Ауыл жаңалықтары
Айдарлы ауылының әкімі Нұрбол Жұмабеков түнгі уақытта қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында арнайы рейдке шығып, көпшілікке түсіндірме жұмысын жүргізді.
Бұл ретте, ауылдық округтің бірнеше орталық көшесі, жасөспірімдер көп шоғырланатын орындар тексеріліп, елді мекен көлемінде оқушылардың қауіпсіздігі басты назарға алынды. Учаскелік инспектор және педагогтармен бірлескен іс-шарада ата-анасыз түнгі уақытта жүрген балалар үйіне қайтарылды.
БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ КӨҢІЛ БӨЛІНДІ
Жетікөл ауылындағы №174 орта мектепте 1-11 сынып оқушылары ата-аналарының қатысуымен педагогикалық консилиум форматында жиналыс өткізілді. Консилиум барысында оқушының оқу үлгерімі мен әрбір пән бойынша жетістігі сараланды. Олардың тәртібі мен әлеуметтік ортаға бейімделуі нақтыланды. Сонымен қатар жеке тұлға ретінде қалыптасуда ата-ана қолдауы, мұғаліммен берік байланыс орнатуы жан-жақты талқыланды. Жиынның бір ерекшелігі – әрбір ата-ана пән мұғалімдерімен кездесіп, баласының оқу үлгеріміне қатысты ақпарат алды.
УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ ЕСЕП БЕРДІ
Кеше Аманкелді ауылдық округі әкімшілігінің мәжіліс залында учаскелік полиция инспекторы, капитан Қуаныш Сисенбаев 2024 жылдың IV тоқсанында атқарған жұмыстары жөнінде баяндама жасап, тұрғындарға есеп берді. Есеп беру барысында учаскелік полиция инспекторы алаяқтың арбауына түспеу, ұрлық және есірткі заттарын егіп-өсіру қылмыстарының алдын алу бағытында жиналған көпшілікке ақпарат берді.
ҚАРИЯЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Бесарық ауылының әкімі Дәулет Сәрсенбаев 85 жасқа толған қарияларға құрмет көрсетті. Қазыналы қарттардың үйіне барған ауыл әкімі мерейтой иелерін құттықтады. Талай жыл ауыл өмірімен біте қайнасып, еңселі еңбек еткен қариялар қатарында Ұзақ Телхозиев, Ақбалдақ Ермағанбетова, Жақсылық Ахметжанов, Жанасыл Азнабаева, Тұрсынкүл Имашева бар.
ЕРТЕГІ ЖЕЛІСІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Қоғалыкөл ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен «Адал адам» мәдени-тәрбие беру орталығының «Әлем–BOOK» жобасы бойынша «Түлкі мен тырна» атты ертегісі мектеп оқушыларына таныстырылды. Сондай-ақ «Ертегі тыңдап есейдім» атты жобаның негізінен туындайтын іс-шараның танымдық мәні зор. Кітапханашы Нұргүл Жұматаева мектеп оқушыларына ертегі мазмұнын түсіндіріп, білімін кеңейте түсті.
БАЛАЛАРҒА МУЛЬТФИЛЬМ КӨРСЕТІЛДІ
Қалтай Мұхамеджанов атындағы Шіркейлі ауылдық мәдениет үйінде «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасы негізінде «Қоңыраулы қала» мультфильмі ауыл тұрғындарына көрсетілді. Көпшіліктің көңілінен шыққан мультфильм шытырман оқиғаға толы. Бірнеше тілге аударылған туынды балалар үшін таптырмас дүние.
КӘСІПКЕРЛІК ДАҒДЫЛАРЫ ҮЙРЕТІЛДІ
Нағи Ілиясов ауылындағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектепте «Еңбегі адал жас өрен» жобасы аясында «STARTUP» байқауы өтті. Байқау аясында мектеп оқушылары бизнес бастау және кәсіпкерлікпен айналысуға қатысты стартап жобаларды қорғады. Әрбір қатысушы кәсіпкерлік дағдыларына бейімделіп, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке қатысты ойларын ортаға салды. Негізінен, байқау оқушылардың кәсіп ашуға деген ынтасын оятты.
БЫЛҒАРЫ ҚОЛҒАП ШЕБЕРЛЕРІ ЖҮЛДЕГЕ ІЛІКТІ
Шаған ауылының жас спортшылары Қызылорда қаласында өткізілген облыс біріншілігінде топ жарды. Яғни, былғары қолғап шеберлері облыстық бәсекеде қарсыластарымен жүлделі орындарға таласты. Бұл ретте, Бауыржан Кенжебекұлы ІІ орын, Асылхан Кеңес, Шапағат Қарасай, Бекжан Ғабит ІІІ орын иеленді. Аудан намысын лайықты түрде қорғаған жастар алдағы уақытта өткізілетін жарыстарға дайындықты бастап кетті.
МҰҒАЛІМДЕРГЕ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ДӘРІС БЕРІЛДІ
Іңкәрдария ауылындағы №191 орта мектепте «Мақсатты мектеп» жобасы аясында педогогтар арасында «Мұғалім бейнесі» тақырыбында психологиялық тренинг өткізілді. Күнделікті баламен жұмыс жасайтын ұстаздар қауымының эмоционалды көңіл-күйлерін көтеру мақсатты түрде жүзеге асырылды. Бірнеше топқа бөлініп жұмыс жасаған мұғалімдер психологиялық бірнеше сынақтан сүрінбей өтті. Оқушыға сабақ беруді ұстамдылықты, сабырлықты сақтауға байланысты жаттығу жасалынды.
ОҚУШЫЛАР АКТЕРЛІК ШЕБЕРЛІКТЕРІН ШЫҢДАДЫ
Ақжарма ауылындағы №130 Абай атындағы орта мектепте «Мектеп театры» жобасы жолға қойылған. Бұл ретте, театр өнерін меңгеріп келе жатқан оқушылар кезекті қойылымды көпшілікке ұсынды. Қойылымның мазмұны жан-жақты ашылып, әлеуметтік мәселелер кеңінен қамтылды. Отбасындағы сан түрлі мәселелер қойылымның мазмұнын аша түсті.
САЯЖАЙЛАРДЫҢ АХУАЛЫ ТЕКСЕРІЛДІ
Асқар Тоқмағамбетов ауылына қарасты аумақта бірнеше саяжай орналасқан. Бұл ретте, елді мекенде орналасқан саяжай тұрғындарына Сырдария өзенінде су деңгейінің күрт көтерілу қауіпі болған жағдайда жасалынатын іс-әрекеттері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ауылдық округ әкімшілігінің мамандары аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарымен бірлесіп, тілсіз жаудың алдын алуға байланысты кеңінен ақпарат ұсынды.
БАЛАЛАР ЖАЗУШЫСЫНЫҢ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Кеше Сәкен Сейфуллин ауылдық кітапханасының ұйымдастыруымен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығы тұжырымдамасы шеңберінде Сапарғали Бегалиннің туғанына 130 жыл толуына орай «Балалар әдебиетінің аға жазушысы» атты әдеби кеш өтті. Әдеби кеште балалар жазушысының шығармашылығы кеңінен насихатталды. Мектеп оқушылары жазушының өмір жолына тоқталып, балалар әдебиетіне қосқан үлесін тізбектеп айтып берді.
ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАРЫСТА ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ
Қалжан ахун ауылындағы №126 орта мектептің мұғалімі Гүлмайра Сүлеймен бесасықтан өткен республикалық жарысты жүлделі І орынды жеңіп алды. Жыл сайын үздіктер қатарынан көрінетін ұлағатты ұстаз ұлттық ойынның хас шебері атана білген. Бұған дейін бірнеше мұғалімдер арасындағы жарыстардан жеңімпаз атанған спортшының кезекті жетістігімен құттықтаймыз!
«Тт» ақпарат