Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАСТАР ЖЫЛЫ – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ

ЖАСТАР ЖЫЛЫ – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАДЫ

Әр ұрпақтың пешенесіне жа­зылған заман ағымы, кезең тынысы болады. XXI ғасыр бүгінгі ұрпаққа, яғни біздерге бұйырған – баға жетпес бақыт. Кез келген мемлекет пен ұлт болашағы тікелей сол елдің жастарымен тығыз байланысты. Тұңғыш Елбасының үнемі жастарды қолдап, жастар саясатын дамытуды көздейтіні бекер емес. Ол мұны кезекті жолдауында да ашып айтты. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауда Елбасы 2019 жыл елімізде «Жастар жылы» деп аталатынына екпін түсірді. Ата-бабаларымыз болашақ ұрпақ үшін ақтық демі қалғанша күресіп, бізге егемендік алып берді. Мемлекетіміз де жастар үшін барлық жағдайды жасап жатқаны айтпаса да белгілі. Бұл жылы жастар жаңаша бағытта серпін алып, жан – жақты дамуға ұмтылуы тиіс. Мемлекетіміздің нығая түсуіне бұрынғыдан да мол үлес қосу үшін жас­тар енді бұрынғыдан да белсенді болуы керек. «Елім маған не береді?» деп құр қарап отыру әбестік болып табылады. Керісінше, «Мен еліме не бере аламын?» деген оймен жүріп, қолыңнан келгенінше қарап жатпау кез келген адамның азаматтық борышы.
Бүгінгі әлемдегі елдер мен халық­тардың өзара тарихи байланысының дамуы, экономика, мәдениет пен ғылымның әлемдік деңгейге бет бұруы, ертеңгі күннің бүгінгіден де нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білім мен тәрбиеге ғана тән. Демек, барлық ұлы бастамаларымыз тек білім мен ғылымның арқасында жүзеге асырылмақ. Сол себептен де, ең алдымен, сапалы да жоғары білім алу әрбір жастың міндеті. Көкірек көзі ояу жас ғана игерген білімімен күн сайынғы заманауи технологияны меңгеріп, дамыған заман ағымына ілесе алады. Мемлекет тарапынан түрлі шетелде білім алуға арналған бағдарламаларды барынша тиімді пайдалана білсек нұр үстіне нұр болар. Бұл дегеніміз өз елімізді сырт елдерге таныту жолындағы таптырмас мүмкіндіктердің бірі. Тек ғана бір мамандықпен шектеліп ғана қоймай, қосымша мамандықтарды игеру артықшылық етпейді. Өйткені, жас кезіңде барлық нәрсеге уақыт тауып, жан – жақты дамуға мүмкіндік зор. Осы жылы ұйымдастырылып жатқан бағдарламалар мен шаралардың бар­лығы тікелей жастарға байланысты. Солардың ішінен өзімізге қажеттісін алып, мүмкіндігінше жүзе­ге асыруымыз керек.
Жаңа заман тәуелсiз ел мұраты – жастардың бiлiмi мен бiлiктiлiкке талпынып әрекеттенуiн, еңбектенiп өсуiн талап етiп отыр. «Елiңнiң ұлы болсаң, елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетiн нығайтып, көркеюi жолында терiңдi төгiп еңбек ет. Жердiң де, елдiң де иесi екенiңдi ұмытпа», — дейдi Тұңғыш Елбасы бiр сөзiнде. Иә, расында да, болашақтың барлық игіліктері біздің қолымызда. Сондықтан да алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру біздің жауапкершілігімізде. Қазақта «Жас келсе – іске» деген сөз бар. Дамыған технология заманында ақыл да, тың идея да жастардан шығады. Ендеше, Жастар жылы – жастарға арналуы керектігі сөзсіз. 2019 жыл жалаң сөз, жаттанды дүниеге айналмай, жастардың нақты түйткілдерін шешетін жыл болғай!

Айгерім ҚАНЖАРБАЕВА,
ҚМУ-дың II курс студенті
07 маусым 2019 ж. 939 0