Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№69 газет

12 қыркүйек 2026 ж.

№68 газет

08 қыркүйек 2026 ж.

№67 газет

05 қыркүйек 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
» » Отбасы – өмірдің берік тірегі

Отбасы – өмірдің берік тірегі

Елімізде дәстүрлі түрде қыркүйек айының екінші жексенбісінде Халықаралық отбасы күні аталып өтіледі. Отбасы – адамзат үшін ең қастерлі құндылықтардың бірі. Өйткені әрбір шаңырақтың берекесі мен бірлігі – қоғамның тұрақтылығы мен елдің болашағының негізі. Әсіресе дүниеге сәби келіп, отбасы қуанышқа кенелген сәт – адам өміріндегі ең ерекше әрі есте қаларлық сәттің бірі.

Осы айтулы мереке қарсаңында Сырдария аудандық әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен аудандық ауруханаға қарасты «Перзентхана» бөлімшесінде тағылымды іс-шара өтті. Мерекелік іс-шараның басты мақсаты – отбасы құндылығын дәріптеу, ана мен балаға деген қамқорлықты арттыру, сондай-ақ ақ халатты абзал жандардың еңбегін насихаттау.

Өз кезегінде аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Есентұрқызы, әжелер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева, ардагер-ұстаз Ұлболсын Бекмағанбетова, Тереңөзек кенті әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлмира Байдушева, Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Жанар Жұмабаева және емдеу ісі жөніндегі орынбасары Қанат Медетбаев, акушер-гинеколог Сандуғаш Құламетова қатысып, ана мен сәбидің қуанышына ортақтасты.

Мереке қарсаңында алтыншы сәбиін дүниеге әкелген көпбалалы ана Жадыра Елмұратованың шаңырағына ерекше қуаныш сыйланды. Аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Есентұрқызы анаға арнайы сыйлық табыстап, ақжарма тілегін жеткізді.

Тағылымды іс-шара барысында әжелер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева ана мен сәбиге ізгі тілегін білдіріп, ана болудың ұлылығына тоқталды.

– Балапанның бауы берік болсын. Үлкен азаматша болып өссін. Жанұяларыңыз жақсылық пен шаттыққа толсын. Ана болу – әлемдегі ең ұлы әрі жауапты міндет. Ана мен баланың денсаулығы – баршамыз үшін маңызды. Бұл ретте, дәрігерлердің еңбегі айрықша. Осындай ақ халатты абзал жандардың тынымсыз еңбегінің арқасында отбасылардың қуанышы еселеніп, оттың басына тағы бір жан қосылып жатыр. Барлық отбасына осындай қуаныш жұғысты болсын, – деп ақжарма тілегін арнады.

Ардагер ана Ұлболсын Бекмағанбетова да жас анаға ақ батасын беріп, сәбиінің ғұмыры ұзақ, дені сау, елінің елеулі азаматы болуына тілектестік білдірді. Ал аудандық аурухананың бас дәрігері Жанар Жұмабаева ана мен бала денсаулығын қорғау – медицина саласындағы ең маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.

– Дүниеге келген әрбір сәби – отбасы үшін үлкен қуаныш. Ана мен баланың амандығы – біздің басты назарымызда. Перзентхана бөлімшесінде қызмет ететін әрбір маман өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Себебі мұнда адам өміріндегі ең маңызды сәттердің бірі – жаңа өмірдің дүниеге келуі орын алады. Біз үшін әр ананың дені сау болып, сәбиін аман-есен қолына алуы – ең үлкен марапат. Осындай қуанышты сәттерде аналарға қолдау көрсетіп, жылы лебізімізді білдірудің өзі үлкен мәнге ие. Отбасы – қоғамның негізгі тірегі. Сондықтан отбасылардың берекесі артып, әр шаңырақта сәбидің күлкісі үзілмесін, – деді Жанар Жұмабаева.

Мерекелік іс-шарада көпбалалы ана Жадыра Елмұратова да өз қуанышымен бөлісіп, ақжолтай тілектерін арнаған жандарға алғысын білдірді.

– Отбасы күні мерекесінде бізге осындай қуаныш болып келді. Жақындарымыз көптен күткен еді кенжемізді. Аллаға шүкір, алты бөпемді дүниеге аман-есен әкелдім. Дәрігерлер де жақсы қарап жатыр. Барлық құттықтап келген жандарға алғысымды білдіремін. Акушер-гинеколог Марал Ноғайбекова мен акушер Жанат Қалымбетоваға ри­за­­шылығымды айтамын. Жақсылық­тарыңыз өздеріңізге еселеп қайтсын, – деді көпбалалы ана.

Ана мен балаға жасалған қамқорлық – қоғамның ізгілігін көрсететін маңызды өлшем. Әсіресе осындай айтулы күндері көпбалалы отбасыларға қолдау білдіріп, олардың қуанышына ортақтасу – үлкен өнеге.

Берекелі отбасы – берік мемлекеттің негізі. Әр шаңырақта сыйластық пен сүйіспеншілік, өзара түсіністік пен қамқорлық орнаса, қоғам да кемелдене түседі. Сондықтан отбасы құндылықтарын дәріптеу – баршаға ортақ міндет. Әр үйдің төрінде баланың күлкісі естіліп, әр ана сәбиінің қызығын көрсін!

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
12 қыркүйек 2026 ж. 83 0