Тарихы терең Абай көшесі

Қазақ халқының ұлы ойшылы, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлы – бүкіл әлемге танылған кемеңгер тұлға. Оның қалдырған мұрасы – қазына болса, даналығы – халықтың өмірлік ұстанымына айналған рухани азық. Сондықтан республиканың көптеген қаласы мен аудан, ауылдарында басты көшенің атауы Абай Құнанбайұлы есімімен аталады. Бұл – елдің ұлы перзентіне деген құрметінің айқын көрінісі.
Нағи Ілиясов ауылына кірген бойда Абай көшесі жалғасын табады. Әлеуметтік нысандар мен кәсіпкерлік ғимараттар орналасқан үлкен көше әсемдігімен сырттан келген кез келген қонақты таңғалдырмай қоймайды. Ел игілігі үшін жасалған бірнеше тынығу демалыс орны көмкерілген гүлдерімен, балалардың көңіл-күйін көтеруде ерекше әсер сыйлайтын жерасты субұрқағы және бірдей пішінде қырқылған ағаштары мен жасыл желегі ауылдың көркін кіргізгендей. Бұл көшенің тарихы тереңде. Ұлы ағартушының есімімен аталған көше бойында мәдениет үйі және білім ордасы орналасқан. Сондай-ақ кәсіпкерлік нысан, «Мағжан және К» ЖШС-нің кеңсесі мен бірнеше азық-түлік дүкені бар. Ауылдың діңгегіне айналған көшеде 34 тұрғын үй бой көтерген. Қазіргі таңда көше бойында 140 тұрғын тұрады.
Абай көшесінің тарихы жастарға ұлы ойшылдың мұрасын танытып, оны құрметтеуге тәрбиелейді. Нағи Ілиясов ауылы туристік ауыл болғандықтан, әсемдікті тамашалауға күнделікті сырттан қонақтар келетіні анық. Сонда осы Абай көшесінің бойында орналасқан әрбір көрікті жермен танысып, тазалығына сүйсінеді. Бұл ауыл ауданымыздың мақтанышы ғана емес, абыройы.
Тарихы терең Абай көшесі – қазақ халқының ұлы ақынына тағзымы, елдің рухани биікке ұмтылысының нышаны. Бұл көшені халық жүрегінің тыныштығы, болашаққа қадам жасайтын білім ордасы, мәдени болмысты айқындайтын орындар толықтырып тұр.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ