Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Н.Ілиясов ауылының 60 жылдық мерейтойы аталып өтілуде

Н.Ілиясов ауылының 60 жылдық мерейтойы аталып өтілуде

Бүгін Нағи Ілиясов ауылының құрылғанына 60 жыл толуына орай ауылдың тарихын, елді мекеннің тыныс-тіршілігін, еңбек адамдарының өнегелі жолын және рухани-мәдени құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Құтты мекеннің көрікті келбеті» атты көрме өтуде. Салтанатты шараға облыс әкімінің кеңесшісі Руслан Рүстемов, аудан әкімі Берік Сәрменбаев, алыс-жақыннан келген зиялы қауым өкілдері мен құрметті меймандар, еңбек және тыл ардагерлері, ауыл ақсақалдары мен аудан тұрғындары қатысты.

Көрме барысында ауылдың өткені мен бүгінін сабақтастыратын фото-көрме ұсынылып, елді мекеннің қалыптасу кезеңдері, әлеуметтік-экономикалық дамуы және ауыл өміріндегі айтулы сәттер фотосуреттер арқылы көпшілік назарына ұсынылды.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының еңбегін дәріптейтін ауыл шаруашылығы көрмесі ұйымдастырылып, туған жердің берекелі тіршілігі мен еңбек нәтижелері таныстырылды. Қолөнер шеберлерінің ұлттық нақыштағы бұйымдары да көрменің мазмұнын толықтырып, халқымыздың дәстүрлі өнері мен шеберлік мектебін көрсетті.

Ауылдан шыққан елге белгілі азаматтар мен еңбек адамдарының өмір жолы мен өнегесін насихаттау мақсатында кітап көрмесі қойылды. Көрме арқылы туған өлкенің тарихында өзіндік із қалдырған тұлғалардың есімі ұлықталып, олардың ел дамуына қосқан үлесі кеңінен таныстырылды.

Мерекелік шара аясында «Құрақтың Досжаны» атындағы халық-ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, ұлттық музыканың құдіретін дәріптеген тағылымды концерттік бағдарлама ұсынды.

Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі

08 қыркүйек 2026 ж. 101 0