Жылқының «су-ауруы»: сақтық шаралары күшейтілді
Жылқы – қазақтың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан төрт түліктің бірі. Сондықтан жылқы басындағы кез келген аурудың алдын алу – мал иесімен қатар, тұтас ауыл шаруашылығы үшін маңызды мәселе. Әсіресе жаздың соңы мен күзге салымда көптеген қан сорғыш жәндіктің белсенділігі артып, жылқы арасында бірқатар паразиттік аурудың таралу қаупі күшейеді. Оның қатарында – халық арасында «су-ауру», кей өңірде «қараауру» деп аталатын трипанасомоз бар. Ауруды жылқының қанында паразиттік тіршілік ететін Trypanosoma evansi қоздырғышы туындатады. Негізінен қан сорғыш жәндік арқылы таралатын бұл дерт уақытылы анықталып, тиісті ем жүргізілмеген жағдайда малдың әлсіреуіне, арықтауына және ауыр жағдайларда өлім-жітімге әкелуі мүмкін. Бұл ретте, аудандағы ахуалдың қай деңгейде екенін білу мақсатында жергілікті сала мамандарына жүгіндік. Қазіргі таңда аудан көлемінде жылқы арасында аталған ауруға байланысты ветеринариялық бақылау күшейтілген. Алдын ала мәлімет бойынша, 4 бас жылқыдан ауру белгілері байқалып, тексеру жүргізілген. Аудан бойынша басқа малдарды бақылау барысында да күмәнді жағдай анықталған. Аталған жағдай мал иелеріне сақтықты күшейтіп, төрт түліктің жағдайына немқұрайлы қарамаудың маңызын көрсетеді.
Аудандық аумақтық инспекция басшысы Ғалымжан Садықов аурудың алдын алуда ең бастысы – ветеринариялық талаптарды сақтау және малды дер кезінде тексеруден өткізу екенін атап өтті.
– Жылқы арасында трипанасомоздың таралуына қан сорғыш жәндіктің әсері жоғары. Сондықтан аурудың алдын алу үшін ең алдымен малды тұрақты бақылауда ұстап, күмәнді белгі байқалған жағдайда ветеринариялық маманға жедел хабарлау қажет. Ауданда анықталған жағдайға байланысты ветеринариялық қызмет тарапынан бақылау және тиісті диагностикалық жұмыс жүргізілуде. Өзге жылқыларды да тексеру кезінде күмәнді белгілер анықталса, оларды оқшаулап, зертханалық тексеруге жолдау маңызды, – дейді Ғалымжан Садықов.
Трипанасомоздың белгілері бірден айқын байқалмауы мүмкін. Дегенмен мал иелері жылқының денсаулығындағы кез келген өзгеріске мұқият болғаны жөн. Ауру кезінде жылқының дене қызуы көтеріліп, кейін қайта төмендеуі, жем-шөпке тәбетінің төмендеуі, әлсіздік пен жүдеу байқалуы мүмкін. Көз бен ауыздың кілегей қабығының бозаруы немесе сарғаюы, дененің төменгі бөлігінде, сауыр, шап және аяқ маңында ауырсынусыз ісіктердің пайда болуы да ауру белгілерінің қатарында.
Дерт асқынған жағдайда жылқының артқы аяғы әлсіреп, жүрісі өзгеруі, теңселу, жүйке жүйесінің қызметі бұзылуы, шайнау және жұту рефлекстерінің төмендеуі секілді белгі байқалуы ықтимал.
Мұндай белгілердің кез келгені анықталса, малды басқа жылқылардан оқшаулап, дереу ветеринариялық маманға хабарлау қажет. Аурудың алдын алудағы негізгі бағыттардың бірі – қан сорғыш жәндіктермен күресу. Жайылымдағы жылқыларды сона, маса, бөгелек секілді жәндіктен қорғау үшін ветеринариялық талапқа сәйкес, репелленттік және дезинсекциялық препаратты қолдану маңызды.
Бұл ретте, ветеринариялық маманның ұсынымына сәйкес қан паразиттеріне қарсы профилактикалық іс-шара жүргізіледі. Бұл ретте азидин, неозидин, трипаджект секілді препаратты өз бетінше қолданбай, олардың түрі мен мөлшерін ветеринариялық маманмен нақтылау қажет. Көктем күз айларында аталған препараттармен тұрақты түрде өңдеп отыру керек. Мал иесі үшін тағы бір маңызды жайт – трипанасомоз адам мен жануарға ортақ аса қауіпті ауру қатарына жатпайды.
Ең бастысы – өз бетінше ем жүргізуге асықпау. Белгілі бір препаратты ветеринариялық кеңессіз қолдану аурудың нақты диагнозын анықтауға кедергі келтіруі немесе малдың жағдайын қиындатуы мүмкін.
Жаздың ыстығы басылып, күзгі кезеңге аяқ басқан тұста қан сорғыш жәндіктердің таралу ерекшелігіне байланысты жылқы малына деген бақылауды әлсіретуге болмайды. Төрт түліктің амандығы – ауылдағы ағайынның тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылығының тұрақтылығының бір кепілі.
Б.АЯБЕКҰЛЫ










