Ұлттың ұйытқысы болған ұлық күн
Бірнеше жыл бұрын ұлт ұясы Ұлытауда ел тағдыры таразыға түсіп, тарихта ойып тұрып орын алар елеулі мәселелер қайта қаралған еді. Сонда ұсынылған маңызды мәселенің бірі – елдің еңселі мерекесіне айналған Республика күнін ұлттық мереке ретінде атап өту болды. Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды дата – жай мереке емес, ата-бабамыздың азаттық үшін күрескен жылдарының жемісі деу орынды.Республика күні – тарихымызда алтын әріппен жазылған ұлы мереке. Егемендігіміз – үлкен күреспен, халқымыздың ерік-жігерінің арқасында қол жеткізген құтты мереке. Биылғы атаулы күн «Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларациясы» қабылданғанына 35 жыл толуымен де ерекшеленіп отыр. Бұл – халқымыздың ғасырлар бойғы арман-тілегі тоғысқан маңызды құжат еді.
«Қазақстанның тарихи таңдауын айқындаған Егемендік декларациясы – елдігіміздің берік тұғыры. Онда мемлекетіміздің аумақтық тұтастығының мызғымастығы, халқымыздың жалпыұлттық бірегейлігін нығайтуға ұмтылысы және азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілетіндігі нақты көрініс тапқан. Осы басты қағидаттар Конституциямызда, заңдарда және Қазақстанның стратегиялық бағыт-бағдарын белгілейтін басқа да құжаттарда көрсетілген» деді Мемлекет басшысы Тәуелсіздікке жол ашқан құжат хақында.
Егемендікті нақты іспен бекітер кезде Конституциямызды, Елтаңбамызды, Туымыз бен Әнұранымызды қабылдадық. Ұлттық валютамыз айналымға еніп, рухымыз биіктей түскені және бар. Мемлекеттік шекарамыздың шегенделуі тарихи құжатты бекіткен негізгі фактор болды.
Атаулы күннің негізі 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияның қабылдануымен тікелей байланысты. Онда аумақтардың тұтастығы, бөлінбейтіні және мызғымастығы, Қазақстан халықтары мен олардың тілдерінің мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мемлекеттік қағидалары бекітілді. Сондай-ақ құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу принципі жарияланды. Қазақ КСР өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент ел басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Дәл осы Декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды тоқтатып, өз заңдарымызды жасай бастаған едік. Осы қағидаттардың негізінде кейін 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданған. Бұл құжат мемлекеттің егемендік алуы жолында жасалған алғашқы қадамы еді. Сол себептен де қазақстандықтар үшін бұл күннің мәні де, маңызы да биік. Республика күні Қазақстанда 1992 жылдан бері тойланып келе жатқанымен, 2001 жылы ғана мемлекеттік мерекелер тізіміне енген еді. Бірақ 2009 жылы «Мерекелер туралы» жаңа заңда бұл күн атаулы күн ретінде белгіленбеді.
«Мемлекеттік егемендік туралы декларация еліміз үшін аса жауапты 1990 жылдың 25 қазанында қабылданды. Мен – сол оқиғаның куәгерімін. Ол уақытта Жоғарғы кеңесте 360 депутат болды. Оның ішінде 53 пайызы ғана жергілікті ұлттан еді. Декларация мәтінін талқылау мен қабылдау кезіндегі пікірталастар күні бүгінгідей көз алдымда. Өте қызу талас-тартыс жүрді. Егемендікке қарсы кейбір депутаттар арасында «Біз одақтан айырылмайық, Ресеймен бірге болуымыз керек» деп тұрып алғандары да бар. Олардың бұл пікірі мен талабы қоғам дамуына қайшы екені бірден байқалды. Өйткені Ресейдің өзі бізден бұрын мемлекеттік егемендігін жариялап, Михаил Горбачев отырған Кремльге бағынбай, бөлініп кеткен. Сонда біз қалайша Ресеймен бірге болуымыз керек? Артынан жүгіруіміз керек пе еді? Декларацияның қабылдануы үшін кемінде 75 пайыз дауыс жинау қажет еді. Сол құжатты дайындап, егемендік мәселесін алғаш көтергендер қатарында Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Ғайрат Сапарғалиев секілді мүйізі қарағайдай мықты академиктер, заңгерлер болды. Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза секілді елге танымал қаламгер депутаттар мінберден елдіктің сөзін сөйлеп, ақыры басым дауыспен декларацияны қабылдадық. Сол тарихи сәттегі көптің көңілін толқытқан қуаныш пен эмоция жадымда тұр. Кейбірі көзіне жас алып та жатты. Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған азаттыққа қарай біз 1990 жылдың 25 қазанында зор қадам жасадық. Өйткені оның ар жағында тәуелсіздік те қол созым жерде тұрған еді. Патриоттық сезім кеудені кернеді. «Ешкімге жалтақтамайтын, біреудің қас-қабағына қарамай өз-өзімізді басқаратын егемен ел болдық» деп қуанышымыз қойнымызға сыймады» деп жазады аталған сәттің куәгері, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімұлы.
Бүгінде егемендіктің жарқын үлгісі ретінде еліміз өсіп-өркендеу жолында. Сыр елі айшықты нысандарымен, жаңғырып-жасаруымен республика көлемінде биік мәртебеге ие болып келеді. Атаулы дата Сыр елінде, біздің ауданда да лайықты түрде атап өтілуде. 25 қазан – ел тарихындағы орны айрықша күн. Тәуелсіздікті жариялау елін сүйген, елдің ертеңін ойлаған марғасқа ұлдардың жұдырықтай жұмылуымен жүзеге асты. Міне, одан бері арада 35 жыл өтті. Егемендік – еліміз үшін ең қастерлі мереке. Ұлық күннің ұлағаты – ұрпаққа аманат.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: ашық дереккөз








