Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№3 газет

14 қаңтар 2025 ж.

№ 2 газет

11 қаңтар 2025 ж.

№1 газет

07 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Арманы асқақ Айдана

Арманы асқақ Айдана

Айдана Берікқызы – алға қойған мақсатына, асқақ арманына қажырлы еңбектің нәтижесінде жеткен жан. Ол қазір Оңтүстік Корей елінде тұрады. Кореяға сапар шегу, тіл үйрену, өзге мемлекеттің менталитетімен таныс болу кейіпкеріміздің бала күнгі арманы. Аудан орталығындағы №210 мектепте білім алып, қазіргі таңда шетелде тәжірибе жинап жүрген шалғайдағы түлегімізбен онлайн сұхбат құрдық.

– Айдана, елден сағыныш толы ыстық сәлем жолдаймыз. Бізде уақыт айырмашылығы қалай? Беймезгіл мазалап отыр­­ған жоқпыз ба?

– Аудандық газет редакциясынан хабарласқаныңызға қатты қуанып қал­дым. Өзге қалада жүргенде өз ауданымызды айтса желпініп қалатын едік, шетелде Қазақстан атын естісек, елеңдеп тұрамыз. Оның қасында өзім туып-өскен ауданнан, жаңалықтар жаршысына айналған төл газеттен іздеп жатса, неге қуанбасқа?! Жақсы жаңалықтарды естіп жатырмыз, бәрі оң болсын! Оңтүстік Корея мен Қазақстан уақытында 4 сағат айырмашылық бар. Сізде түскі 13.00 болса, біз жақта сағат тілі 17.00-ді көрсетеді.

– «Шалғайда жүрген бір түлек» айдары бойынша өзіңіздей аудан жас­­тарымен тығыз байланыс орнатамыз. Алдымен оқырман қауымға өзіңізді таныстырып өтсеңіз, негізгі сұрақтарға кейінірек көшеміз.

– Есімім – Айдана. Әкем – Берік, анам – Айнұр. Тереңөзек кентіндегі №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы мектепте 11 жыл білім алып, туған жердің топырағында ойнап өстік. Кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­верситетінің екі шет тілі мамандығы бойынша білім алдым. Оқу бітіргеннен кейін Оңтүстік Кореяға келдім. Осы жақта тіршілік етіп жатқаныма бес жылдан астам уақыт өтіпті.

– Неге дәл Кореяны таңдадыңыз? Бұл ел сізге несімен ұнайды?

– Жалпы өзім бала күнімнен осы елдің салт-дәстүріне, тіліне, кино, сериалдарына, әні мен биіне, үлкен ғимарат­тары мен әдемі табиғатына қызығып өстім. Сол кезден бас­тап бұл ел туралы ізденіп, зерттей бастадым. 11-сыныпқа келгенде менде үлкен таңдау болды. Сол кезде мен өз-өзіме сұрақ қойдым. «Мен нені ұнатамын, маған қандай сала қызық, қай бағытта мен өзімді еркін сезінемін?» деген сияқты. Себебі анам «Мамандық таңдауда қателесуге болмайды. Өзіңнің жақсы көретін, икемің келетін саланы таңдасаң, кейін сол салада жұмыс істеу оңай әрі қызық болады» деп үнемі айтатын. Анамның ақылын тыңдап, өзім­нің қызығушылығымды зерттей бастадым. Болашақта өзім қалаған нәрсеге қол жеткізу үшін ҰБТ-да ағылшын тілін таңдадым. Арманыңа қадам жасасаң, алдыңнан мың есік өздігінен ашылатыны рас. Құдай оңдап, тестілеуден жоғары ұпай жинап, қалаған оқу орныма түстім. Университетте менде екінші тілді таңдау мүмкіндігі болды. Қытай, араб, кәріс тілдерін таңдауға болатын еді. Ойланбастан, кәріс тілін таңдадым. Студенттік жылдар өте қызықты өтті. Топта белсенді болып, қоғамдық жұмыстарға етене араластық. Америка, Англия, Корея елдерінен келген жоғары ілімді мамандардан тә­лім алдық. Көп нәрсе үйреніп, алға қойған мақ­­сатымызға жа­қындай түстік. Оқу бітір­­геннен кейін ата-анамның ақ батасын алып, осында көшіп келдім. Өмірімнің бес жылдан астам уақыты осы елде өтіп жатыр. Бұл менің орындалған үлкен армандарымның бірі дей аламын.

– Оңтүстік Кореяның қай қаласында тұрасыз қазір?

– Инчхон деген қалада тұрып жатырмын. Инчхон Сеулден кейінгі «екінші корей астанасы» деп жиі айтылады. Табиғаты әсем, тамаша қала деп айтуға болады. Бұл жақта барлығы жан-жақты дамыған. Өзіме өте қатты ұнайды. Инчхон – Корей түбегіндегі портты қала. Халық саны бойынша Сеул мен Пусаннан кейінгі үшінші орынға тұрақтайды. Туризм жақсы жолға қойылған. Тіпті елдегі ең үлкен әуежай осы қалада орналасқан. Бұл қаланың тарихы тереңнен сыр шертеді.

– Енді мына сұрағыма жауап беріңізші. Корей елі несімен ұнайды?

– Кореяны тек 5 сөзбен сипаттау керек болса, ең алдымен мына ерекшеліктерді айтқан болар едім. Ең бірінші – қауіпсіздік. Мұнда әр бір метр сайын бейнебақылау камерасы орнатылған. Екі көше сайын полиция мекемесі бар. Күндіз де, түнде де емін-еркін, қорықпай жүре беруге болады. Ешкім ешкімнің затына да, өзіне де тиіспейді. Екіншіден – инфраструктура. Яғни, мұнда адамдарға қолайлы жағдай жасалған. Транспорт, медицина, оқу-білім, демалыс орындары бәрі-бәрі халыққа тиімді. Почта, жеткізу қызметі де өте жылдам жұмыс істейді. Үшіншіден – халықтың менталитеті жақсы дамыған. Үлкенді сыйлау, жұмысқа деген жауапкершілік тұрақты жолға қойылып, бірқалыпқа түскен. Тіпті қарапайым қоқысты сорттап тас­тау да күнделікті өмірдің бір бөлшегіне, үйреншікті іске айналған. Төртіншіден, бұл ел өз өнімдерін өте жақсы қолдап, халыққа қолжетімді ұсынуға тырысады. Әлем бойын­ша 109-орында тұрғанымен, мұнда завод, компания­лар көп. Ең бастысы, дүкен сөрелерінде 80 пайыз осы елде өндірілген өнімдер тұрады. Яғни өз-өзін дамытып, ең алдымен өз халқына сапалы жағдай жасап отырған ел деп айтуға негіз бар. Бесіншіден, туризм жоғары деңгейде жолға қойылғанын айтуға болады. Туристерге қажетті кез келген орталықта бірнеше тілде қызмет көрсетіледі.

– Қызық. Салт-дәстүр, мерекелер тойлауда қандай ерекешеліктер бар?

– Иә, бұл жақта да мемлекеттік, ұлттық мерекелер тойланады. Мысалы, Тәуелсіздік күні, мемлекеттің құрылған күні, Конституция күні сияқты мерекелер бар. Бұл мерекеде әр үй, әр мекеме, әрбір көшеде кәрістердің туы көтеріледі. Елде екі күнтізбе қолданыста. Бірі – Ай күнтізбесі, екіншісі – жалпымемлекеттік күнтізбе. Ең үлкен, ауқымды мерекенің бірі Чусок деп аталады. Бұл Ай күнтізбесі бойынша 15-күні тойланады. Бұл күні әр отбасы ата-әжелерінің үйіне жиналып, ханбок (ұлттық киім) киіп, ұлттық тағамдары сонпхён (күріштен жасалған ликер), кальбичим (бұқтырылған еттен жасалған тағам) дайындайды, ата-бабаларына тағзым жасайды.

– Десек те «Әр елдің салты басқа» деген. Қанша жерден бала күнгі арман болса да, дамыған ел болса да, туған елге, туған жерге жетпейді иә? Қазы-қартаны, бешбармақ пен бауырсақты сағынатын шығарсыз?

– Әрине, әр адам үшін кіндік қаны тамған жердің ерекше болуы сөзсіз. Корея көпұлтты мемлекет. Мұнда туризм жақсы дамығандықтан әр түрлі елден келген азаматтарды жолықтыруға болады. Оның ішінде қазақтар да бар. Мен тұрып жатқан Инчхон қаласында Саданджи деген аудан бар. Онда қазақтармен қатар, өзбек, Ресей азаматтары ашқан дүкен, ресторандар, туристік агенттіктер мен арнайы офистер жұмыс істейді. Ауылдың бешбармағы мен айран-қатығын сағынғанда сонда барып тұрамын. Анамның бауырсағына, ауылдың айран-сүтіне жетпейді әрине. Десек те, сағынғанда ауыздың дәмін алып, аңсарыңды басуға жақсы.

– Қазақстанға қайту жоспарда бар шығар, иә?

– Әрине, бұл жақтағы жұмысымды реттеген соң, Алла қаласа, туған жерге, ауылға қайтамын. Ол күн алыс емес. Ауылдағы ата-анамды, бауырларымды қатты сағындым.

– Корея еліне сапар шегуді, сол елмен етене араласуды бала күннен арман еттіңіз. Мақсатыңызға жеттіңіз. Жалпы мектеп кезіндегі Айдана мен қазіргі Айдананың қандай айырмашылығы бар деп ойлайсыз?

– Адам «бұл өмірде не бітірдім» деп жүріп өткен жолына қарағанда, өзінен де өзгеден де қысылмайтындай шама-шарқынша түзу өмір сүруі керек. Өткенге көз салсам, бала арманы орындалған, дегеніне жеткен, есейген Айдананы көремін. Тіпті өзімді өзім мақтан тұтамын. Мен арманыма жеттім. Бірақ бұл басы да, соңы да емес. Алда жоспарларым көп. Оны Алланың қалауымен көре жатармыз.

– Кейінгі буын, мектеп бітіргелі отырған жас түлекке қандай кеңес берер едіңіз?

– Арманыңа адал бол. Әрекет ет. Еңбектен. Талма. Қажыма. Бетің қайтпасын. Жасап көр. Қорықпа. Уақытты босқа өлтірме дер едім.

– Айдана, бүгінгі сұхбатыңызға рақмет. Туған жер шалғайда жүрген түлектерін ұмытпайды. Елден дұғай сәлем жолдаймыз. Алла әр ісіңізге сәтін беріп, аман-есен елге оралуыңызға тілектеспіз!

Сұхбаттасқан
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
14 қаңтар 2025 ж. 188 0