Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МҰҒАЛІМ НЕГЕ МҰҢАЯДЫ?!

МҰҒАЛІМ НЕГЕ МҰҢАЯДЫ?!


«Ғалым да, шахтёр де бас иетін,
Ұстазым, бар сенің қасиетің!»–деген өлең жолдары көп нәрсені аңғартады. «Алты алаштың басы қосылса – төрдегі орын ұстаздарға тиесілі» деген тәмсіл де білім саласында еңбек ететін мұғалімдердің мәртебесін одан сайын биіктете түседі. Ал, біз осынау қасиетті мамандық иесінің қадіріне жете алып жүрміз бе?! Өзім оқушы болған он жыл бұрынғы мен бүгінгі күнгі мектеп жағдайын саралай қарасақ, қынжылтатын жайттар көп-ақ.
Иә, бұрын бәрі өзгеше еді. Біз үшін ұстаз деген аса бір ардақты, парасаттылықтың да, сұлулықтың да үлгісі болатын. Мұғалімнің жүрген жүрісі, киген киімі, сөйлеген сөзі, бәрі-бәрі керемет-тұғын. Ұстаз берген тапсырма заңмен бекітіліп, мөр қойғандай әсер қалдыратын. Орындамайынша тыным таппайтынбыз. Содан да болар, сыныптағы оқушылардың 80 пайызы мектеп бітірген соң, мұғалімдік мамандықты таңдайтын.
 Қазір ше? Ұлттың тәрбиешісі саналған жандар мына қоғамға өкпелі. Айталық, бума- бума қағазға үңіліп, таң атқаннан кеш батқанға дейін мектепте сабылу, қай жерде «жылт» еткен жиынға болса, сонда бару. Бұның бәрі өз алдына, партадағы шәкірттің шатақ шығарып, қоразша қоқиятыны тағы бар. Жалақысы күнделікті шығаратын сабақ жоспары мен көрнекілігінен артылмайды. Біз саусағымызды бүккен мәселенің бәрін дерлік педагогтар басынан кешкенін білеміз. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» –деп Абай атамыз айтқандай, бар білгенін аямайтын, шәкірттерін аялайтын мұғалімнің мәртебесі неге қоғамда төмендеп барады? Бұқаралық ақпарат құралдарынан да, нөпір халық арасынан да мұғалім мен ата-ананың оқушы мәселесіне қатысты туған жанжалын немесе оқушының мұғалімін масқаралауы турасындағы әңгімелерді жиі құлағымыз шалып жатады. Біз мектептегі апайымызды көшеде көре қалсақ, бойымызды қорқыныш билеп, қаша жөнелетінбіз. Қазір мұғалімдер оқушылардан қорқатын болған. Қорыққанын сыйлайтын бүгінгінің балалары «ұстаз» деген ұлы мамандық иелерінен қаймығудан қалып бара жатқандай. Кекірейген қыз, едірейген ұл мұғалімнің мысын түсіруге дайын тұрады. Мектептің жүрегі саналатын жандар неге осынша дәрменсіз күйге түсті? Бұған кім кінәлі, кім жазықты?.. Еліміз еңсе көтеріп, адамдардың сана- сезімдері жетіліп, өз құқықтары мен мүдделерін қорғай алатындай кемелденген шақта қоғамда өмір сүрген адамдардың психологиясы да өзгерген сияқты. Қазіргі ата-аналар баладан: «не үйрендің, не білдің?–деп емес, «апайың не деді, басыңнан сөз асырма»–деп айтады ма деп қаласың кейде. Бірақ, көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Оқушының бетіне қарап қаттырақ сөйлеп, талап қоя бастаған мұғалімге шімірікпестен «хақың жоқ» –дейтін оқушылардың қарасы басым. Бұл–ащы да болса шындық. Сонда баланы үйде ата-ана, мектепте мұғалім тәрбиелемесе, бетімен кетіп, бет қаратпайтын ұрпақ «қазақ» деген қасиетті халықтың қадірін жоғалтпай ма? Бауыржан Момышұлының: «Тәрбиесіз берілген білім– адамзаттың хас жауы» деген өміршең сөзін жадымыздан шығармасақ қой, шіркін?! Біз мұғалімнен терең білімді талап етеміз. Дұрыс- ақ. Олардың кәсіби ісі – үйрету. Алайда, ерке баланы саналы білім, сапалы тәрбие берген ұстазды құрметтеуге неге шақырмаймыз? Жоғарыдағы тақырыпқа арқау еткеніміз де, мұғалімді мұңайтатын да – осы тұс.
Мына ақпарат ағымы алпауыт күш алып тұрған шақта, іздегенін оп-оңай интернеттен тауып алуға дайын тұратын, қолдарындағы мүмкіндігі мол сезімтал телефонмен бәрін әп-сәтте оқып алып, мұғаліммен жарыса сөйлеп, оған қоса, ақылы негізде жеке оқу орталықтарында оқитын балалар «өзім білемге» салынып, мұғалімді өксітіп жүр ме?–деп те ойлап қаламыз. Әрине, жаңашылдық, қосымша білім керек-ақ. Бірақ, соны тиімді пайдалансақ, қанекей. Өткен ғасырда интернет пайдаланбай- ақ, тек қана мұғалімнің тәлім-тәрбиесін алған қазақтың ақтаңгерлері көп болды емес пе?! Өзіңіз сараларсыз.
 Түйін:. Бұл мақала арқылы айтпағымыз, балаларға сөз еркіндігін, ой еркіндігін береміз деп, тым еркінсітіп алмасақ екен. Біз жалпақ жұртқа күйе жағып, қаралаудан аулақпыз. Тек мұғалімнің жанайқайына құлақ түре жүрсек дегіміз келеді.
Назерке БАҚЫРАДИН.
13 сәуір 2018 ж. 1 069 0