Жаңа ойын алаңы балаларға қуаныш сыйлады

Заманауи үлгіде сапалы құрылыс заттарынан салынған ойын алаңы – ауыл балалары үшін қуанышты жаңалық. Еліміздің жарқын болашағы – бүгінгі ойын балаларына жасалған қамқорлықты ауыл баласы ешқашан ұмытпайды. Балаларға дұрыс бағыт пен саналы тәрбие беру, шынығып, шымыр болуына жағдай жасау – мұғалімдердің міндеті ғана емес, қоғамның, аға буынның міндеті.
Қазір балалар бұрынғыдай кез келген жерде, шаңлақта ойнамайды. Олар үшін арнайы салынған бірнеше ойын алаңы бар. Соның бірі пайдалануға берілгеніне көп болмаған осы алаң. Аумағы кең ойын алаңына жұмсалған қыруар қаржыға алынған жабдықтардың бәрі жоғары сапалы және бастысы қауіпсіздігі ескерілген. Үлкен қалалардың тұрғын үй кешендерінің жанында орналасқан керемет үлгідегі ойын алаңдары секілді салынған алаңда әткеншектің бірнеше түрінен бастап, сырғанақ пен ойын жабдықтарының сан алуан түрі бар. Жерге төселген жұмсақ төсеніштің өзі балалардың жарақат алмауынан сақтайды. Мұнтаздай тазалық пен құралдардың сақталуына арнайы жұмысшылар бөлінген. Ойын алаңына жапсарлас салынған футбол және баскетбол алаңында жасөспірім балалар алаңсыз доп теуіп жүр.
Негізінен жаңа ойын алаңынан бөлек ауылда тағы ойын алаңы бар. Мектеп маңына «Балалар жылы» аясында ол да демеуші есебінен салынған.
– Ауылдағы «Мағжан және К» ЖШС көптеген игі істің қасынан табылып жүр. Ауылдың гүлденуі мен көгалдануы серіктестіктің арқасы. Инвестордың арқасында ауылдың аты республикаға танылды. Ауыл халқы да дән риза. Жыл сайын жаңа бастама мен жаңалықтың ұйытқысы болып отырған компания басшылығына алғысымыз шексіз. Пайдалануға берілгеніне көп уақыт өтпесе де ауыл балалары бір мезгіл осы ойын алаңына келіп ойнайды. Бүлдіршіндердің шаттыққа толы күлкісі мен ойынға толы күндері үшін жасалған бұл алаң – ауылдың келешегі үшін тағы бір жарқын қадам. Ата-ана үшін баласының қуанышты жүзін көруден асқан қандай бақыт бар, – дейді ауыл әкімі Сағдат Нұрмағанбетов.
Барлығы жап-жаңа ойын құрылғылары ауылдың ажарын аша түсуде. Айбынды еліміздің жас ұландары мен көк Туын желбіреткен небір батырларымыз осындай кішкентай ауылдан шыққан. Далада ойын ойнаған бала әрдайым сергек болады, денесі шымыр болып өседі. Сондықтан ауылдың атын әлемге танытатын балалар Нағи ауылында өсіп келетініне сөз жоқ.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ