КҮЛКІ – ӨМІРДІ ҰЗАРТАДЫ
Еркектер мен әйелдер достығының айырмашылығы: Әйелі таң ата үйіне келеді де, күйеуіне достарының үйіне қонғанын айтады. Күйеуі тексеру үшін әйелінің ең жақын он досына қоңырау шалады. Оның бесеуі «қонған жоқ» деп айтса, қалған бесеуі басқа жерде көргенін айтады. Бұл әйелдер достығы. Күйеуі үйіне таң ата келеді. Ол да түнде досының үйінде болғанын айтады. Әйелі тексеру үшін күйеуінің ең жақын он досына телефон шалады. Оның бесеуі «иә, біздің үйде қонды» десе, қалған бесеуі «әлі ұйықтап жатыр» деп айтады.
*****
Бір күні бір кісі, «Технодом» желі дүкенінен несиеге «Iphone 7» сатып алыпты. Ұялы телефонды шалбарының артқы қалтасына салып, жолға шығып такси тоқтатыпты. Такси тоқтағанда есігін ашып отыра қалса, бір нəрсе «қырт» ете қалады. Сол кезде әлгі кісі «Я Алла, омыртқам болса екен» депті.
*****
Баласы: – Әке, осы президент пен халықтың, министр мен қауіпсіздік комитетінің айырмашылығы неде? Әкесі: – Мысалы, мен президентпін, анаң қаржы министрі, әжең қауіпсіздік комитеті, ал сендер халықсыңдар, - деп түсіндіріпті. Ертесіне баласы жұмыстағы әкесіне телефон шалып: – Құрметті президент, қаржы министрінің бөлмесіне бөтен президент кіріп кетті. Қауіпсіздік комитеті шырт ұйқыда. Ал халық алаңдаулы, – деген екен.
*****
Құлағына сырға таққан, аздап боянған, шашы ұзын жас жігіт автобусқа мінеді. Келесі аялдамадан түспекші болған қарт әже: «Қызым шетке тұрасың ба, өтіп кетейін» дейді. Әлгі жігіт: «Апа, мен қыз емеспін» дейді. «Ойбу байғұс-ау, жастайыңнан жесір қалғанбысың?» деген кәрі апаның сол сәттегі сөзі автобустағыларды ду күлкіге қалдырған екен.