Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәкен Сейфуллин ауылының 50 жылдық мерейтойы атап өтті

Сәкен Сейфуллин ауылының 50 жылдық мерейтойы атап өтті

Сырдария ауданының Сәкен Сейфуллин ауылында елді мекеннің 50 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға аудан әкімі Сәрменбаев Берік Әбдіғаппарұлы, ауылдың ардагерлері, құрметті азаматтар, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Іс-шараның басында аудан әкімі ауыл тұрғындарын айтулы мерейлі мерекемен құттықтап, елді мекеннің дамуы мен өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдіріп, бірқатар тұрғындарды аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.

Бүгінде келбеті жаңарған Сәкен Сейфуллин ауылының тарихы өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастау алады. «1 Май» мен «Құндызды» колхоздарының негізінде іргетасы қаланып, кейіннен «Ленин», «Партияның 21 съезі» колхозд
арына біріктіріліп, осыдан жарты ғасыр бұрын өз алдына совхоз болып құрылған.

Қасиетті топырақтан батырлар мен билер, ақын-жазушылар мен елге танымал тұлғалар шыққан. Олардың өмір жолы мен өнегелі еңбегі кейінгі ұрпаққа үлгі болып келеді.

Тәуелсіздік жылдарында ауыл әкімдігі ғимараты, 150 орындық мәдениет үйі, балабақша, дәрігерлік амбулатория және өзге де әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ауылдың жаңа келбеті қалыптасты. Инфрақұрылым жаңартылып, көшелер абаттандырылып, тұрғындардың өмір сапасы арта түсті.

Мерейтой аясында Сыр өңірінің белгілі ақындарының қатысуымен айтыс ұйымдастырылып, ел мен жердің рухын асқақтатқан ерекше мәдени шара өтті. Айтыс барысында ақындар ауылдың өткені мен бүгіні, еңбек адамдарының ерен еңбегі, бірлік пен татулықтың маңызы жайлы жыр арқау етті. Әсем сөз өрнегімен өрілген жыр додасы көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, аймақтық мәдени өмірдің жарқын сәтіне айналды.

Сонымен қатар, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық өмірдің өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетіліп, ауыл ардагерлері мен белсенді тұрғындарға арнайы марапаттар табысталды. Ардагерлерге ізет көрсетіліп, жас буынға өнегелі сөздер айтылды.

Салтанатты жиын соңында ауыл өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды.

02 қараша 2025 ж. 1 030 0