Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » ЕҢБЕКТЕРІ ЕШ КЕТПЕГЕН

ЕҢБЕКТЕРІ ЕШ КЕТПЕГЕН



Ұстаз аты қашанда шәкірті үшін құрметті есім екені анық. Жұмысының нәтижелі болуы ұстаздар үшін шәкірттерінің биік жетістікке жетуімен өлшенеді. Әрқашан бір салада бала жанының бағбаны болып қызмет ет- кен аяулы жандар аз емес. Ауданға қарасты №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейде бастауыш ардагерлер ұйымы мен мектеп ұжымының ұйымдастыруымен білім ордасында қызмет еткен ұстаздар Айткүл Жұқабаева мен Ұлтай Болғанбаеваны еске алуға арналған «Ұстаз аты биік, әрі мәңгілік» атты еске алу кеші өтті.
Кешті мектеп оқушылары «Ұстазым» атты хормен ашты. Бұдан кейін сөз алған мектеп директоры Б.Бақбергенова мен Ы.Алтынсарин атындағы медальдің иегері, бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы А.Ізбасарова Елбасының айтулы мақаласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аттты мақаласы аясында ұрпақтарға өз тәжірибесі мен біліктілігін көрсетіп, білім берген ардақтыларымызды еске алып отырмыз,-деді. Мұндағы мақсат өскелең ұрпаққа ұлағатты ұстаздардың өмір жолын дәріптеу болып табылады.
Шара барысында сөз алған Ұлтай Болғанбаева мен Айткүл Жұқабаеваның әріптестері Ұ.Ерімбетова, Р.Әбдуова, П.Алданова, Ұ.Бекмағамбетовалар қос апайдың жүріп өткен жолдарын жас ұрпаққа кеңінен айтып берді. Әріптестерінің айтуынша ардақты ұстаздар білікті маман, ұлағатты ұстаз ретінде қажырлы еңбек еткен. Бастауыш сыныптарға сабақ беріп, шәкірттеріне алғаш әріп жазуды үйреткен. Табандылықтарының арқасында үлгілі қызметтерімен баршаға сыйлы болған. Бұл кісілердің байсалдылығы бір бөлек әңгіме деді әріптестері. Бұл күнде ардагер атанған ұстаздар кезінде жас мұғалім болып киелі шаңыраққа имене басып келген уақытта аяулы ұстаздар бұларға қамқоршы болып, білгендерін үйретуден жалыққан емес. Қиыншылық кезде мойымауды, мұқалмауды саналарына мәңгі құйған іспетті. Аяулы ұстаздардың шәкірттері Ә.Масилова мен М.Серікбаева ұстаздары жайлы естеліктерін айтты.
Айткүл Жұқабаева 1930 жылы Қараөзек стансасында дүниеге келген. Осы аталған ауылда бастауыш сыныпта оқып, жоғары сыныпты Тереңөзек ауданында өзі қызмет еткен білім ордасын бітірген. А.Жұқабаева Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірген. Қызмет еткен жылдары облыстық, аудандық білім бөлімдерінің мақтау қағаздарын, алғыс хаттарын, «Лениннің 100 жылдық» мерекелік төсбелгісімен, «Қазақстан Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. Ал, Ұлтай Болғанбаева 1933 жылы Тереңөзек ауданында дүниеге келген. №35 М.И.Калинин атындағы мектепті бітіргеннен кейін Қызылорда педагогикалық институтына түсіп, еңбек жолын 35 мектепте бастаған. Ұлтай Болғанбаева қызмет еткен жылдары облыстық, аудандық білім бөлімінің «Құрмет» грамотасымен, Еңбек ардагері медалімен марапатталған.
Шарада аяулы жандардың ұрпақтары сөз алып, педагогикалық ұжымға бастауыш ардагерлер ұйымына алғыстарын жеткізді. Еске алу кешінің екінші бөлімі Ұлтай Болғанбаева мен Айткүл Жұқабаеваны еске алуға арналған мәнерлеп оқу сайысына жалғасты. Бұған бастауыш сынып оқушылары қатысып, өзара бақтарын сынады. Ұстаз туралы өлеңдерін оқыған оқушылар арасында жүлдегер анықталып, марапатталды. Басқа да үміткерлерге алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар берілді. Мектеп өнерпаздары ұстаздарға арналған әндер айтты.
Міне, ұстаздық жолда аянбай тер төккен жандардың мейірім шапағаты баршаға төгілгендей. Әріптестерінің арасында сыйлы болып, әрқашан абырой биігінен көрінген. Өз мамандықтарымен мақтанған қастерлі жандардың өткен өмірі тарихта өшпес таңба қалдырғаны анық. Ардақты жандарға ұрпақтары мен шәкірттері әрқашан құрмет көрсете бермек.
Б.Аябекұлы
09 желтоқсан 2017 ж. 1 704 0