Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Менің қалауым – мұғалім

Менің қалауым – мұғалім


Адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді.
Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны аяулы ұстаздар емес пе? Иә, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақындар да, тегеурініне темір балқытқан жұмысшы да, егін еккен диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, бәрі-бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Бұл қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары.
Менің мамандығым – мұғалім. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнімнен армандадым. Осы жолда талмай білім іздеп, өз арманыма қол жеткіздім. 2016 жылы аудан орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейіне ағылшын тілі пәні мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Ең алғаш «Ұстаз» деген атаққа ие болуым да осы мектептен бас­талды. Алғаш келген күннен бастап, мектеп ұжымы, оқушылар менің армандарымның жүзеге асуына өз үлестерін қосты. Үнемі ізденіс үстінде жүріп, сабақты әсерлі де қызықты ету, балаларға білім нәрін сусындату – алға қойған мақсатым болды.
Қазіргі кезде ұстаздарға қойылып отырған талап – жаңартылған бағдарлама бойынша сапалы, терең білім беру, оқушылардың ойлау, есте сақтау, көру қабілеттерін жетілдіру. Мектептерде жаңа технологиялар арқылы оқыту ағылшын тілін үйренудің сапасы мен маңызын арттырады. Ағылшын тілін оқыту процесінде тілді дұрыс үйрету, ауызша сөйлеу, сауатты жазу, мәнерлеп оқыту өте маңызды. Қазіргі кезеңде мектептерде ағылшын тілін оқыту дұрыс жолға қойылған. Оқушылардың ағылшын тілін біліп ғана қоймай, оның тарихын, ұлттық мәдениетін білуге көп көңіл бөлінеді. Ағылшын тілін оқытудағы білімділік мақсаты – шетел тілінде сөйлеуді үйрету, байланыста бола алу мен ортақ тіл табысып, қарым-қатынасты нығайтуға ұмтылу болса, тәрбиелік мақсаты – өзге адамдарды тыңдау мәдениетін қалыптастыру негізінде өз пікірін айта алу және қорғауға үйрету.
Елбасым Н.Назарбаевтың «Болашақта өрке­ниетті дамыған елдердің қатарына ену үшін заман талабына сай білім қажет» деген сөздеріне ой жүгіртсек, мұғалім – ең қажетті мамандық. Білім алуға келген әр баланың қолынан жетектеп, өмір жолының дұрыс бағытына салу, елімізді әлемге танытатын, ата дәстүрді құрметтеген, ең бастысы Отанын сүйетін азаматты тәрбиелеу, осы жолда еңбекке баулу, мақсатына жетуіне көмектесу ұлы мамандық иесінің негізгі міндеті. Сондықтан өлмес мамандықты таңдаған жан ерекше құрметке ие болады, білім берген шәкірттерімен мақтанады. Осы себепті де мен мамандығымды мақтаныш етемін!

Ақерке ЫБРАЕВА,
№36 Ә.Тәжібаев атындағы
мектеп-лицейдің
ағылшын тілі пәні мұғалімі
28 сәуір 2018 ж. 4 955 0