Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІМДІ ҰСТАЗ – ШӘКІРТ МАҚТАНЫШЫ (ЭССЕ)

БІЛІМДІ ҰСТАЗ – ШӘКІРТ МАҚТАНЫШЫ (ЭССЕ)

Мен білім мен ғылым ордасы – мектеп табалдырығын аттап, онан терең білім алып, тылсым дүниені таныдым. Ұстаздарым мені білім тұңғиығынан нәр алдырып қана қоймай, қажырлылыққа, ізгілік пен адамгершілікке баули отырып, табандылықпен еңбек етуге, алдыма биік мақсаттар қоюды үйретті.
Менің алтын ұям – Арал ауданы Шижаға елді мекеніндегі № 57 Е.Көшербаев атындағы орта мектебі.
«Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез», деп Абай атамыз айтқандай, өзім оқып шыққан мектебімнің, мені білім нәрімен суындатқан білімді ұстаздарыма алғыс айтқым келеді.
Себебі, мен осы мектепке бірінші сыныпқа келгеннен-ақ бастауыш сыныптағы ұстазым Мейрімхан Үмбетова апайым ұқыптылық пен нақтылыққа үйретсе, ардақты да аяулы сынып жетекшім Иманәлиева Гулбану апай мені, сыныптас достарымды шыдамдылыққа тәрбиелеп, маған үнемі қолдау көрсетіп: «Бақберген, сен түбі жетістікке жетесің!» - деп мені шабыттандырып қоятын. Сынып жетекшімнің осы сөздері маған үнемі қуат беріп, әрі қарай шыңдалуыма көмектесті.
№57 Е.Көшербаев атындағы орта мектебінің ұстаздарының бала көңілдері әр оқушының жан дүниесін нұрландырып, жүрегіме шапағат нұрын төкті. Мұғалімінен өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шәкірт ұстазымен мақтанады. Олай дейтін себебім, Мен тек мектепішілік емес, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық ғылыми жобалар сайыстарында және пәндік олимпиадаларда жетістіктерге жетуім биология пәні мұғалімі Алниязов Қанат ағайдың арқасы.
«Мектептің жүрегі», «Бала жанының бағбаны»... . Иә, бұл мектеп мұғалімі – ұстазға арналған теңеулер. Мұндай мақтауларды жалғастырсақ, даналық сөздер тізбекбегі шексіздікке ұласады. Десе де, менің ұстаздарым Байдеуова Сауле, Абатырова Гүлжанат апайларым – таңдау пәндерім қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда бар күш-жігерін салып, өздері сияқты менің қазақ тілі пәні мұғалімі мамандығын таңдауыма зор ықпал жасады.
Бесінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін математикадан оқытқан Дамен апайымды қалай еске алмасқа?! Он бірінші сыныпта математикалық сауаттылықты шыңдаған Айгүл мен Мереке, тарих пәні мұғалімі Іңкәр апайларым, менің 2017-2018 оқу жылындағы ҰБТ-да 113 балл жинап «Алтын белгі» белгісін қорғап, жетістікке жетуіме үлесін қосқан бағбан десе болады. Бүгінгі күні мен Ақтөбе қаласы Жұбанов атындағы Мемлекеттік университетінің студенті атандым.
Мектептегі оқу дағдысын дұрыс ұйымдастыруда мектеп директорының орынбасарлары Алмагүл Әділбаева, Мира Нұрбаева және Жанар Құлмырзаева апайлар мен мектеп басшысы Лаззат Сейітқұлқызының мен үшін орны бөлек. Олар мектептің жүрегі іспеттес. Өйткені, олар әрбір баланы жете зерттеп, олардың алда қандай маман болатынына бағдар жасаушы, бәйгеге ат қосатын атбегі сияқты.
Осы ұстаздар жайында қазақ халқының батыр ұлы Бауыржан Момышұлы атамыз: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... . Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» - деген.
Осы ұстаздар берген білім нәрі баланың бүкіл қалған өмірінде азық болады. Біздің көзіміздің ашықтығы, басқада жетістіктерге жетуіміз ұстаздар қауымының арқасы. Егер ұстаздарымыз жылдар бойы шәкірттерін ерінбей-жалықпай білім нәрімен сусындатпағанда дәл бүгінгідей жетістіктерге жетуіміз екі талай болар еді. Жанашыр ұстаздарыма осы атқарып жүрген қиындығы мен қызығы қатар жүретін қызметтеріңіздің тек жемісін көріңіздер демекпін.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» - деп, ұлы Абай атамыз айтқандай, менің өмірімдегі ұстаздарым – әкем Қайрат пен анам Лиза. Олар менің, бауырларымның жанына нұр құйып, өмірде өздері де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ізгі неитті жандар. Мектепте әкем орыс тілінен, анам бастауыш сыныпта сабақ беретін білікті де білімді ұстаздар, үйде отбасына қамқоршы, балапандарына жанашыр ата-ана.
Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – мұғалім. Яғни, өз ісіне берілген, кез келген жаңалықты жатсынбай қабылдайтын ұстаздардың жөні де, жолы да алабөтен бөлек.
Ендеше, сөзімді көпке танымал өлең жолдарымен: «Ұстаз, сенің алдыңда бас июге рұқсат ет!» - деп қортындылағым келеді.

Бақберген ТАСМАҒАНБЕТОВ,
Арал ауданы,
Шижаға елді мекені №57 орта мектебінің «Алтын белгі»
белгісінің иегері
19 тамыз 2018 ж. 5 781 0