«Еңбектің құдіреті – ер атандырар» атты ғылыми – танымдық конференция өтті
Нағи Ілиясов ауылының 60 жылдық мерейтойы аясында ауылдың қалыптасу тарихын кеңінен насихаттау, елді мекеннің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан еңбек адамдарының өнегелі жолын дәріптеу және кейінгі ұрпаққа тағылымды тарихты жеткізу мақсатында «Еңбектің құдіреті – ер атандырар» атты ғылыми – танымдық конференция өтті.Тағылымды басқосуда ауылдың тарихы, оның қалыптасуы мен әлеуметтік – экономикалық дамуы, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері және ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен азаматтардың өмір жолы кеңінен сөз болды.
Конференция барысында Сырдария ауданының Құрметті азаматы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Төребек Жұмабекұлы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Алма Нағиқызы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Ибудулла Айғалиұлы, Қазақстанның Еңбек Ері, Қызылорда облысының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы Абзал Ералиев сөз сөйлеп, елді мекеннің өткені мен бүгінін сабақтастырған құнды пікірлерін ортаға салды.
Сондай-ақ тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжасов қорытынды сөз сөйлеп, басқосудың маңызына тоқталды. Жиын барысында бірқатар азаматтарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Басқарма төрағасы – Ректорының «Алғыс хаттары» табысталды.
Мерейтой аясында елді мекеннің қалыптасуы мен өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық өміріне елеулі еңбек сіңірген азаматтар Нағи Ілиясов ауылының 60 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталды.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі








