Алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды
Цифрлық технологияның дамуы қоғам өмірін жеңілдеткенімен, оны өз пайдасына жаратып, азаматтарды алдап-арбауға тырысатын алаяқтардың да түрлі тәсілдерге көшуіне жол ашып отыр. Соңғы уақытта тұрғындардың ұялы телефондарына немесе әлеуметтік желідегі жеке парақшаларына некені «ұзарту», неке туралы құжаттарды қайта жаңарту қажеттігі жөнінде жалған хабарламалар жіберіле бастаған. Осы мәселе қоғам назарын аудартып, көпшілік алаяқтың арбауына түспеу керектігін алға тартуда. Басылымның «Назар» айдары бойынша бірқатар әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен мәселені талдап көрелік.Алаяқтар жолдаған хабарламаларда азаматтарға неке туралы құжаттарын жаңарту қажеттігі айтылып, бұл талап орындалмаған жағдайда банк қызметін пайдалану мүмкін болмайтыны туралы ескертіледі. Бұдан кейін тұрғындарға белгілі бір сілтемеге өтіп, жеке мәліметін енгізу ұсынылады. Алайда мұндай хабарламаның барлығы шындыққа жанаспайды.
Кез келген алаяқтың басты мақсаты – азаматтардың сеніміне кіріп, дербес дерегін қолға түсіру. Кей жағдайда күмәнді сілтеме арқылы адамның жеке мәліметі, банк картасына қатысты ақпараты немесе басқа да құпия дерегі қолды болуы мүмкін. Сондықтан кез келген күмәнді хабарламаға сақтықпен қарап, асығыс әрекет жасамау – бүгінгі күннің басты талабының бірі.
Осы мәселеге байланысты ҚР Әділет министрлігі азаматтарға арнайы ескерту жасап, неке туралы заңнамада «некені ұзарту» деген талаптың жоқ екенін мәлімдеді.
«ҚР Әділет министрлігі неке-отбасы заңнамасына сәйкес, неке бір рет тіркеледі және оның шекті мерзімі белгіленбейді. Осыған байланысты Әділет министрлігі некені ұзарту талап етілмейтіндігін ескертеді. Неке ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе екеуінің өтініші бойынша некені бұзу арқылы, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылуы мүмкін. Некені бұзу тек тіркеуші орган арқылы немесе сот шешімінің тәртібімен жүзеге асырылады. Осыған байланысты азаматтардың назарын осындай хабарламалардың шындыққа сәйкес келмейтініне аударып, оларды көрсетілген сілтемелерге өтпеуге және дербес деректерді бөгде адамдарға ұсынбауға шақырамыз. Дұрыс әрі нақты ақпарат алу үшін ресми дереккөздерге жүгінуді сұраймыз» делінген хабарламада.
Яғни азаматтардың некесін белгілі бір мерзім сайын ұзарту немесе қайта тіркеу туралы талап заңнамада қарастырылмаған. Неке бір рет мемлекеттік тіркеуден өткізіледі және оның қолданылу мерзімі белгіленбейді. Сондықтан «некеңіздің мерзімі аяқталды», «некені ұзарту қажет», «құжаттарыңызды жаңартпасаңыз, банк қызметтері бұғатталады» деген мазмұндағы хабарламаға сенуге болмайды.
Сырдария аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Салтанат Бекжүнісованың айтуынша, тұрғындар кез келген ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеруге дағдылануы қажет.
– Соңғы уақытта интернет пен ұялы байланыс құралдары арқылы азаматтарды алдаудың түрлі тәсілдері көбейіп келеді. Соның бірі – некені ұзарту немесе неке туралы құжаттарды жаңарту қажет деген жалған хабарлама. Азаматтар мұндай ақпаратқа сенбеуі керек. ҚР неке-отбасы заңнамасына сәйкес, неке бір рет тіркеледі және оған белгілі бір мерзім белгіленбейді. Сондықтан некені қайта ұзарту немесе оның мерзімін созу деген талап жоқ. Егер қандай да бір мәселе туындаса, азаматтар ресми мемлекеттік органдарға тікелей хабарласып, нақты ақпарат ала алады. Қазіргі таңда Сырдария ауданында дәл осы некені «ұзарту» мәселесіне байланысты алаяқтық фактілері тіркелген жоқ. Дегенмен бұл тұрғындар мүлде алаңсыз болуы керек дегенді білдірмейді. Ақпараттық қауіпсіздікке әрдайым мұқият қараған жөн, – дейді Салтанат Бекжүнісова.
Расымен де, алаяқтардың әрекеті күн өткен сайын күрделеніп келеді. Бұрын көбіне телефон арқылы өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органының өкілі ретінде таныстырып хабарласатын болса, бүгінде мемлекеттік қызметке, әлеуметтік төлемге, коммуналдық қызметке, құжатты жаңартуға, тіпті азаматтың жеке өміріне қатысты мәселеге дейін араласатын жалған хабарлама таратуда.
Алаяқтың мұндай әрекетінде ең басты қару – адамның қорқынышы мен асығыстығы. «Шотыңыз бұғатталады», «қызмет көрсетілмейді», «құжатыңыздың мерзімі аяқталды» деген секілді сөз арқылы азаматты тез әрекет жасауға итермелейді. Ал адам ақпараттың рас-өтірігін тексерместен сілтемеге өтіп немесе сұралған мәліметтерді беріп қойса, кейін оның салдары ауыр болуы мүмкін.
Сондықтан мамандар кез келген күмәнді хабарламаға қатысты бірнеше қарапайым ережені есте ұстауға шақырады. Біріншіден, бейтаныс нөмірден немесе күмәнді аккаунттан келген сілтемеге өтпеу қажет. Екіншіден, жеке және банк дерегін ешкімге бермеу керек. Үшіншіден, хабарламада мемлекеттік органның атауы көрсетілгенімен, ақпаратты сол мекеменің ресми байланысу арқылы қайта тексерген дұрыс.
Мемлекеттік орган азаматтардан жеке деректерді күмәнді сілтеме арқылы енгізуді талап етпейтінін де есте ұстаған жөн. Қандай да бір хабарлама күдік тудырса, оны бірден орындауға асықпай, ресми ақпарат көздеріне жүгіну – ең дұрыс шешім. Бүгінде ақпарат кеңістігінде шынайы мәлімет пен жалған ақпарат қатар жүр. Сол себепті әр азаматтың цифрлық сауаттылығы мен сақтығы өз қауіпсіздігін қорғаудың маңызды бөлігіне айналуда. Алаяқтардың арбауына түспеу үшін ең алдымен ақпаратты саралап, тексеріп барып әрекет ету қажет.
Сақтық – қауіпсіздіктің басты кепілі. Бір сәттік сенім мен асығыстық алаяқтардың құрбанына айналдыруы мүмкін. Ал ақпаратты тексеріп, ресми дереккөздерге ғана сену – әр азаматтың қаржылық және жеке қауіпсіздігін қорғаудың сенімді жолы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ
Фото: ашық дереккөзден










