Тарих пен тағылымның ордасы
Әр халықтың өткені мен бүгінін жалғап, ұлттық құндылығын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін қасиетті орны болады. Соның бірі – музей. Музей – халықтың тарихи жадын сақтайтын, мәдени мұрасын дәріптейтін, елдің өткені мен бүгінін сабақтастыратын рухани қазына ордасы. Онда жинақталған әрбір жәдігер – белгілі бір дәуірдің куәсі, ұлт тарихының үнсіз шежіресі.Осындай маңызды мәдени орталықтың қатарында Нағи Ілиясов ауылында орналасқан «Н.Ілиясов ауылының тарихы» музейі бар. Бұл игі бастама 2020 жылы «Күріш» музейінің ашылуымен бастау алып, 2025 жылы Қазақстанның Еңбек Ері, ауылдың тумасы Абзал Ералиевтің бастамасымен кеңейтіліп, «Н.Ілиясов ауылының тарихы» музейі ретінде ел игілігіне пайдалануға берілді.
Бүгінде музей қорында 1400-ге жуық құнды жәдігер сақтаулы. Экспозицияда ауылдың өткені мен бүгінінен сыр шертетін көптеген тұрмыстық бұйым, қолөнер туындысы, тарихи фотосурет, архивтік құжат және сирек кездесетін жәдігер қойылған. Олардың әрқайсысы – ел тарихының бір бөлшегі, өткен күннің өміршең белгісі.
Музейдің негізгі бөлімінің бірі ауыл тарихына арналған. Мұнда елді мекеннің қалыптасу кезеңі, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік-экономикалық дамуы, еңбек жолы мен бүгінгі жетістіктері кеңінен қамтылған. Сонымен бірге ауылдың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан еңбек ардагерлері, ауыл шаруашылығының майталмандары және әртүрлі салада табысқа жеткен бірқатар азамат туралы құнды мәлімет жинақталған.Музей қорында Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне және ауылдың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан азаматтарға арналған арнайы бөлім жасақталған. Онда олардың фотосуреттері, марапаттары, жеке пайдаланған заттары мен өмір жолынан сыр шертетін тарихи құжат сақталған. Әрбір бөлім белгілі бір тарихи кезеңді қамтып, келушілерге туған өлкенің өткені, еңбек адамының өнегелі өмірі, ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрі жөнінде жан-жақты мағлұмат береді.
Музейдің басты мақсаты – туған өлкенің тарихын сақтау, тарихи жәдігерді жинақтап, келер ұрпаққа аманат ету, сондай-ақ жастардың бойында елжандылық пен отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру. Бұл бағытта музей ұжымы ғылыми-зерттеу жұмысын жүйелі жүргізіп, ауыл тарихына қатысты тың деректі жинақтап, қорды жаңа жәдігерлермен толықтыруға ерекше көңіл бөліп келеді.
Нағи Ілиясов ауылы – бүгінде республика көлемінде әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан үлгі саналатын елді мекеннің бірі. Ауыл Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясовтың есімімен аталады. Батырдың ерлігі мен өнегелі өмір жолы – ауыл тұрғындары үшін мақтаныштың ғана емес, өскелең ұрпаққа үлгі болатын тағылымның қайнар көзі.
Қазіргі таңда музей тек тарихи жәдігерлер сақталатын орын ғана емес, мәдени-ағартушылық жұмыстың орталығына айналды. Мұнда тұрақты түрде көрме ұйымдастырылып, тарихи-танымдық кездесу, экскурсия, мәдени-көпшілік іс-шара өткізіледі. Бұл жұмыс жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, ұлттық құндылыққа деген құрметін арттыруға зор ықпал етуде.
Музей жұмысының тағы бір маңызды бағыты – жергілікті тұрғынмен тығыз байланыс орнату. Ауыл азаматтары өздерінің қолындағы тарихи құжаттарды, көне тұрмыстық бұйымдарды, фотосуреттер мен басқа да құнды дүниелерді музей қорына тапсырып, туған өлкенің шежіресін толықтыруға үлес қосып келеді. Осындай ортақ еңбектің нәтижесінде өткеннің баға жетпес мұрасы сақталып, келешек ұрпаққа аманат етілуде.
«Тарихын құрметтеген халықтың болашағы жарқын» деген қанатты сөздің мәні осындай игі істер арқылы айқындала түседі. Өйткені музей – өткеннің ізі ғана емес, бүгіннің шежіресі әрі болашаққа жол тартқан рухани аманат. Осы тұрғыдан алғанда, Нағи Ілиясов ауылындағы музей туған өлкенің бай тарихын дәріптеп, ұлттық мұраны ұлықтап, жас ұрпаққа тағылым беретін маңызды мәдени мекеме ретінде өз қызметін абыроймен жалғастыра бермек.
Айгерім БАТЫРБЕК,
Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалының
«Н.Ілиясов ауылының тарихы» музейі бөлімінің ғылыми қызметкері










