Әдеп
Оқырман қауым үшін тұщымды әрі терең мағыналы зерттеу мақалаларымен таныла білген жергілікті қаламгер, басылымның тұрақты авторы Жұмабай Байзақұлы құнды деректерді жинақтау үстінде. Үнемі ізденуден жалықпайтын қуатты қалам иесінің оқырман назарына «Әдеп» тақырыбындағы аудармасын ұсынып отырымыз. Редакциядан
Қазақ балалары үшін. Ақмола облысы, Көкшетау уезі, Қотыркөл ауылы, Мухамед Салим бин әл қажы Ғабдырахман Қасымовтың сыры. 1907 жыл, 11 февраль. «Сабах» кітапханасы, Қазан, 1907 ж.
Бисимилла рахман рахим!
Оқып қал, ай балалар, жас шағыңда,
Оқуға уақыт кеңдік бар шағыңда.
Ендігі заманға оқу керек,
Оқусыз өнер тапқан адам бар ма?
Оқуды оқымасаң – жамандығың,
Оқудың қайда көрдің жаман жерін?
Оқуды оқып жүріп біле алмасаң,
Жалқаулық, ақылсыздық, шабандығың.
Бұл оқу керек болар қайда болсаң,
Көп болар керек жері бай да болсаң.
Жазарсың ісіңді өз қолыңменен,
Байлық пен мал жүргізіп, сауда қылсаң.
Бұл оқу керек болар кедей болсаң,
Бір байдың баласына малай болсаң.
Болсаң да қанша кедей орның төрде,
Оқуда тентек болмай жақсы оқысаң.
Оқиық, ай балалар, көңіл қойып,
Жүрерміз оқу білсең біздер тойып.
Оқусыз жөн болмайды надан болсақ,
Жүрерміз бейнет пенен қатып солып.
Боларсың оңды кісі оқу білсең,
Дүниеде тірлік қылып, өмір сүрсең.
Мұқтаж боп еш нәрсеге сен тұрмассың,
Ойнамай сабағыңда жақсы болсаң.
Көреді сені жақсы ата-анаң,
Дұға қылар болсын деп ізгі адам.
Ойнамай сабағыңды болып барсаң,
Береді ет пенен қымыз тағы саған.
Малыңды жақсы көрер ойнамасаң,
Бейсенбі жұмалықтан бос қалмасаң.
Үйретер қайта-қайта сабағыңды,
Әр уақыт батасынан бос тұрмасаң.
Тағы да басқаларды жақсы көрсін,
Әдепті мінезің де жақсы болсын.
Көрген жан әдебіңді тамаша қып,
Баласын қызыққаннан о да берсін.
Сонымен барша халық жақсы көрер,
Оқымаған надан бала жер боп жүрер.
Қызығып басқа кісі сізді көрген,
Баласын оқытуға о да берер.
Солайша әр адам үлгі алады,
Дін ғылым мен үйренусіз кім қалады?
Дүние ахретінен хабары жоқ,
Бақытсыз сорлы адам сол болады.
Оқысаңдар боларсың биік жақсы адам,
Әр істе мұқтаж болар әркім саған.
Сонымен табылады адамдығың,
Кісі ақысын жемесең – адалдығың.
Болып тұрып ақылмен іс қылсаңыз,
Ең ақымақ болады надандығың.
Пайғамбар хақ, Алланы бір біліңіз,
Орысша, мұсылманша тіл біліңіз.
Қазіргі күнімізге қарағанда,
Қазақты еш жарықсыз түн бе деңіз.
Дұшпанның табасынан сақтанайық.
Жүрмесін оқығандар мазақ қылып,
Қараңғыдан шығайық жарық жаққа,
Алыңдар бұ сөзімді ақылмен жатқа.
Білгенінше насихат жазып берген,
Рақмет айтып өтіңдер Қасымовқа.
БІРІНШІ: АТА-АНА
Ай, ақылды, жақсы балалар! Сіздер әлеуметке, ата-ана, басқаларға қызмет көрсетіп, жақсы
болатын адамсыздар. Әр адам жақсы дос, жақын көрер.
Бұны өздеріңіз де білесіз. Ата-аналарыңыз әр уақыт сіздерді ең ауыр бейнетімен жақсы қылып тәрбиелеп өсірді. Сіздердің жұмысыңызды бөліп, Алла Тағалаға жалынып, дұға қылып сіздерді ізгі жақсы тауфиқты болғай деп тілепті. Сол үшін сіздер ата-аналарыңыздың қанша қызмет қылып ақысын өтеулеріңіз керек.
Ата-анаға қызмет қылу турасында Алла Тағала көп өсиет айтты, тағы да Расул (саллалаһу ғалейкум аусаллам) да ата-ананы разы қылып, әр уақыт сөзіне қарсы тұрмай, жұмысында болған баладан Алла Тағала разы болар деп биік көп мүбарак сөздер сөйлейді…
Ата-ана Алла Тағаладан қайта-қайта сұрап, сіздерді жақсы адам болса деп үміт етіп тұрады. Ата-ананың жаны ашып сіздер үшін жан-тәнін пида қылып тұратынын біліңіздер. Енді сіздер де бұндай жақсылық қылған ата-аналарыңызға жаман мінез көрсетпей, олардың насихатын ұстап, махаббат үшін көңілмен тұрыңыз. Біздің қазақта «Мен сізден бұрын көп байпақ тоздырдым» деген сөз бар. Сонысы – «мен сізден бұрын дүниеге таныс болып, жайын білдім» деген сөз.
Жақсы адамның бір мінезі, өзіне пайдалы сөзді біреу сөйлесе, соған бойұсынып тұрады. Олай болса сіздердің ең жақын адамдарыңыз – ата-аналарыңыз. Ата-анаңыздың алдында ибалы болыңыз. Олардың сөзін жақсы ұғыңыз. Олармен сөйлескен уақытта қабат жарысып әдепсіздікпен дауыстап сөйлеспеңіз. Сұраған сөзі болса, ақырын ғана әдеппен жауап беріңіз. Ата-анаң түрегеліп тұрғанда, сіздер де отырмаңыз.
Үлкен жақсы кісі сөз сөйлегенде ойнамай тыңдап, неде болса жақсы кісі жақсы ғибратты сөз сөйлеуін, қайта түсінбегеніңіз болса, ұялмай қайта сұрап, әр нәрсенің анық түбін білуге тырысыңыз.
Тағы да атаңыз иә басқа атаңызбен бірдей адамдар сен бір жерде жүргенде кез болса, сіздер сәлем беріп, не жұмыс қосар екен деп күтіп тұрыңыз. Егер сен отырған уақытта олар келсе, сен ашық жүзбен, шаттанып түрегеп тұруыңыз көп сауап, құрметтен болады.
Тағы да ата-аналарыңыздан өзіңе керек болған нәрсені сұрағанда оңаша сұра, басқа кісілердің көзінше сұрама. Және де сұраған нәрсеңізді бермесе, қарсыласып сөйлесіп тұрмай, өз жұмысыңа кет. Неге десеңіз, олар саған не керек емес екенін біледі. Бір кісінің сұрағаныңнан аз берсе де ал, өкпелеме. Өкпелеу әдепсіздік болады.
Тағы да бір нәрсе керек болғанда атаңның жақын дос кісілерінен сұраушы болма, ол ұят болады. Неде болса атаңнан сұра.
Тағы да атаң ақша берсе, санап сақтай біліңіз. Жас кезіңізден ақшаны ысырапсыз жұмсауды біліңіз.
Тағы да ата-анаңыздың малына сүйеніп, ешбір өнер үйренбей, ешбір кәсіп қылмай, тек жалқау болып, ішіп-жеп босқа өмір өткізбеңіз. Неде болса бір пайдалы өнер іс үйренуге тырыс, жалқау, еріншек болудан сақтан. Еріншектік, жалқаулықтан жаман іс жоқ. Өзің қандай бай болсаң да, пақыр кісінің баласы сияқты өнер үйреніңіз, малың ылғи қолыңызда тұрмай, айырылып қаларсың.
Тағы да көзге көрінгеннің бәріне қызығушы болмаңыз. Аналарыңыздың жиып қойған нәрселері һәм қонақтарға арнап сақтаған тамағы болсын зиян келтіріп, рұқсатсыз алудан сақтаныңыз. Олар үйде болған уақытта не үйде жоқ уақытта болсын аз-аздан болса да жасырып жеп, жасырып алушы болмаңыз. Жасырып ала-ала ұры болып кетесің.
Тағы да өзіңізде болған бар күшіңізбен олардың ісіне жәрдем беруші болыңыз. Өздерің өсіп, ата-анаң қартайған уақытта қызметінде болып, шын ықыласпен күтуші болыңыз. Анаң сіздің кішкене уақытыңызда қанша қызмет қылып, тәрбиелеп өсірді, бір күні сіздер де ата боларсыздар, сол уақытта сізді сыйлап қызметіңізде болмаса нешік көрерсің.
Расулымыз! Бұ түрде сіздер аталарыңызға ізгілік етіңіздер, сіздерге балаларыңыз да ізгілік етер деп мүбарак жақсы сөздер сөйлеген.
Әбден жетілген соң ата-анасы бір сөз турасында сөйлесе, тек отыр деп қарсы сөйлеп, ұрысып тастайды. Ата-анасы әбден қартайған уақытында ниеті ата-анасын кәрі мұндар деп жек көріп, өзі солардан тумаған сияқтанып жүреді. Ай балалар, сіздер бұндай ата-анаға жауыз жаман мінезді баладай болмай, ата-анаңыз сізді туғызып кішкентай уақытында қандай тәрбиелеп, алақанына салып жан-тәнін пида қылып өсіргенін, үйлеріңнен шығармай, сіздер де оларды тәрбиелеп, еш қатты сөз айтып көңілдерін ауыртпай, жақсы жұмсақтықпен күтуші болыңыз. Иншалла, мақсатыңызға жетіп, бұ дүниеде де, ақыретте де ақ жүзді боларсыз.
ЕКІНШІ: БІР ТУЫСҚАНДАР
Бір туғандарыңыз – ата-аналарыңыздан соң ең жақын кісілеріңіз. Сол үшін олармен әр уақыт әдепті болыңыз. Бұлардың үлкендерін ата-анаңыздың орнында есептеңіз, не сөйлесе де төзіп, бойұсынушы болыңыздар, қатты көңілде болмаңыздар. Жасы кішілеріне әр уақытта жол басшы болыңыз. Оларды сөгіп, ұрып-соғып, қолдарында болған нәрсені тартып алмаңыздар. Бұндай істерге өкпелеп, көңілі қалар, егер де туғаныңызда жарамаған бір іс болса, жақсы сөзбен «кәне, бұндай болмаңыз» деп тыйыңыз, жақсы сөзбен түзу турасын түсіндіріп айтыңыз. Және бір-біріңізді ата-анаға жамандап сөз айтушы болмаңыздар. Әр уақытта бір-біріңізге жәрдемші, ықыласты, ашық жүзді болыңыз.
Бір балалар болады аталары үлкейгеннен соң малға бола бұзылып, туысқандарымен ұрысып, әдепсіздік іс қылып, қымбатты, жақсы ғазиз ғұмырын қор қылады. Енді сіздер өскен соң бұндай балалар сияқты болмаңыз. Бұл бек жаман қылықтан сақтаныңыздар. Әр уақытта бір-біріңмен ынтымақта болыңыздар.
ҮШІНШІ: ЖАҚЫН ТУҒАНДАР
Жақын туғандарыңызбен ата-анаңыз сияқты жақсы қарым-қатынаста болыңыз. Ауырса көңілін сұрап, керек нәрселері болса беріңіз, шамаң келгенше ізгілікті істе қарап тұрмаңыз.
ТӨРТІНШІ: ҚОҢСЫЛАР
Туғандарыңнан соң ең жақын адамдар – қоңсылар. Сол үшін олармен жақсы тату болыңдар. Жабырқау уақытында көңіл бөліп, керек нәрсесі болса беріңіз, олар үшін әрдайым дұғада болыңыз. Көршілеріңіздің әрбір ісіне неғұрлым пайда тигізуші болыңыз. Дүниеде жақсы адам болып, қияметте сауапты боларсыз.
БЕСІНШІ: ҮЙ ІШТЕРІ
Үй ішінде болған кісілермен бек тату болып, әдепті жақсы мінезді болсаңыз, шариғат ісіндегі ең жақсы іс болар.
Және де үйіңде жүрген адамдарды ренжітуші болмаңыз. Жұмысшыларыңызға бір іс айтқанда әдеппенен «сол істі істесеңіз, жақсы болар еді» деп ақырын ғана айтыңыздар. Жаман сөзбен сөгуші болмаңыз. Қорламаңыз, әр уақытта аяп, қане біздей адам болса ғой деп тұрыңыз. Үй ішінің сырларын жұрттың бәріне айтудан, һәм ақша салған жерлеріңізді білдірмеңіз. Әр істе сақ болыңыз. Өзіңіз ерте тұрыңыз. Тұрғаннан соң Алла Тағалаға шүкіршілік айтып, таһарат алып, намаз оқыңыз.
АЛТЫНШЫ:
МЕКТЕП, САБАҚ ОҚИТЫН ҮЙІ
Шай ішкен соң киімдеріңізді киіп, оқуға баруға шығыңыздар, Алла Тағала қайырлы оқу бергей, мал табуды қайырлы қылғай деп әр уақыт сұраңыз. Сабаққа барғанда ойнама, көзге көрінген нәрсеге қарап тұрма, жолыққан балаларға жолда сөйлесіп тұрма, сабақ оқитын уақыттан кеш қалма. Үйге келген соң ақырын әдеппен киімдеріңді шешіп, бір жерді белгілеп жинап қой. Өзіңнің күндегі орныңа әдеппен отыр, жан-жаққа қарамай, бұрылмай, алдыңа қарап отыр. Кіріп-шыққанда молданың рұқсатымен ақырын әдеппен шығып, кір. Отырған жеріңе қақырып, түкіріп, сіңбіріп, жаман болып отырма, әдепсіздік болады. Қол-аяғыңды қозғалтпай, сықырлатпай отыр. Молдаларың сөз сұрағанда қорықпай, жүрексінбей жауап бер. Молдаларыңның айтқан сөзін орнына келтір. Жатта десе, жаз десе, қай кітапты оқуға қосса да, бек шын көңілдеріңмен жақсы көріп, дұрыстап оқысаңыздар, ИншаАлла, қайырлы ілім алып, оқыған-тоқыған молда болыңыздар. Әр ісіңізде әдеппен болуға тырысыңыз. Сияларыңды төгіп, бет-ауызыңызды былғап жүрмеңіздер. Үйіңізге яки кітаптарыңызға ия басқа жерлерге болсын жазып жүрмеңіздер, бұл әдепсіздік болады. Сабақтан қайтқанда ата-анаңызға сәлем беріп, кітаптарыңызды белгілі орынға қойып, тамақтарыңды ішіп-жеген соң ойнауға көңілдерің соқса ойнаңдар. Бірақ әдепті балалармен ойнаңдар, жаман әдепсіз, тәртіпсіз балалармен ойнамаңыз. Ол жаман сөз сөйлесе, сіз де үйреніп сөйлесеңіз, ол әдепсіздік болады. Сабаққа кешікпей барыңыздар. Онда-мұнда жұмсаса соған алданып, сабақтан қалушы болмаңыздар, қалайда болса сабақтан қалмауға тырысыңыз. Сабақ оқуда мұрат иман болып, тәрбиелі жақсы адам болуды ойдан шығармаңыз.
Бір адам «не үшін сабаққа барасың, неге оқисыңдар?» деп сұраса, «Алла Тағаланың бұйрығын орнына келтіру үшін, ата-анама дұғашы болмақ, туғандарыма, жақын мұсылмандарға пайдалы кісі болу үшін» деп жауап айтсаңыздар жетіп тұрар. Ақылды болсаңдар болды. Айына бір кітаптан шығып, екінші кітапқа түсіңіздер. Оқыған ескі кітаптарыңызды аяқасты етіп, жерге тастап жүруден сақтаныңыздар. Әр уақытта алды-арт сабақтарыңызға уақыт жұмсаушы болсаңыздар, жақсы, ақылды, әдепті болыңыздар.
Кирилл қарпіне аударған
Жұмабай БАЙЗАҚҰЛЫ
(Басы, жалғасы келесі сандарда)










