Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№69 газет

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 газет

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 газет

05 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » «Ақ әжелер» – туған ауылға арналған тағылымды тарту

«Ақ әжелер» – туған ауылға арналған тағылымды тарту

Нағи Ілиясов ауылының 60 жылдық мерейтойы – елді мекеннің өткені мен бүгінін сабақтастырып, туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілікті айшықтайтын айтулы белес. Мерейтой аясында ауылдың мәдени тынысын қалыптастырып жүрген шығармашылық өкілдері де өздерінің жүрекжарды тартуларын ұсынуда. Осындай тағылымды туындының бірі – Нағи Ілиясов ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Жанат Шайзадаеваның арнайы мерейтойға арнап жазған «Ақ әжелер» әні.

Сазгердің айтуынша, әннің дүниеге келуіне ауылдағы ақ жаулықты әжелердің өнегесі, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі орны және туған жердің 60 жылдық тарихы арқау болған.
– Ақ әжелер бейнесі – халқымыздың салт-дәстүрін, ұлттық тәрбиесін, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттілікті бойына сіңірген ұрпақтың рухани шамшырағы. Нағи Ілиясов ауылының 60 жылдығына арналған әнде осы құндылықтарды туған жерге деген ыстық ықыласпен ұштастыруға тырыс­тым. Ән арқылы ауылымыздың өткені мен бүгінін, елдің бірлігін, еңбек адамдарының өнегесін және ақ әжелердің ақ батасын жеткізгім келді. Бұл – туған ауылға деген шынайы көңілден туған шығармашылық тартуым, – дейді Жанат Шайзадаева.
Шығармада ақ әжелердің батасы мен тәрбиесі, ауылдың қалыптасу тарихы, елдің берекесі мен бірлігі, еңбекпен жеткен жетістіктері кеңінен жырланады. Әсіресе «Ақ әжелер» ұғымы арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ата-баба аманатын кейінгі ұрпаққа жеткізу идеясы көрініс тапқан.
Нағи Ілиясов ауылының 60 жылдық мерейтойына осындай жүрекжарды туындысын тарту еткен Жанат Шайзадаеваның шығармашылығы туған жердің рухани өмірін байытып, ауыл тарихын өнер арқылы ұлықтауға өзіндік үлес қосып отыр.
Ендеше, туған ауылға деген ақ тілектен, ақ әжелердің ақ батасынан өрілген «Ақ әжелер» әнін назарларыңызға ұсынамыз.

«Ақ әжелер» әні

Ақ әжелер жанып тұрған шамшырақ,
Нағи ауыл нұрға бөлеп жан шуақ.
Алпыс жылдық мерейтойын қарсы алып,
Шаттық әнін шырқайықшы жарқырап.

Ақ әжелер ақ батасын төгеді,
Берекелі ел бірлігін көреді.
Тамыры терең тарихыңмен мақтанып,
Жасай берші, туған ауыл, төр елі!

Қайырмасы:
Армысыңдар, ауылым,
Алпыс жылдық даңқың мың.
Нағи Ілиясов төрінде,
Шырқалады ән-жырым.

Еңбекпенен еңсең тік,
Бірлігіңнен көркемдік.
Ұрпақтарға үлгі боп,
Жасай берші мәңгілік.

Ақ әжелер әніміз,
Тәрбиенің нәріміз.
Туған жерді ардақтап,
Әнмен шашар сәніміз.

Ақ әжелер сақтап келген салтты аман,
Өсиеті жетелейді әрқашан.
Нағи ауыл өсіп-өніп жайқалған,
Берекелі құт мекенім, бақ тұрақ.

Алпыс жылдық асуларың артта тұр,
Жетістігің ел жүрегін шат қылар.
Ата-баба аманатын арқалап,
Болашағың биіктерден жарқырар!
Қайырмасы:

Б.ҚАРАМАНТЕГІ
Фото: ашық дереккөзден
12 қыркүйек 2026 ж. 77 0