
Дегенде оның аузынан:
Шығып кетті «ылаһым».
– Сіздерге де иманды,
Берсін, – деді, – құдайым.
Жеті жақтан жеті шал,
Ұстап сиыр құйрығын,
«Қыл көпірдің аузында»,
Күтіп құдай бұйрығын.
Салбырайды бастары,
Құлап жатыр құманы.
Завсклад гортопта,
Тұяқбайдың Жұманы.
Ол да келіп қол жайды,
«Қабыл болсын, тілек» – деп,
«Көптен бері көре алмай,
Молдекеңді жүр ек деп».
Молда көзін жұмады:
«Алдыңда, деп қиын күн!»
Елестеп көзге терісі –
Қызыл қасқа сиырдың...
Молдекеңе тым жақсы,
«Иіс-қоңыс « тағы бар.
Айтта құран оқытқыш,
Тағы біреу табылар...
Ықылайды есегін,
Шұқылайды иығын.
Жан-жағына жіберіп,
Көздің арам қиығын.
Қарызданып Жәнет тұр,
«Кірісемін шекке» деп.
Кердеңдейді молдекең,
Ет, теріні текке жеп.
Жоққа сенгіш, «құдайшыл»
Алдаушының құрбаны,
Арамызда бар әлі,
Құрбан болған құр малы...
Баздағы бүркіт
Баз бастығы Бүркіт болды,
Барып тұрған қырсық болды.
Баздың барлық дүниесін,
Тұмсығымен түртіп көрді.
Ашығына ауыз салды,
Бітеулерін жыртып көрді.
Тірі жанды менсінбеді,
Үлкен барса «кімсің» деді.
Кіші барса айқай салып:
«Мұнда не қып жүрсің?» деді.
Дүние деген теріс ақты,
Дабыс, даңқы дүрсілдеді.
Қорыққанына көбелектей
Шыр айналып шырылдады.
Қорықпасына сырт айналып,
Сырғып тұрды, бұрылмады.
Көзі кетті қылиланып,
Сөзі кетті қызуланып.
Өзі жүрді бір жағында,
Бар нәрсені бұзып-жарып.
«Мен кіммін Бүркітпін,
Талайды қорқытып, үркіттім.
Сүйеушің қудай болса,
Шымшық болсаң да Бүркітсің».
Бір күні Бүркіт қолға түсті,
Басындағы бақыты ұшты.
Сыр ашылды да бұл байғұстың,
Бүркіт емес шымшық екен.
Тонын киген қыран құстың,
Нағыз қызыл тұмсық екен.
***
Шымшық Бүркіт тұғырына,
Бүркіт болып қона алмайды,
Бүркіт тонын жамылғанмен
Шымшық Бүркіт бола алмайды.
Бастық пен жастық
I. Азанда
Таңертеңгі азанда,
Қойдың еті шымырлап
Қайнап жатыр қазанда.
Серпе сипап жастықты,
– Шай боп қалды, Майеке, –
Деп оятты бастықты.
– Коньяк па, ром ба!
Сол құрғыры мас қыпты,
Деп күледі Маймұрын.
Қысып қолмен шекесін,
Мөлдіреп келе қойған соң,
Қалай тастап кетесің...
– Бас жазылу оп-оңай,
Шаймен бірін тастасақ
– Бір күн кетті десеңші
Ол итті бір бастасақ...
Деді бастық қынжылып,
Тұра ма бүйтіп күн жылып.
– Қалдырмаймыз жарты дән
Саспа, Меке! Саспаңыз,
Жағымпаз бір ыңғайсоқ
– Мынаны ішіп тастаңыз, –
Деп ұсынды жүз грамм.
Екі жүзге жетпей-ақ
– Келін шырақ, сіз бір ән
Бастаңыз, біз қостайық, –
Деді Мәкең көңілді.
Басты бастық мыжғылап,
Түгін қоймай кемірді.
II. Талтүсте
Күн төбеге келіпті,
Бастық жатыр құшақтап,
Жуан, жұмсақ жастықты
– Шай қайнады, Мәйеке,
– Деп оятты бастықты.
Ол жуынып болғанша,
Басекеңді бас күтті...
Шошып қалды Маймұрын,
Шампанский шапшыпты
– Бұларың не, жолдастар,
Кетпейміз бе астыққа?
– Баруда не пайда бар,
Әуе айналған ыстықта.
Көріп келдім, комбайн,
Жүріп жатыр бұрқырап
Машиналар шұбырып,
Кетіп жатыр зырқырап.
Біз тұрғанда Майеке-ау,
Болмаңызшы беспакой,
Пішенде жүз процент...
Тасылыпты от какой! –
Деді де жігіт шынының,
Беріп қалды түбіне.
Барып соқты тығыны,
Үйдің жиған жүгіне.
– Келініңіз сіз үшін,
Тост көтерем деп отыр,
Дыбырлама жігіттер,
Сөзді тыңдап тек отыр –
Деген-ақ сол жас әйел,
Көтерілді сыпайы,
Ұсынғанын жұтпаса,
Кететіндей ұпайы,
– Жұмысыңыз, Май аға,
Алға баса берсін деп,
Саулығыңыз, Май аға,
Жылдап аса берсін деп,
Осы тосты көтерем!
Дегенде кеп шу етті,
Жұтып тастап жүз грамм
Жей бастады ту етті.
Сонымен кеш боп қалды,
Тағы оятты бастықты.
Бастық көне қоймады
Құшағына ап жастықты.
***
Осындай бір көңілшек,
Көрсе қызар бастық бар,
Бастық көрсе қырланып,
Тұра қалғыш жастық бар.
Ар, ұятын түйіп ап
Жүз грамдап ішіне..
Жататын жастық жастанып,
Айтыңдаршы ол, кісі ме?
Дастарқан үстіндегі даңғаза
Самаурын әнге басса,
Қазан қайнап бұрқылдайды.
Құрық болған қу мекиен,
Тыным таппай құрқылдайды
Төр алдында төсек тартып,
Бастық жатып ыңқылдайды:
– Қап!
Мынау иттің аузын жап!
Онсыз да бас зырқылдайды, –
Деп әйелін шақырады,
Үйден сыртқа ақырады.
Басқарманың мүшелері,
Отыр бәрі тұнжырасып,
Күз көңілсіз жаңбырымен,
Даланы тұр былжыратып.
– Жолдастар-ау қыстау...
Дегені сол,
Қолма-қол:
– Қыстау бітуін бітті-ау,
Бірақ асығыстау...
Деп зав.ферма қабақ шытты.
– Ептеп-ақ, жатырмыз,
Жетпей-ақ жатырмыз,
Уақыты құрғыр қысқа-ау,
Оның үстіне ауданнан,
Кешігіп тиді нұсқау.
Нұсқау болмаса қиын ғой,
Бізді ауылдан ұстау.
Бірде орақ деп кетеміз,
Бірде қонақ боп кетеміз,
Жаратылыс та күшті-ау...
Жегің де келеді,
Ішкің де келеді,
Құдайға шүкір,
Тіс бүтін, іш сау...
Деп алды да кеңкілдеп,
Күліп болып селкілдеп:
Күлімсіреп зав.ферма,
Көзін сәл - сәл қысады.
Ойына түсіп кетті де
Крыловтың мысалы:
«Ала жаздай әндетіп...»
Деп алды да ақырын,
Айтып тұрған бастыққа
Тоқтата қойды ақылын.
Өзіне де оңай ма,
Қайда қалды істесе?
«Сен салар да мен салар!»
Салақтыққа түспесе?
Орынсыз көзі кіртиген,
Болымсыз мұрты селтиген,
Ыңылдай түсіп Басекең,
Кейіген жері осы екен:
– Қысқарт ондай әзіліңді,
Үзір-мәзіріңді.
Не бар, не жоқ,
Айт онан да әзірін?
– Почему-то шөпті,
Аз орылды депті.
Тасылмады демесек,
Оны малдың жеуіне,
Болмаса керек еш дау.
– Әрине, – деді бригадир,
Қостауға келген де әзір:
– Қолдан келсе тасып жейміз
Тіпті болмаса төбесінен
басып жейміз.
Қысылатын түгі жоқ,
Қар басса ашып жейміз...
Деді мұртын ширата түсіп,
Бастықтың көңілін аулай түсіп.
Бастық қатты ыңыранды,
Төсегінен аунай түсіп,
– Кешіктік, ойбай кешіктік!
Сөгіс алдық бюродан,
– Е, оны кеше есіттік.
– Тақтай керек, тақтай
Шаршадық соны таппай,
Мал қораға есіктік.
– Астауды да бастау,
Керек деп білемін,
Ол күйінше тастау...
Есуастық, — деп еді бастық,
Мыжғыланды жастық,
– Істейміз, бітіреміз! деді бәрі,
Онан әрі,
Әрине, шай мен ет келді.
«Мені алыңдар» деп келді.
Мойны сорайған көк шыны,
Ашу үстіне деп келді.
Біреу түбінен періп қалды,
Жұтуға рет келіп қалды.
Танаулар жампаң қақты,
Бастыққа жалтаң қақты.
– Мына бір суық та...
Алып жіберіңіз, суытпа!
Тымау термен кетеді,
Бұл әрі кетсе,
Жел бермен кетеді... –
Десіп бәрі шүңкілдесті,
Кеңірдектер бүлкілдесті...
Ішіп-жеп тойып,
(бір лақты сойып)
Бір - екіден тастап болып,
Шықты бәрі атқа қонып.
Бірақ бұлар кешікті,
Сыртқа шыға бере,
Қыстың даусын есітті...
***
Әрине, буларда мәжіліс
Үзілмей болып тұрады.
Мәселенің көптігі сонша,
Басқарма мүшелері
Кейде кеңсеге қонып тұрады.
Сондықтан да оларды,
Іздеп келгендер,
Сирек жолықтырады.
Малын қыста қырып алып,
Орнын төлімен әрең толықтырады.