Жас сайлаушылар клубы: Жастар бір диалог алаңында бас қосады

Сырдария аудандық сайлау комиссиясы жанынан құрылған жас сайлаушылар клубының құрамы 11 адамнан тұрады. Клубқа аудандық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Мұхамед Сейілханов жетекшілік етсе, хатшылық қызмет міндеті Талғат Қозыбаев атындағы №131 орта мектептің мұғалімі Гүлжанар Әбіловаға жүктелген. Қазіргі уақытта ауданға қарасты бірқатар елді мекеннің белсенді жасы клуб жұмысын жандандыруға ынталы.
– Сырдария аудандық сайлау комиссиясы жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, арнайы ережені бекіттік. Жалпы клубтың қатысушылары өңірлік жастар ресурстық орталықтарының, білім беру ұйымдарының, коммерциялық емес қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері бола алады. Клуб қатысушыларының құрамы 18-35 жас аралығындағы белсенді жастардың өтініші немесе келісімі негізінде қалыптастырылады және әрбір қатысушысына тиісті куәлік табыс етіледі. Клуб қызметіне сан түрлі форматта іс-шара өткізіп, жастардың назарын сайлау процесінің өзекті мәселелеріне аудару, олардың сайлау белсенділігі мен құқықтық мәдениетін арттыру кіреді. Алдағы уақытта жас сайлаушылар тарапынан ұтымды ұсыныстар жасалып, саланың дамуына өзіндік көзқарастарын танытатынына сенеміз, – деді Сырдария аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Ермек Шайлан.
Айта кетейік, клуб қызметін ұйымдастыруда жастарға бағыт-бағдар беретін кәсіби мамандардан жұмысшы топ құрылған. Бүгінде аудан көлемінде клуб жұмысын жетілдіру мен құрылымын таныстыру мақсатында сан түрлі іс-шара ұйымдастырылуда. Жас сайлаушылар құрамын жасақтау, жұмыс барысын таныстыру мақсатында клубтың алғашқы жиыны өткізілсе, Талғат Қозыбаев атындағы №131 орта мектепте «Парламент» ұйымының мүшелері «Peer-to-peer educarion» (тең-теңімен оқыту, өзара оқыту) форматында іс-шара ұйымдастырылды.
– «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңы шеңберінде сайлау процестері өткізіліп келеді. Аудан жастарынан құралған клуб құрамында Иса Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейдің мұғалімі Олжас Сақыбеков, Түймебай Айтбаев атындағы №132 орта мектептің мұғалімі Аружан Әбдрахманова, Шіркейлі ауылдық мәдениет үйінің маманы Бексұлтан Сайлаубеков, №37 мектеп-лицейдің мұғалімі Күнту Ахметов, Абай атындағы №130 орта мектептің мұғалімі Гүлімай Тәжібаева, Қалжан ахун ауылдық округі әкімі аппаратының әдіскері Назерке Сәбитова, Асқар Тоқмағанбетов ауылдық округі әкімі аппаратының әдіскері Ерлан Нұрғалиев, Аманкелді ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Мейірхан Ишанбек, Бесарық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Талғат Кішкенбаев бар, – деді жас сайлаушылар клубының төрағасы Мұхамед Сейілханов.
Балтабай ОРДАБЕКОВ