Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№3 газет

14 қаңтар 2025 ж.

№ 2 газет

11 қаңтар 2025 ж.

№1 газет

07 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Көпбалалы жас ана бақытының иесі

Көпбалалы жас ана бақытының иесі

Жансая Оразқұлова – көпбалалы жас ана. Оған 32 жасында 6 баланың анасы болу бақыты бұйырды. Әрине, жас ананың мойнына көпбалалы болу ауыр жүк болуы мүмкін. Дегенмен Жансая ешқашан «шаршадым» деп айтқан емес. Өйткені оны қолдайтын жан жары мен қазыналы қария – ата-енесі бар. Бүгінде ана бақытына бөленіп отырған оның отбасында береке мен бірлік үйлесім тапқан.

Қазіргі уақытта елімізде көпбалалы аналар көптеп саналады. Бұл да болса ел демографиясына жас отбасылардың қосқан үлесі. Десек те көпбалалы отбасын көрсек, таңқалысымызды да жасырмайтынымыз рас. Себебі көптің көкейінде «балаларды қалай асырайды» деген сауал туындайды. Бірақ, «әрбір туған баланың өз несібесі бар» деген халқымыздың дана сөзі бар. Әрине оңай емес. Балаларды өмірге әкелуден бөлек, оларды жақсы тәрбиелеп өсіру, оқыту, үйлендіру секілді қаншама міндет ата-ананың мойнында.

Ауданның шалғай елді мекені Іңкәрдария ауылында тұратын Жансая Дүйсенбайқызы –жас ана, үлкен шаңырақтың келіні. Алтыншы сәбиін Наркенжені 2024 жылы өмірге әкелді. Ол жұбайы Ермекпен 5 ұл мен 1 қызды өсіріп, тәрбиелеп отыр. Балалардың үлкені Жомарт – 12 жаста, одан кейінгілері Сырым, Нұрғиса, Әуесхан мектеп оқушылары, кенже ұл Әлихан – 3 жаста. Ұлдардан кейін дүниеге келген қыз балаға ырымдап, өнер иесі Наркенже Серікбаеваның есімін атасы қойған.

«Иә, оңай емес, барлығы жақсы болады, әрбір бала үлкен бақыт қой» – дейді жас та болса көпбалалы ана атанған Жансая. Мектепте оқитын ұлдарына сабағын оқытып, үй шаруасын үлгеруде оған жұбайы мен енесі көмектеседі. Негізі қарашаңырақтың иесі Ермек те көпбалалы отбасынан шыққан. Олар 7 ағайынды. Ал Жансая – Түркістанның тумасы. Ол туған ауылындағы мектепті бітірген соң, еңбекке араласып, түрлі жұмыс істейді. Құдай қосқан қосағына 20 жасында тұрмысқа шығады. Жас келін өмірге бірінен соң бірін сәбиін әкеліп, өз уақытын балаларына арнайды. Бала тәрбиесін басқа парыздан биік қояды. Ешқашан жұмысқа шықпағанына қынжылмайды. Алтыншы сәбиінің өмірге келуімен алдағы уақытта «Күміс алқа» иесі атанады.

– Көпбалалы ана ретінде мемлекеттен жәрдемақы аламын. Бұл жас аналарға деген мемлекеттің қол­дауы. «Енемнің топырағынан» болуым керек Құдай­дың берген перзенттерін сүйдік. Үлкен отбасы болу керемет емес пе. Әйел үшін бұдан артық бақыт жоқ, – дейді көңілі жайдарлы Жансая.

Үлкен шаңырақтың берекелі тірлігіне ұйытқы болып отырған Жансая Дүйсенбайқызы өмірде өз жолын табуда қателеспегенін айтады. Көпбалалы ана болу бақыты бұйырғаны «оған өмірдің өзі берген сыйы» деп біледі. Ауыл­да беделді, сыйлы отбасы, білім саласының ардагері Дүйсенбай Томпалақовтың кіші келіні. Ер балалары атасы мен жұбайы Ермектің қолқанаттары. Мал шаруасын реттеуге, егін егуде қолғабыс етуге жарап тұр.

– Өзге облыстан Сыр еліне жастайымнан келін болып түстім. Оған еш өкінген емеспін. Жұбайыммен балаларымның болашағы үшін дұрыс тәрбие беруіміз керек. Сәбилерімнің арасы екі жастан болды. Арасы жақын, бір-біріне еріп, өздері-ақ қалай өсіп кеткенін білмей қалдық. Қазір ауылда көпбалалы аналар көп. Шүкір, бұл тұрмыстың да жақсарғанының көрінісі. Берекелі ауылымызда мал бағып, егін егіп тұрмысын жақсартып отырған отбасылар бар. Біздер де бала-шағаның несібесін жерден алып отырмыз. Ерте көктемнен егін егіп, ер азаматтарымыз түзде жүреді. Мүмкін балалар өскенде жұмыс істермін. Қазіргі менің бақытым – отбасым, үй шаруасы, – дейді ибалы келін Жансая.

«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, әкені, ер азаматты құрметтеуді бала кезінен өз отбасында көріп өскен Жансая жатжұрттық болғанда сол тәрбиені бәрінен биікке қойды. Ал ата-енемен бірге тұруды қаламайтын келіндерге: «Қарты бар үйдің қазынасы бар» екенін айтады. «Өнегелі отбасы болудың негізі – сыйластықта» дейді көпбалалы ана. Көп балалы отбасында адамгершіліктің құнды­лықтары – береке-бірлік, татулық пен сыйластық орнаған.

«Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Бала – үйдің берекесі, көз қуанышы, жүректің жұбанышы, ұлтымыздың баға жетпес қазынасы десек артық айтқандық болмас. Мұндай баға жетпес байлыққа аяулы ананың қосқан үлесі зор.

– «Өмірге бірінен соң бірі ұлдарымыз келгенде қуанышымызда шек болмады. Дегенмен «қызымыз да болса екен» деп тіледік. Шүкір, кішкентай қызғалдағымыз да өмірге келді. Бақытымыз еселене түсті. Оның тәтті қылықтарына қарап ата-әжесінен бастап, бәріміз мәз боламыз. Мүмкін тағы да сәбилеріміз өмірге келер, бәрі Алланың қалауымен», – дейді перзенттеріне жарық дүние сыйлаған жас ана.

Жұдырықтай жүрегі жылулыққа, ыстық ықы­лас пен мейірімге толы, жүзі гүлдей құлпыр­ған жас ана­ның махаббаты неткен шексіз?! Құдай тілеуіңізге берсін!

Бибісара ЖАНӘЛІ
14 қаңтар 2025 ж. 163 0