Үздіктер санатындағы спортшы
Педагогика саласында қажырлы еңбегімен танылған Серуенбек Нұржакиевті тереңөзектік көп шәкірт жақсы біледі. Буыны қатаймаған талай баланы спортқа баулыған ардақты ұстаз өз ісінің білгірі саналатын. Үнемі оқушыға қатаң талап қойып, жетістікке жетуге ұмтылдыратын жанның перзенті Нұрхан Сансызбаев әке жолын лайықты жалғай білген.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығына ие болған жас спортшы аудан мерейін бала күнінен тасытып келеді. Асқар тауынан дарыған дара қасиетті ұстай білген оның ерік-жігері мықты.
Ең алғаш білікті бапкер Пазылхан Абдулпаттаевтың нұсқауымен футболға қызығушылық танытқан Нұрхан Сансызбаев ала доп бәсекесінде алдына жан салмады. Тәжірибелі жаттықтырушы жас спортшының томағасын сыпырып, үздіктер қатарына қосуға тырысты. Алаңда өзіндік шеберлігін байқататын спортшы ала допты ұршықша иіретін. Алыс-жақын қалаларға жарысқа барғанда әке тәлімін ол ешқашан ұмытпайтын. Тәуелсіздіктің төл құрдасы әуесқойлықты кәсіпқойлық деңгейге жеткізді.
– Бала кезімнен футбол ойнағанды жақсы көретін едім. Жаттықтырушымыз үнемі бізді шыңдап, алға мақсат қоюды үйретті. 17 жасыма дейін жасыл алаңда ойын өрнегін көрсетіп, аудан намысын қорғауға барымды салдым. 2008 жылы ауданда алғаш Сұлтан Қобландин ағайдың бастамасымен көгалдағы хоккей спорт үйірмесі ашылды. Бір топ замандастарыммен бірге көгалдағы хоккей спортына бейімделіп, өмірімнің жаңа парағын аштым десем, қателеспеймін. Көгалдағы хоккей спорты өз қиындығымен қатар, физикалық күшті қажет етеді. Жарыс барысында көптеген жарақат алу қаупі жоғары. Жаттығу кезінде барлық әдіс-тәсілді сауатты орындап, қателік жібермеуге тырысамыз. Өзім де қазіргі уақытта шәкірт тәрбиелеп келемін, – деді жас спортшы.
Нұрхан Серуенбекұлы – ел біріншілігінде 9 мәрте топ жарса, индор хоккейден 7 рет жеңіс тұғырына көтерілген. Осыдан 15 жыл бұрын Қазақстан Республикасының «Спорт шебері» атағын сәтті қорғады. Азия ойындарына әр жылдары қатысып, ел намысын қорғай білді. Көгалдағы хоккей федерациясының ұйымдастыруымен өткен «His Рarticipation in FIH national hockey coaching course» және Малайзия еліндегі «The ahf outdoor hockey technical officiating course» ойындары сертификатының иегері саналады.
Бүгінде Нұрхан Сансызбаев «Қайсар» спорт клубының жаттықтырушысы ретінде шәкірт тәрбиелеуде. Аудан спортшыларын физикалық тұрғыдан дайындайтын жаттықтырушының шәкірттері орасан жетістікке қол жеткізіп келеді. Тереңөзектік Жансая Болатбековамен отау құрған жас спортшы 3 ұлдың әкесі. Сырдария әуесқойлар футбол лигасына жетекшілік ететін спортшының есімі аяқ доп шебері ретінде көпшілікке белгілі. Облыс көлемінде құрылған «Супер» лигада «Абай-Дәулет» комадасында бақ сынайтын ол кіші футбол, көгалдағы және индор хоккейден ешқашан қол үзбек емес.
Балтабай ОРДАБЕКОВ