ЖАСТАР – ЕЛДІҢ ЖАРҚЫН КЕЛЕШЕГІ
Жастар – кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың біліміне олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Әр ұрпақтың пешенесіне жазылған заман ағымы, кезең тынысы болады. XXI ғасыр бүгінгі ұрпаққа, яғни біздерге бұйырған – баға жетпес бақыт.Тұңғыш Елбасының үнемі жастарды қолдап, жастар саясатын дамытуды көздейтіні бекер емес. Ол мұны кезекті жолдауында да ашып айтты. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауда Елбасы 2019 жыл елімізде «Жастар жылы» деп аталатынынжария етті. Ата-бабаларымыз болашақ ұрпақ үшін ақтық демі қалғанша күресіп, бізге егемендік алып берді. Мемлекетіміз де жастар үшін барлық жағдайды жасап жатқаны айтпаса да белгілі. Жастар жаңаша бағытта серпін алып, жан – жақты дамуға ұмтылуы тиіс. Мемлекетіміздің нығая түсуіне бұрынғыдан да мол үлес қосу үшін жастар енді бұрынғыдан да белсенді болуы керек. «Елім маған не береді?» деп құр қарап отыру әбестік болып табылады. Керісінше, «Мен еліме не бере аламын?» деген оймен жүріп, қолыңнан келгенінше қарап жатпау кез келген адамның азаматтық борышы.
Бүгінгі әлемдегі елдер мен халықтардың өзара тарихи байланысының дамуы, экономика, мәдениет пен ғылымның әлемдік деңгейге бет бұруы, ертеңгі күннің бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білім мен тәрбиеге ғана тән. Демек, барлық ұлы бастамаларымыз тек білім мен ғылымның арқасында жүзеге асырылмақ. Сол себептен де, ең алдымен, сапалы да жоғары білім алу әрбір жастың міндеті. Көкірек көзі ояу жас ғана игерген білімімен күн сайынғы заманауи технологияны меңгеріп, дамыған заман ағымына ілесе алады. Мемлекет тарапынан түрлі шетелде білім алуға арналған бағдарламаларды барынша тиімді пайдалана білсек нұр үстіне нұр болар. Бұл дегеніміз өз елімізді сырт елдерге таныту жолындағы таптырмас мүмкіндіктердің бірі. Тек ғана бір мамандықпен шектеліп ғана қоймай, қосымша мамандықтарды игеру артықшылық етпейді. Өйткені жас кезіңде барлық нәрсеге уақыт тауып, жан – жақты дамуға мүмкіндік зор. Осы жылы ұйымдастырылып жатқан бағдарламалар мен шаралардың барлығы тікелей жастарға байланысты. Солардың ішінен өзімізге қажеттісін алып, мүмкіндігінше жүзеге асыруымыз керек.
Жаңа заман тәуелсiз ел мұраты — жастардың бiлiмi мен бiлiктiлiкке талпынып әрекеттенуiн, еңбектенiп өсуiн талап етiп отыр. «Елiңнiң ұлы болсаң, елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетiн нығайтып, көркеюi жолында терiңдi төгiп еңбек ет. Жердiң де, елдiң де иесi екенiңдi ұмытпа», — дейдi тұңғыш Елбасы бiр сөзiнде. Иә, расында да, болашақтың барлық игіліктері біздің қолымызда. Сондықтан да алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру біздің жауапкершілігімізде. Қазақта «Жас келсе – іске» деген сөз бар. Дамыған технология заманында ақыл да, тың идея да жастардан шығады. Ендеше, Жастар жылы – жастарға арналуы керектігі сөзсіз. 2019 жыл жалаң сөз, жаттанды дүниеге айналмай, жастардың нақты түйткілдерін шешетін жыл болғай! Жастар тек осы жылда ғана еңбек етпей, қай уақытта болмасын белсенді болуы шарт. Ата – ананың ең үлкен жетістігі – ол ұрпағының көрегенді де ел сүйетін нағыз патриот азамат болып өскені. Қай ата – ана болмасын баласының болашағы үшін уайым шегіп, қолынан келгенінің барлығын жасайды. Ал оның қадірін білмей, асылық жасау – баланың ең үлкен қателігі. Сондықтан да әрбір бала өз болашағы үшін жастайынан еңбек етіп, жақсы өмір сүруге талпыну керек. Бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманда «алма піс, аузыма түс» деуге болмайды. Бастысы көкірек көзін ашып, қай жерде ғылым мен білім болса соны игеруге асыққан абзал. Еліңнің, ата – анаңның артқан үміті мен тілеген орындағаннан асқан бақыт жоқ шығар, сірә?!
«Қайыңның қырық бұтағы болады. Алайда, сол қырық бұтақтың ішіндегі біреуі ғана пайдаға асар түзу таяқ болады, ал қалғандары жәй ғана саптыаяқ пен қисық таяқ болады». Мұнымен не айтқым келді, Қазақстанның әрбір жас жеткіншектері қисық не қиғаш ғұмыр кешпей, түзу әрі берік болып жетілуі, болашаққа нық қадаммен бекінуі керек.
А.ҚАНЖАРБАЕВА,
Қорқыт Ата атындағы
ҚМУ-дың II курс студенті