Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№69 газет

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 газет

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 газет

05 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Елдің еңбегі мен бірлігінің шежіресі

Елдің еңбегі мен бірлігінің шежіресі

Осы аптаның сейсенбісі Нағи Ілиясов ауылының тарихындағы айтулы күнге айналды. Тамыры тереңге тартқан, берекелі еңбегімен, елге сыйлы азаматтарымен, толағай табыстарымен танылған ауылдың құрылғанына 60 жыл мерейтойы аясында бірнеше бағдарламалық салтанатты іс-шара, көрме, этноауыл көрмесі, танымдық конференция, республикалық айтыс, гала-концерт өткізілді.

Тамыры терең, тарихы кенен туған жер

Ең алдымен, ауданның мәде­ни­ет саласы және орталық кітап­хана мамандарының ұйым­дас­тыруымен «Құтты мекеннің көрік­ті келбеті» атты тағылымды көр­менің таныстырылымы өтті. Танымдық жағынан мағынасы терең көрме ауылдың өткені мен бүгінін саралап, еңбек адамының өнегелі жолын кейінгі ұрпаққа үлгі етуге, туған өлкенің рухани-мәдени құндылығын дәріптеуге бағытталды. Алты онжылдық тарихында талай белесті бағындырып, ел игілігі жолында еселі еңбек еткен азаматтардың ізін жаңғыртқан көрме көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Кітап көрмесінің таныстырылымына облыс әкімінің кеңесшісі Руслан Рүстемов, аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, алыс-жақыннан келген зиялы қауым өкілдері мен құрметті қонақтар, еңбек және тыл ардагерлері, ауыл ақсақалдары, жастар мен аудан тұрғындары қатысты.

Өз кезегінде ауыл­дың өткені мен бүгінін са­бақ­­тастыратын тағылымды фото-көрме көпшілік назарына ұсынылды. Онда елді мекеннің қалыптасу кезеңі, ал­ғашқы құрылыс жұмысы, ауылдың өсіп-өркендеу жолы, шаруашылық саласындағы же­тістігі мен әлеуметтік-мәдени өмі­рін­дегі көптеген айтулы сәт бейнеленген.

Сарғайған сурет пен тарихи дерек ауылдың жүріп өткен жолынан сыр шертіп, өткен дәуірдің тынысын бүгінгі ұрпаққа жеткізді. Бір кездегі қарапайым тіршіліктен басталған ауыл өмірінің уақыт өте келе жаңаша сипат алып, заман талабына сай дамығанын біршама фотосурет арқылы анық аңғаруға болады.

Әсіресе ауылдың әр кезеңдегі еңбек адамының бейнесі, егін алқабындағы қызу тіршілік, құрылыс жұмысы, мәдени-көпшілік іс-шара мен ел өміріндегі маңызды оқиға желісі көрменің мазмұнын байыта түсті. Бұл – өткенге тағзым ғана емес, бүгінгі жетістікті бағалау, болашаққа бағдар жасау еді.

– Нағи Ілиясов ауылының 60 жылдық мерейтойы – барша Сыр елі үшін тағылымы мол, мәні зор мереке. Асқаралы алпыстың белесінде бұл ауыл талай буынның маңдай тері мен қажырлы еңбегінің арқасында қалыптасып, бүгінде өзінің еңбек дәстүрі, береке-бірлігімен дараланған елді мекеннің біріне айналды. Нағи Ілиясов ауылының тарихы – ең алдымен елге қызмет еткен еңбек адамының тарихы. Осы топырақтан түлеп ұшқан кез келген азамат ауыл шаруашылығын дамытуға, елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, туған жердің абыройын асқақтатуға зор үлес қосты. Олардың арасында елдің атын шығарған, еңбегімен елге үлгі болған біртуар қаншама тұлға бар. Бүгінгі «Құтты мекеннің көрікті келбеті» атты көрме – осы тарихты жаңғыртып, өткен мен бүгінді сабақтастыратын маңызды іс-шара. Мұнда ауылдың кешегісі мен бүгіні, еңбек адамының өнегелі жолы, елдің тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті кеңінен қамтылған. Көрме арқылы біз туған жердің тарихын дәріптеп қана қоймай, кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге қалдырып отырмыз. Әсіресе Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың, Социалистік Еңбек Ерлері Алдаберген Бисенов пен Күләнда Әбдіраманованың, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевтің елге сіңірген еңбегі – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Олардың өмір жолы адал еңбек пен елге қызмет етудің жарқын мысалы болып қала береді. Бүгінде ауданымызда ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Аталған бағыттағы жұмыстың барлығының түпкі мақсаты – ауыл халқының тұрмыс сапасын арттырып, елді мекеннің болашағын баян­ды ету. Нағи Ілиясов ауылы да өзінің еңбек дәстүрін жалғастырып, жаңа жетістіктерімен ауданымыздың дамуына үлес қосып келеді. Мұның барлығы – ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен туған жерге деген жанашырлығының нәтижесі. Бүгінгі мерейтой аясында еңбек ардагерлерінің өнегесін кейінгі буынға жеткізу, ауылдан шыққан тұлғалардың есімін ұлықтау, ұлттық өнер мен мәдениетті дәріптеу – аса маңызды. Өйткені ел тарихын сақтау – өткенді құрметтеу ғана емес, келешекке дұрыс бағыт көрсету, – деді аудан әкімі Берік Сәрменбаев.

Іс-шараның ерекше мазмұнды бөлігі – «Еңбек аллеясында» ұйымдастырылған танымдық және кездесу кеші болды. Мұнда ауыл тарихында өшпес із қалдырған, елдің абыройын асқақтатқан тұлғалардың өмірі мен еңбек жолы кеңінен насихатталды.

Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовқа арналған «Адал еңбек – алтын дәннің ордасы», Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисеновке арналған «Ел басқарудың заңғар біліктісі», Социалистік Еңбек Ері Күләнда Әбдірамановаға арналған «Қазақтың қайсар қызы – адал еңбектің жарқын үлгісі» тақырыбындағы танымдық кеште олардың бейбіт өмірдегі еңбегі, туған елінің дамуына қосқан үлесі, майдан даласында ерлік көрсетіп қана қоймай, бейбіт күнде де ел еңсесінің көтерілуіне қызмет көрсетуі, қазақ әйелдерінің қоғамдағы орны мен еңбектегі ерлігі айшықталды. Бұл ретте, Нағи Ілиясовтың ұлы мен қызы Болат Ілиясов пен Алма Нағиқызы, Алдаберген Бисеновтің ұлдары Марат Бисенов, Мұрат Қылышбайұлы, Күләнда Әбдіраманованың замандастары кешке келіп, өз ойларын ортаға салды.

Ал Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевпен өткізілген «Еңбегімен елге үлгі болған – Сыр елінің мақтанышы» тақырыбында кездесу кешінде аудандық мәслихат депутаты Дархан Жұмашұлы бастаған еңбек ерінің бауырлары қонақта болды.

Өткенге құрмет көрсету – болашаққа жол ашу. Сондықтан мұндай кездесулердің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы зор. Ауыл тарихын жасаған тұлғалардың өмір жолы арқылы жас­тар адал еңбектің, елге қызмет етудің, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсетудің мәнін терең түсінеді.

Көрме аясында ауыл тұрғындарының еңбегін дәріптейтін ауыл шаруашылығы көрмесі де қойылған. Берекелі тіршіліктің қайнар көзі саналатын ауыл шаруашылығы өнімдері мен еңбек нәтижесі көпшілік назарына ұсынылды. Дәнді алқаптар мен мал шаруашылығы, ауыл еңбеккерлерінің күнделікті тіршілігі мен маңдай терінің жемісі – туған жердің басты байлығы екені көрмеде айқын көрініс тапты.

Мерекелік көрменің мазмұнын қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы бұйымдары толықтыра түсті. Қазақ халқының сан ғасыр бойы қалыптасқан дәстүрлі өнері мен шеберлік мектебі қонақтарға кеңінен таныстырылды. Әрбір қолөнер бұйымынан халықтың дүниетанымы, ұлттық болмысы мен эстетикалық талғамы көрініс тапты. Ою-өрнекпен көмкерілген дүние, қолдан жасалған бұйым, ұлттық өнердің небір үлгісі көрменің көркін келтірді.

Мерекелік іс-шараның шырайын «Құрақтың Досжаны» атындағы халық ұлт аспаптар оркестрінің концерттік бағдарламасы аша түсті. Өнер ұжымының орындауындағы ұлттық музыкалық шығармалар көпшіліктің көңілін тербеп, қазақ өнерінің құдіреті мен сұлулығын тағы бір мәрте танытты. Домбыраның күмбірі мен ұлттық аспаптардың үйлесімді үні мерекелік кештің мазмұнын байытып, жиналған қауымға ерекше рухани әсер сыйлады. Күй мен ән арқылы халықтың тарихы, тағдыры, қуанышы мен мұңы, арман-аңсары бейнеленетіні белгілі.
Мерейтойлық іс-шара шеңберінде ұлттық құндылықты дәріптеп, ата дәстүрді ардақтауға бағытталған «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты этноауыл ұйымдастырылды. Тағылымды іс-шарада қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениеті кеңінен насихатталды. Этноауылда халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін ұлттық бұйым мен біршама дәстүрлі дүние таныстырылып, көпшілікке рухани мұраның құндылығы көрсетілді.

Атап айтқанда, бесікке салу, айдар кесу, тұсау кесер секілді ұлттық салт-дәстүр көрініс ретінде ұсынылып, олардың тәрбиелік мәні мен ұрпақ сабақтастығындағы маңызы дәріптелді. Аудан өнерпаздары қазақ әндерін нақышына келтіріп орындады.

Қазақтың ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылып, әрбір қатысушы дәстүрлі ойын арқылы өз қызығушылығын арттырды. «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» атты этноауыл – ата-бабадан жеткен асыл құндылықты ұлықтап, оны жас ұрпақтың санасына сіңіруге бағытталған тағылымды іс-шараның бірі болды.

Еңбекпен танылған елді мекен

Ауылдың қалыптасу тарихын кеңінен насихаттау, елді мекеннің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қаншама еңбек адамының өнегелі жолын дәріптеу және кейінгі ұрпаққа тағылымды тарихты жеткізу мақсатында «Еңбектің құдіреті – ер атандырар» атты ғылыми-танымдық конференция өтті.

Конференцияны Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Ғылыми зерттеулерді үйлестіру бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде Нағи Ілиясов ауылының тарихы Сыр өңіріндегі еңбек дәстүрімен, ауыл шаруашылығының дамуымен және елге қызмет еткен азаматтардың тағылымды ғұмыр жолымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

Тағылымды басқосуда облыс әкімінің кеңесшісі Руслан Рүстемов сөз сөйлеп, жиналған қауымды Нағи Ілиясов ауылының 60 жылдық мерейтойымен құттықтады. Аймақ басшысының арнайы құттықтау жеделхатын жеткізіп, ауыл тұрғындарына ізгі тілегін білдірді.

– Баршаңызды Сыр елінің еңбек шежіресінде өзіндік орны бар, берекесі мен бірлігі жарасқан Нағи Ілиясов ауылының 60 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Алпыс жыл – тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, елді мекен үшін бұл – бірнеше буынның тағдыры тоғысқан, талай ұрпақтың маңдай тері сіңген, талай белестің бедері қалған айтулы кезең. Қазақ «Ауыл – ел бесігі» дейді. Өйткені ауыл – ұлттық болмыстың қайнар көзі, еңбек пен тәрбиенің алтын ұясы. Ауылдың қуаты – оның ғимараттары мен көшелерінде ғана емес, ең алдымен, елге қызмет ететін азаматтарының еңбегінде, ынтымағы мен бірлігінде. Сырдария ауданындағы әрбір ауылдың өзіндік тарихы бар. Ал сол ауылдардың арасында Нағи Ілиясов ауылының орны ерекше. Бұл – тарихы терең, еңбек дәстүрі берік, елге белгілі тұлғаларды түлеткен қасиетті мекен. Ауылдың тарихы ресми түрде 1966 жылдан бастау алғанымен, оның негізі одан әлдеқайда ертерек қалыптасқанын жақсы білеміз. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінде осы өңірде еңбек еткен қарапайым ауыл адамдары жер игеріп, мал бағып, елді мекеннің іргесін бекітті. 1920-1950 жылдардағы шаруашылықтардың қалыптасуы мен іріленуі, колхоздар мен совхоздардың құрылуы – ауылдың бүгінгі дамуына негіз болған үлкен еңбек мектебі. Ал 1966 жыл ауыл тарихындағы ерекше белес болды. Шағаннан бөлініп, №1 күріш совхозы құрылып, оның тізгінін Кеңес Одағының Батыры, елге еңбегімен танылған Нағи Ілиясов ұстады. Жаңадан құрылған шаруашылықтың алғашқы жылдары оңай болған жоқ. Инженерлік жүйесі енді қалыптасып келе жатқан алқаптарды игеру, суды реттеу, жерді тегістеу – үлкен табандылық пен төзімділікті талап етті. Туған жерінің көркеюіне айрықша үлес қосып келе жатқан Абзал Жұмашұлы Ералиевтің азаматтық ұстанымы мен елжандылық еңбегін ерекше атап өткім келеді. «Абзал және К» толық серіктестігінің қолдауымен соңғы жылдары ауылда көптеген әлеуметтік және инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Спорт кешені, жаңа мешіт, күріш мұражайы, Тағзым алаңы, әкімдік ғимараты, «Еңбекшілер» аллеясы, балалар ойын алаңдары, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары, кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы бастамалар – туған жерге деген шынайы жанашырлықтың жарқын көрінісі. «Туған жерге туыңды тік» деген халқымыздың даналығы осындайда айтылса керек. Осы орайда Нағи Ілиясов ауылының бүгінгі келбеті – мемлекет пен жергілікті биліктің, шаруашылықтар мен кәсіпкерлердің, ең бастысы, ауыл тұрғындарының ортақ еңбегінің нәтижесі. Бүгінде ауылдың барлық тұрғын үйлерінің табиғи газға қосылуы, әлеуметтік нысандардың жаңаруы, көркейту және көгалдандыру жұмыстарының жүйелі жүргізілуі – елді мекеннің өмір сүру сапасының артқанын көрсетеді. Нағи Ілиясов ауылының 2025 жылы республика бойынша үздік 5 туристік елді мекеннің қатарына енуі де – осы еңбектің жемісі. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінен, алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар бұл ауылдың көркіне ғана емес, оның қалыптасу тарихына, еңбек дәстүріне қызығушылық танытады. Бұл – Сыр елінің абыройы, – деді Руслан Рүстемұлы.

Конференцияда ауылдың қалыптасу тарихы, оның әр жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері мен елдің өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың өмір жолы кеңінен талқыланды. Қатысушылар ауылдың кешегісі мен бүгінін салыстыра отырып, елді мекеннің даму жолындағы маңызды кезеңдерге тоқталды. Конференцияда Сырдария ауданының Құрметті азаматы, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төребек Жұмабекұлы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Алма Нағиқызы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Ибадулла Айғалиұлы, Сырдария ауданының Құрметті азаматы. «Құрмет» ордені иегері Әріп Хожбанов, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, сондай-ақ қоғам қайраткері Гүлбахрам Жүніс сөз сөйлеп, ауыл тарихына қатысты құнды пікірлері мен естеліктерін ортаға салды.

Әр баяндамашы өз сөзінде Нағи Ілиясов ауылының қалыптасуы мен даму кезеңіне тоқталып, елді мекеннің бүгінгі жетістігіне негіз болған аға буын өкілдерінің еңбегін ерекше атап өтті. Ауылдың өркендеуі жолында қызмет еткен азаматтардың өмірі мен еңбегі кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге екені айтылды.

Ғылыми-танымдық конференция барысында айтылған пікірлер мен тарихи деректер Нағи Ілиясов ауылының өткені мен бүгінін өзара сабақтастыра түсті. Бір кездері негізі қаланған ауылдың бүгінгі дәрежеге жетуі – бірнеше буынның маңдай тері мен тынымсыз еңбегінің нәтижесі екені тағы бір мәрте айқындалды.

Өз кезегінде мерейтой иелеріне Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Басқарма төрағасы – Ректоры Наурыз­бай Байқадамовтың «Алғыс хаты» табысталды.

– Уақыт өте келе ауылдың келбеті өзгергенімен, оның негізінде жатқан басты құндылық – адам еңбегі, елге деген жанашырлық және туған жерге деген сүйіспеншілік өзгерген жоқ. Тарихқа көз жүгіртсек, кез келген елді мекеннің қалыптасуы мен өркендеуі сол жерде өмір сүрген адамдардың қажырлы еңбегімен тікелей байланысты. Нағи Ілиясов ауылының да бүгінгі жетістігі – кезінде осы жердің дамуына бар күш-жігерін арнаған аға буынның еңбегінің нәтижесі. Сондықтан ауыл тарихын айтқанда, ең алдымен, сол тарихты жасаған еңбек адамдарын еске алуымыз керек. Бүгінгі ұрпақ үшін өткенді білу өте маңызды. Өйткені тарихын таныған адам туған жерінің қадірін терең түсінеді. Ауылдың әрбір көшесі, әрбір ғимараты, әрбір жетістігі – белгілі бір кезеңнің, белгілі бір адамның еңбегімен байланысты. Осындай құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізу арқылы біз тарихи сабақтастықты сақтаймыз. Нағи Ілиясов ауылының тарихында елге белгілі тұлғалармен қатар, аты көп айтыла бермейтін қарапайым еңбек адамдарының да өзіндік орны бар. Диханның маңдай тері, ұстаздың шәкірт тәрбиесі, дәрігердің елге жасаған қызметі, құрылысшының еңбегі – барлығы ауылдың қалыптасуына қосылған үлес. Елдің дамуы осындай күнделікті адал еңбектің нәтижесінде жүзеге асады. Ал бүгінгі мерейтойдың тағылымдық мәні де осында деп ойлаймын. Бұл – өткенді еске алып қана қою емес, одан сабақ алып, келешекке бағыт-бағдар жасау. Әсіресе жастар ауылдың тарихын, елге еңбегі сіңген азаматтардың өмір жолын біліп өсуі керек. Өйткені елге қызмет етудің үлкен жолы туған жерге деген құрметтің белгісі ретінде айқындалады. Осы ретте, республикада үздік ауыл туған жерімнің гүлденуіне үлес қосып, бар қажыр-қайратымен, еңбегімен көпке таныла білген Абзал Жұмашұлы замандасыма алғыс айтамын! Осындай мерейлі, қуанышты сәтте жерлестерімізді 60 жылдық белеспен шын жүректен құттықтаймын! – деді мемлекеттік қызмет саласының ардагері, «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Сырдария ауданының құрметті азаматы» Балшекер Өтегенова.
Тағылымды басқосу – бір ауылдың шежіресін саралаумен ғана шектелмей, елдің дамуына адал еңбегімен үлес қосқан азаматтардың өмір жолын ұлықтауға, олардың өнегесін жас ұрпаққа насихаттауға бағытталды. Алпыс жылдық тарихы бар ауылдың жүріп өткен жолы, оның қалыптасу кезеңдері мен бүгінгі жетістіктері ғылыми тұрғыда сараланып, елді мекеннің дамуындағы еңбек адамдарының ерекше орны кеңінен сөз болды.

Даңқты ауылдың мерейін арттырды

Мерейтой ұлттық өнердің мәртебесін асқақтатып, суырыпсалма сөз өнерінің құдіретін танытқан «Адал еңбек, алтын дәннің ордасы» атты республикалық ақындар айтысымен жалғасын тапты.

Ұлттық сөз өнерінің тарландары мен жас таланттар бас қосқан аламан айтыс Нағи Ілиясов ауылының даңқты тарихын, еңбек адамдарының өнегелі өмір жолын және туған өлкенің бүгінгі жетістіктерін жырға қосты.

Айтыстың шымылдығы облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың құттықтау сөзімен ашылды. Данияр Еренғалиұлы барша жиналған қауымды Нағи Ілиясов ауылының 60 жылдық мерейтойымен құттықтап, ауыл тұрғындарына ізгі тілегін білдірді. Ұлттық өнердің сөз бәсекесінде қатысушы әр айтыскер ақынға сәттілік тілеп, қазақ халқының рухани өмірінде айтыс өнерінің алар орны айрықша екенін атап өтті.

– Баршаңызды Сыр елінің тарихында өзіндік орны бар, еңбегімен елге танылған, берекесі мен бірлігін бекемдеген Нағи Ілиясов ауылының 60 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Осыдан алпыс жыл бұрын Сырдың дархан даласында бой көтерген елді мекен бүгінде республикаға танылған, көркі мен келбеті, еңбегі мен берекесі өзгеге үлгі болған ауылға айналды. Оның әр көшесінде – өткеннің ізі, әрбір жетістігінде – аға буынның еңбегі, әрбір шаңырағында – елдік пен бірліктің өнегесі бар. Ауыл тарихы – еңбекпен жазылған тарих. Сондықтан Нағи Ілиясов ауылы дегенде ең алдымен еңбек адамы, диқан, күрішші, елге қызмет еткен азамат бейнесі көз алдымызға келеді. Бұл ауыл бекерден-бекер «Батырлар ауылы» атанған жоқ. Елді мекеннің тарихы Кеңес Одағының Батыры, елге еңбегі сіңген айтулы тұлға Нағи Ілиясовтың есімімен тығыз байланысты. Майданда ерліктің үлгісін көрсеткен Нағи Ілиясов Жеңістен кейін де туған елінің игілігіне қызмет етіп, ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. 1966 жылы осы жерде күріш совхозы ашылып, оның алғашқы директоры болды. Бұл жерде бір адамның емес, бірнеше буынның өнегесі тоғысып жатыр. Ауыл тарихында Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисеновтің, Күләнда Әбдіраманованың өзіндік қолтаңбасы бар. Сондай-ақ елге еңбегімен танылған Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев секілді азаматтардың есімі ауылдың абыройын асқақтатуда. Ал халықтың мұңын, қоғамның тынысын қаламымен жеткізген журналист, фельетоншы, соғыс ардагері Сұлтан Қожаниязовтың өмір жолы – ауылдан шыққан азаматтардың елдік деңгейдегі еңбегінің тағы бір жарқын көрінісі. Осындай тұлғалардың өмірі – ауылдың рухани капиталы. Олардың әрқайсысының артында кейінгі ұрпаққа үлгі болар тағылымды жолы бар. Сондықтан ауылдың 60 жылдығы – өткенді ұлықтайтын мерейтой ғана емес. Бұл – елге қызмет еткен азаматтарға тағзым ететін, олардың өнегесін кейінгі буынға аманаттайтын үлкен рухани белес. Бүгінде Нағи Ілиясов ауылының жетістігі Сыр елінің жетістігіне айналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі ауылға арнайы келіп, елді мекеннің дамуына жоғары баға беріп, «Нағи Ілиясов басқа ауылдарға да үлгі болуы қажет» деген болатын. Бұл – ауыл тұрғындарына көрсетілген үлкен сенім. Бүгінде ауылдың көркі мен инфрақұрылымы, әлеуметтік нысандары мен еңбек әлеуеті ел назарын аударып отыр. Елді мекен 2 мәрте облыстық «Үлгілі елді мекен» байқауында жеңімпаз атанып, республикалық деңгейде де үздік ауылдар қатарынан көрінді, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Сөз сайысына түскен ақындар суырып салма өнердің биік үлгісін көрсетіп, тыңдарманның ықыласына бөленді. Республикалық айтысқа Қарағандыдан Мақсат Ақанов пен Дидар Қамиев, Павлодардан Аспанбек Шұғатаев, Ақтөбеден Аруна Керімбек, Астанадан Рауан Қайдар, Түркістаннан Ахметрасул Баянбай, Алматыдан Нұрзат Қару қатысып, өз өнерін ортаға салды. Ал Сыр өңірінің намысын Қызылорда облысының белгілі айтыскерлері Мейірбек Сұлтанхан, Нұрмат Мансұр және Бексұлтан Орынбасар қорғады.

Бір сахнада бас қосқан сөз зергерлері туған жердің тарихын, елдің бірлігі мен ынтымағын, ауыл еңбеккерлерінің маңдай терін және қоғамдағы өзекті мәселелерді ұтымды ұйқаспен өрнектеді. Айтыстың әр кезеңінде ақындардың тапқырлығы мен шешендігі, шапшаң ойлап, суырып салып жауап қайтарудағы шеберлігі көрерменді тәнті етті. Бірде әзіл мен әжуаға құрылған сөз сайысы залды күлкіге бөлесе, енді бір сәтте елдік пен ерлік, туған жер мен еңбек туралы толғанысты жырлар тыңдарманның жүрегіне жол тапты.

Айтыстың тізгінін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік ғылыми зерттеулері үшін Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, республикалық, халықаралық ақындар айтысының жүлдегері Аманжол Әлтай ұстады. Ал ақындардың өнеріне Қазақстанның Халық жазушысы, «Құрмет», «Парасат», «Отан» ордендерінің иегері Жүрсін Ерман, ақын, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағының Ақмола облыстық филиалының төрағасы, ҚР Мәдениет саласының қайраткері Құдайберді Мырзабеков, ақын, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты, Қызылорда облысының құрметті азаматы Шакизада Әбдікәрімов, ақын, «Құрмет» орденінің иегері Мамыр Байдәулетов қазылық етті. Тартысты өткен республикалық айтыстың қорытындысында қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Нұрмат Мансұрға бұйырды. Ал І орынға Мақсат Ақанов лайық деп танылды. ІІ орынды Аспанбек Шұғатаев иеленді. Жүлделі ІІІ орын Бексұлтан Орынбасар мен Нұрзат Қаруға бұйырды. Республикалық айтысқа қатысқан өзге де ақындардың барлығы арнайы жүлдемен марапатталып, әрқайсысына 500 мың теңгеден ақшалай сыйақы табысталды. Бұл – ұлттық өнерге көрсетілген құрметтің және айтыс ақындарының еңбегіне берілген жоғары бағаның белгісі болды.

Аламан айтыс барысында көрермен қауым ұлттық өнердің керемет үлгісіне куә болды. Ақындардың ұтқыр ойы, өткір сөзі, тауып айтқан әзілдері мен терең толғамдары көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Сахна төрінде өрілген жыр жолдары Нағи Ілиясов ауылының 60 жылдық тарихын жаңа қырынан танытып, елдің өткеніне құрмет пен бүгінгі жетістіктеріне мақтаныш сезімін ұялатты.

Дүбірлі тойдың думанды сәті

Сыр өңіріндегі көркейген елді мекендердің біріне айналған ауылдың мерейтойы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап мерекелік гала-концертпен қорытындыланды.

Салтанатты іс-шарада аудан әкімі Берік Сәрменбаев пен Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев ауыл тұрғындары мен мерейтой қонақтарын айтулы датамен құттықтап, ақжолтай тілектерін жеткізді. Құттықтау сөздерде ауылдың қалыптасу тарихы, елдің ынтымағы мен берекесі, туған жердің өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың еңбегі ерекше аталды.
– Нағи Ілиясов ауылының 60 жылдық мерейтойы – мен үшін ғана емес, осы ауылда туып-өсіп, тағдырын туған жерімен байланыстырған әр азамат үшін ерекше тарихи белес. Өйткені алпыс жыл – бір ғана уақыт өлшемі ретінде қарастырылмайды. Тұтас бір елді мекеннің қалыптасу, даму және кемелдену жолы. Осы жылдардың әр белесінде ауылдың тағдырына өзіндік үлесін қосқан еңбек адамдарының маңдай тері, үлкендердің өнегесі, кейінгі буынның ізденісі жатыр. Мерейтой аясында ұйымдастырылған іс-шараның барлығы ауыл тарихын жан-жақты танытып, өткен мен бүгінді сабақтастыра түсті. «Құтты мекеннің көрікті келбеті» атты көрме арқылы ауылдың кешегі тынысы мен бүгінгі жетістігін салыстырып, елді мекеннің қандай жолдан өткенін көрдік. «Еңбектің құдіреті – ер атандырар» атты ғылыми-танымдық конференцияның да маңызы зор болды. Бұл басқосу ауыл тарихын тек естелік ретінде емес, ғылыми тұрғыдан зерделеп, кейінгі буынға жеткізудің қажеттігін көрсетті. Ауылдың өткені зерттеліп, еңбек адамдарының ел дамуына қосқан үлесі айтылған сайын жас ұрпақтың туған жерге деген құрметі арта түседі деп ойлаймын. «Ұлттық мұра – ұрпаққа аманат» этноауылы да мерейтойдың мазмұнын байыта түсті. Ұлттық салт-дәстүріміздің көрсетіліп, ұлттық ойындар мен қолөнердің дәріптелуі – рухани сабақтастықтың айқын көрінісі. Өйткені елдің болашағы тек экономикалық жетістіктермен өлшенбейді. Ұлттық құндылығын сақтаған, тарихын білетін, үлкенін құрметтеп, кішісіне қамқор болатын ұрпақ қана елдің тұтас­тығын жал­ғастыра алады. Ал «Адал еңбек, алтын дәннің ордасы» атты рес­пуб­ликалық ақындар айтысы туған жердің тарихын өнер тілі­мен өрнектеген ерекше іс-шара болды. Қазақстанның әр өңірінен келген ақындардың жырларында елдік мәселе, еңбек адамдарының еңбегі, ауылдың өткені мен бүгіні, туған жерге деген сүйіспеншілік кеңінен көрініс тапты. Бұл – Нағи Ілиясов ауылының тарихы бір ауылдың ғана емес, Сыр елінің ортақ шежіресі екенін тағы бір дәлелдеді. Мерейтойлық гала-концерт те көпшіліктің көңілінен шықты. Салтанатты кеште ауылдың өткені мен бүгіні сабақтасып, елге еңбегі сіңген азаматтарға құрмет көрсетілді. Ауылдың қалыптасуы мен өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға мерейтойлық медальдардың табысталуы – олардың еңбегіне деген ел ықыласының белгісі. Мұндай құрмет кейінгі ұрпаққа да үлкен жауапкершілік жүктейді. Меніңше, осы мерейтойдың ең үлкен мәні – өткенге тағзым жасап қана қоймай, болашаққа бағыт көрсетуінде. Алпыс жыл ішінде ауылдың талай буыны қалыптасты. Бүгін сол аға буынның еңбегін кейінгі ұрпақ жалғастырып отыр. Ендігі міндет – осы жетістікті сақтап қана қоймай, одан әрі дамыту. Нағи Ілиясов ауылының бүгінгі көркі мен абыройы – осында еңбек еткен, елге қызмет еткен азаматтардың ортақ еңбегінің жемісі. Сондықтан ауылдың 60 жылдығы – баршаға ортақ қуаныш, – деді Абзал Жұмашұлы.

Осы уақыт аралығында елді мекеннің қалыптасуы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді. Мерейтой аясында ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен бірқатар азаматқа «Нағи Ілиясов ауылының 60 жылдығы» мерекелік медалі табысталды.

Бұл марапат – ауыл тарихында өзіндік қолтаңбасы қалған жандарға көрсетілген құрметтің белгісі. Зиялы қауым өкілдері, сан салада ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлер, ауыл тұрғындары, туған жерден түлеп ұшып, елге қызмет етіп жүрген жандар қашанда ел жадында. Олардың әрқайсысының өмір жолы – ауылдың алты онжылдық тарихының ажырамас бөлігі.

Мерекелік кештің көркін өнерпаздар қыздырды. Сахна төрінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Жеңіс Ысқақова өнер көрсетіп, көрерменге әсем әндерін ұсынды. Эстрада жұлдыздары Қуандық Рахым, Жандос Қаржаубай, Садраддин, Райм және басқа да өнер иесі ән шырқап, ауыл тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл күй сыйлады.

Мерейтойлық концертте орындалған әрбір ән мерейтойдың мазмұнымен үндесіп, туған жерге деген сүйіспеншілік пен елге деген құрметті арттыра түсті. Әуезді ән, әсерлі өнер, тағылымды марапаттау рәсімі тоғысқан концерттік бағдарлама көрерменнің көңілінен шықты.

Нағи Ілиясов ауылының 60 жылдығына арналған салтанатты іс-шара осылайша ауыл тарихын жасаған аға буынға құрмет көрсетіп, бүгінгі жетістіктерді дәріптеп, келешекке сеніммен қарауға үндеген мазмұнды мерекеге ұласты.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

12 қыркүйек 2026 ж. 77 0