Ұстазын ұлықтағанның көштен қалғаны жоқ
Ұстаз туралы ассоциация құрғанда шамшырақшы, бала бағбаны, білім нәрімен сусындатушы, бар мамандықтың төресі екені ең алдымен ойға келеді. Тұрымтайдай кезде мектеп табалдырығын алғаш аттатып, күлімсіреп күтіп алып, қалам ұстатқан мұғалім әркімге ыстық.
Бейтаныс әлемнен бейхабар шақта әріп танытып, білім көкжиегінде жаһанды кездіретін де ұстаз. «Менің атым – Қожа» фильмінде Рахманов ағай: «Оқушы деген қап емес, ішіне не болса соны сыйғыза беретін. Ол – шамшырақ. Тек жаға білу керек» дейді. Сол айтқандай, білім алудың алғашқы баспалдағынан ұстаз жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын, тәрбие тәлімі мен бар білігін бала бойына дарыта білсе, құлықсыз ұл, ұятсыз қыз шықпайтыны анық. Мәселен, алғаш әріп үйренгенде мұғалімнің дұрыс бағыт беруі өте маңызды. Себебі, кейде балғындар «р» орнына «л»-ны немесе «ң» орнына «н»-ны айтып, шатасып жатады. Жас шыбықты қалай исең, солай өсетіні секілді осыған баса назар салғанның бала болашағына айрықша септігі тиетіні сөзсіз. Бұл жаңа үй тұрғызар алдында іргетасын мықтап қалаумен пара-пар. Расында, баланың шамшырағын дұрыс жаға білген аяулы ұстазға құрмет мол, ілтипат ерекше.
Бала шамшырағы тағлымды тәрбиеден басталатыны даусыз. Тәрбиесіз білім жоқ. Тәртіпке бағынбай, бәрінен озғанды көрген де емеспіз. Баланың алғашқы қамқоры ата-ана десек, екінші кезекте бағбандық ұстазға жүктеледі. Сөйлеу мәдениеті, тазалық, адамгершілік, дұрыс жүріп-тұру – осының бәрін оқушы ұстаздан үйренеді. Сол себепті де бала алдында ұлағатты ұстаздың ұсқыны мен ұстыны үлгі болуы тиіс. Мұғалімнің мәртебесін бала мектеп қабырғасында, одан тыс кезде де көре білуі қажет. Бұл тұрғыда, бүгінгінің емес, бұрынғының шәкірттерін сөйлете қалсаң «Сыныпта сабақ оқымай келгенді ұстаз сөзбен жылататын еді. Сабақ барысында тәртіптің болғаны соншалық шыбынның ызыңы естілмейтін. Ал мектептен тыс кезде анадайдан мұғалім көрсек, алдын кеспей, ұзын дәліздің бойына сымдай тартылып тұра қалатын едік» дейді. Бұл арада ұстаздан қорқу емес, сыйлау, құрметтің ерекше болғаны байқалады. Ол кезеңде ата-ана да «Еті – сенікі, сүйегі – менікі» дейтін болған. Мұндағысы «баланы ұрып-соғып, сабақ оқытсын» дегені емес, «тәрбиелі, білімді, ең бастысы, адамгершілігі мол шәкірт тәрбиелесін» деген мақсат. Осы ретте, қазіргі таңда да ұлы мамандықтың туын желбіретіп жүрген қазақ мұғалімдері ұстаз мерейін биік тұғырынан түсірген емес. Заман келбетіне сай білім беріп, тәлімді ұрпақ тәрбиелеуде. Бала бағбаны ретінде тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы екенін ұғындырумен келеді.
Бүкіл әлемді жаулап алуды көксеген Ескендір Зұлқарнайын: «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деген екен. Иә, баланың шамшырағын жағып, тәрбие берген ұстаз – барлық бағытқа бастайтын білім кілтінің иесі. Онан асып кетерсің-ау, бірақ сол тұғырдың түпкі тереңінде жол нұсқаған ұстаздың ұлылығы тұр. Оны ешқашан жоққа шығара алмайсың.
Білімнің көкжиегінде ғылым үйренгеннің асығы алшысынан түспек. Бұрынғыдай білектінің емес, қазір білімдінің заманы жүріп тұр. Соған сай, қоғамның сұранысына жаңашыл педагог, тың тәсілмен сабақ үйрететін ұстаз қажет. Жаһанға жол ашылғанда біліктілігі басым мұғалімнің бәсі барлығынан биіктей түскен. Сол себепті де әлемдік кеңістікке кірігіп, білім беру жүйесін биік деңгейге көтеру керектігін білетін ұстаздар арасында бәсекелестік жоғарылап, бала оқытуда озық тәсілдер жиі қолданылуда. Бұл келешек ел тұтқасын ұстар жастарға мол мүмкіндік туғызған. Елбасының өзі жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенетінін ұдайы назардан тыс қалдырмайды. Осы тұрғыда, ұстаздарға жүктелер ауыртпашылық ауқымы еселеп көбейген. Сол үдеден шығу жолында мерейлі мұғалімнің күнделікті ізденісі көрініп те келеді. Жан-жақты білімімен егемен елдің ертеңіне сеніммен қарауға жағдай жасауда.
Ұстазды бар мамандықтың төресі дедік. Бұған «Мұғалім – бар мамандықтың анасы» деген халық даналығын айтқанның өзі жеткілікті. Жер бетіндегі бүкіл адам ұстаздың тәлімін алады. Бәрінен биік тұратыны да сондықтан. Қаһарман батырымыз Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» – дейді.
Неге ардақтауға тиістіміз? Өйткені, кім қандай жетістікке жетсе, соның артында ұстаздың еңбегі бар. Барлық жұмыс, еңбек осы ұстамы жақсы болған ұстаздың арқасында орын алуда. Өзінің уақытын аямай, өзгенің уақытын аялаған ардақты жанға қалай бас имейсің?! Үнемі жаңашылдыққа бет бұрып, ізденіс үстінде жүреді. Әр кезде әртүрлі тәсілді қолданып, білім беруге құштар. Баламен қатар жүріп, оның әлеуметтік мәселесін назарда ұстайды, тағлымды тәрбие беруді де тыс қалдырмайды. Әрқайсысының сабақ үлгеріміне жауаптылық танытып, қағазбастылықтан да арылмаған. Түрлі іс-шараның ұйытқысы да ұстаз. Ахметше айтқанда, мектептің жаны. Ағартушы Ыбырай Алтынсарин де «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген емес пе?!
Жалпы, елдің мерейі өссін десек, ұстаз мерейін асыруымыз қажет. Тынымсыз еңбегіне сай лайықты өнбегі болып, зор құрмет көрсеткенде тәуелсіздіктің тұғыры биік болмақ. Ұстазын ұлықтаған елдің көштен қалғаны болған да емес.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ,
журналист