Ұшқыр ой мен алғырлық сыналған сәт

Оқушылардың ой ұшқырлығы мен білім деңгейін саралайтын квест-ойын 4 кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде команда мүшелері өздерін таныстырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытын кеңінен насихаттады. Өз кезегінде Иса Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейдің «Таға тұлға», Әбділда Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейдің «Жалын», №37 мектеп-лицейдің «Адалдық жастары», №126 орта мектептің «Саналы ұрпақ», Әбірәш Жәмішов атындағы №129 мектеп-лицейдің «Парасыз патриоттар», №147 орта мектептің «Adal bol», Оспан Әбілпаттаев атындағы №210 орта мектептің «Әділ қадам» командасы өзара бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрінуге талпынды.
Бұл ретте команда мүшелерінің білімі мен алғырлығына төрелік еткен қазылар алқасының құрамында «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы, тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Салтанат Қуандықова, «Тіршілік тынысы» газеті бас редакторының орынбасары Балтабай Ордабеков болды.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық мәдениетті қалыптастыру, жемқорлықтың ел дамуына кері әсер ететінін тұрғындар санасына сіңіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру, ел дамуына кері әсер қылатынын насихаттау мақсатында өткізілген квест-ойыны жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Еліміздің Конституциясы, атаулы күндер, терминдер, сыбайлас жемқорлыққа байланысты алынған сауалға жауап берген оқушылардың біліміне аса мән бердік. Жемқорлық індетіне қарсы күрес жүргізу бағытында «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қоры сан түрлі бағытта іс-шара өткізуге көңіл бөлуде. Бұған дейін суретшілер мен инстаграмға пост жазушылар байқауы болып, жеңімпаздар анықталды, – деді «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы.
Квест-ойынының нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, оларға қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табысталды. І орынды №126 орта мектебінің оқушылары иеленсе, ІІ орынды И.Тоқтыбаев атындағы №35 мектеп-лицейінің оқушылары жеңіп алды. Ал жүлделі ІІІ орынды О.Әбілпаттаев атындағы №210 орта мектебінің оқушылары иемденді. Қалған топтарға ынталандыру сыйлығы берілді. Әділ қазы мүшелерімен қатар «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қорының төрағасы Марат Омаров, Қызылорда облысының мемлекеттік архиві КММ-ге қарасты Сырдария аудандық архиві филиалының басшысы Жәнібек Сейлов белсенді оқушыларды марапаттады.
«Тт» ақпарат