Қасым-Жомарт Тоқаев пен Уильям Руто БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді
Мемлекет басшысы Кения Президентінің елімізге жасаған алғашқы тарихи сапары қос мемлекеттің ынтымақтастығын жаңа белеске көтеретініне сенім білдірді.– Кения – Қазақстанның Африка құрлығындағы ең ірі және сенімді сауда серіктесінің бірі. Біз екі елдің ықпалдастығын одан әрі бекемдей түсуге ниеттіміз. Кения Республикасы соңғы жылдары дамудың даңғыл жолына шықты. Шығыс Африканың жауһары саналатын бұл ел қаржы, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика және басқа да салаларда елеулі жетістікке қол жеткізді. Найроби қаласы маңызды халықаралық дипломатия орталығы саналады. Мұнда Біріккен Ұлттар Ұйымының бірнеше құрылымы тиімді жұмыс істеп тұр. Жалпы алғанда, Кенияның әлемдік сахнадағы беделі артып келеді. Бұл Президент Рутоның сарабдал саясаты мен көреген көшбасшылығының нәтижесі деп білеміз. Біз былтыр Найробиде өз елшілігімізді аштық. Бұл шешім Қазақстанның Кенияға шынайы ықыласы мен достығын аңғартады. Жалпы, бұл – Қазақстанның Африка құрлығындағы алтыншы дипломатиялық өкілдігі. Еліміз Африка мемлекеттерімен байланысын бекемдеуге баса мән береді, – деді Қазақстан Президенті.
t.me/aqorda_resmi








