Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » КӨЗГЕ ЖАС ҮЙІРЕТІН ҒИБРАТТЫ ӘҢГІМЕ

КӨЗГЕ ЖАС ҮЙІРЕТІН ҒИБРАТТЫ ӘҢГІМЕ


Ташкенттік Фазыл қариды көпшілік білсе керек. Ол кісінің əкесі ақылынан алжасқан, ақыл-есі дұрыс емес кісі болған екен. Фазыл қари жұмыстан үйіне келсе, əкесі үнемі;
- Балам, мені үйге апаршы,- дейді екен. Өз үйінде болса да, солай айтады екен. Сосын баласы əкесінің айтқанын екі етпей көлігіне отырғызып алып, көшені бір айналдырып келіп:
- Əке, әні, үйге келдік,- деп өз үйіне қайта əкеп қояды екен. Əкесі сонда;
- Рахмет, балам, бəрібір өз үйіңе жетпейді ғой,- деп баласына мəз болады екен. Күніге осылай қайталанады екен.
Бір күні Фазыл қари бір себептермен жұмысынан шығып қалып, көлігін де сатып жібереді. Əкесі күндегі əдетінен жаңылмай;
- Балам мені үйге апар,- дейді екен. Машинасынан айырылған баласы бір арбаның үстіне көрпе төсеп, əкесін соған отырғызып, ыңылдап машинаның дауысын салып ауланы бір айналдырып кеп:
- Əке, әне, үйге келдік,- дейді екен. Əкесі мəз болады екен. Бір күні əкесі:
- Балам, қолыңды жай, мен бүгін саған жақсылап бата берейінші, дұға етейін,- депті. Сосын былай дұға еткен екен:
- Балам, бүкіл əлемнің патшалары сенің арқаңда жүрсін!- деп бетін сипап, бата беріпті. Ал, ұлы болса:
- Қалай бүкіл əлемнің ел билеушілері менің арқамда жүреді? Мен оқымасам, үлкен жұмыста істемесем?- деп таңырқапты. Мейлі, əкемнің ақылы бүтін емес қой,- деп күліп, үндемей қоя салған екен.
Арадан біраз жылдар өтеді. Баласы Фазыл қари дінге бет бұрып, 1998-2000 жылдары үлкен Қари атанады. Сол жылдары Самарқанның бір кесенесі ашылған ба, мешіт соғылған ба, əйтеуір, бір үлкен жиын болыпты. Оған барлық көрші ресей, қырғыз, т.б. мұсылман елдерінің президенттері келіпті. Сол жиынға Өзбекстанның бұрынғы басшысы Ислам Каримов осы Фазыл қариды шақыртыпты. Жəне қариға айтыпты;
- Сіз алға түсіңіз, бізге жол бастаңыз,- деп алдына өткізіп жіберіпті. Сонда алда келе жатып Фазыл қари ебіл-себіл жылаған екен. Жанындағылар таң қалып;
- Неге жылайсыз? Артыңызда ел билеген патшалар келе жатыр. Жыламаңыз,- депті. Фазыл қари сонда əкесінің берген батасын есіне алып, жəне оның қабыл болғанын айтып берген екен.
Ата-ананың батасы қашанда қабыл болады екен. Тек жақсы батасын алып қалу керек екен.
Абдулла Бақадыр,
Фб парақшасынан
25 шілде 2018 ж. 2 107 0