Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 69 газет

13 қыркүйек 2025 ж.

№ 68 газет

09 қыркүйек 2025 ж.

№ 67 газет

06 қыркүйек 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Келбеті айшықты Нағи ауылы

Келбеті айшықты Нағи ауылы

Нарықтық уақытта жергілікті халықтың әлеуетін арттыра оты­рып, ауылды гүлдендіру – өркениетті елдер қатарына қосылуға жол ашады. Республикада үздік туристік ауыл санатына кірген Нағи Ілиясов елді мекенінің қазіргі жағдайы көпшілікті қуантады. Бірнеше әлеуметтік нысан бой көтеріп, халықтың тұрмыс сапасы едәуір жақсарған. Өткен жылы көмір жағып, күл шығарудан босаған елді мекен халқының көбісі кәсіпкерлікпен айналысып, өз бизнесіне қан жүгіртуде. Тілшілік сапардың оныншы ауылы – Нағи Ілиясовта болып, ауқымы кең біршама жұмысты көзімізбен көріп қайттық.

Самаладай жарық, жайқалған гүлзар бағы, қайта жөндеуден өткен көшенің барлығы – ауылдың сәнін келтіріп тұр. Ең алдымен, қазаны оттан, азаматы аттан түспеген ауылдың құрылу тарихына аса мән бердік. Өңірге келген әрбір делегация мүшесі таңдай қағатын бұл өлкенің тари­хы өткен ғасырдың екінші он жылдығынан бастау алады. Алғаш 1919 жылы мал шаруашылығына бейім бірнеше отбасы қоныстанып, жер өңдеу серіктестігіне бірігеді. Ал 1929 жылы серіктестіктер бірігіп, бірнеше артель құрады. 1931 жылы Мақпалкөл, 1940 жылы «Карл Маркс», 1966 жылы №1 күріш совхозы, 1970 жылы «Қазақ ССР-нің 50 жылдығы» болып ата­уы өзгертілсе, 1992 жылдан бері Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясовтың есімі берілген.

– Тарих қойнауында ауылдың тыныс-тіршілігі, шаруаның ешбір өлшенуге келмейтін еңбегі таңбаланып жатыр. Әр жылдары шаруашылықты Қожахмет Молдахметов, Бақыт Мыханов, Сапарбек Кемелбаев, Асарбек Тауекелов, Бақтығали Байсалба­ев басқарса, 20 жылдан бері ауылда «Мағжан және К» ЖШС құрылып, басшылық қызметке Дархан Ерали­ев келді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері ауыл әкімі ретінде Житербай Әбиев, Бақытжан Жақыпов, Абзал Мұхимов, Дархан Ералиев, Қуанышбек Бисембаев, Нұрмағанбет Қуандықов, Гаухар Әділбаева, Нұрсұлтан Әбілдаев, Қайрат Қуандықов секілді ел азаматтары басшылық қызмет атқарған. Әрине, көркейген, гүлденген ауылымыздың даму жолын­да шаруашылықтың атқарған жұмысы ауқымды. Айта кетейік, жыл сайын көркейту-көгалдандыру жұмысына 200 миллион теңге қаражат жұмсалады, – дейді ауыл әкімі Сағдат Нұрмағанбетов.
                                         

Ауылда 445 отбасында 2242 адам тұрады. Жалпы орта білім беретін мектеп, дәрігерлік амбулато­рия, балабақша, мәдениет үйі, кітапхана, және сауда орталығы, мейрамхана, қоғамдық монша халыққа қызмет көрсетіп тұр. Жаңадан спорт кешені, мешіт, әкімшілік үйі салынған. Елі ырысты, жері күшті елді мекеннің келбетін айшықтайтын демалыс орны ашылған. Анығын айтқанда, «Аб­зал және К» ТС-нің демеушілігімен осы­дан 3 жыл бұрын жоспарға сәйкес, «Еңбек аллеясы» демалыс паркі пайдалануға берілді. Елді мекенде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде бірнеше жұмыс атқарылды. Мәселен, республикаға белгілі ауылда 3 679 метр жол, 10 767 метр жаяу жүргінші жолы, 2 645 метр электр желісі және алаңға толығымен жөндеу жұмыстары жүргізілген.

– Көше көркі – жайқалған ағаш екендігін елді мекен тұрғындары көпшілікке айшықтау үстінде. Осы уақытқа дейін ұзындығы 11,8 шақырым болатын 12 көшеге ағаш отырғызылған. Қай кезде де самаладай жарық көшелер ауылдың көркіне айрықша сән беретіні сөзсіз. Қазіргі уақытта елді мекендегі 12 көше толықтай жарықтандырылған. Елді мекендегі көшелердегі шамның саны – 386 дана болса, орталық алаң мен бірқатар мекеме ауласында 550 шам орнатылған. Қалдықтарды полигонға шығару жұмысын «Мағжан және К» ЖШС-гі демеушілік негізінде күнделікті жүзеге асырып келеді. Санитарлық тазалық жұмыстарын қоғамдық жұмысқа тартылған ауыл тұрғындары және «Мағжан және К» ЖШС- нің арнайы жұмысшылары жүргізуде. Ауылдың батыс жағынан 3 шақырым қашықтықта көлемі 2 гектар болатын тұрмыстық қатты қалдық жинайтын орын белгіленген, – дейді ауыл әкімі.

Көгілдір отынмен толықтай қамтамасыз етілген ауылдың келбеті қашанда айшықты. Жыл көлемінде шаруашылықтың демеушілігімен эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала концерт ұйымдастырылуда.


Балтабай ОРДАБЕКОВ
13 қыркүйек 2025 ж. 126 0